Алтын Орда ханы Ұлық Мұхамедтің Осман сұлтанына сәлемі

Газет мақаласы "Айқын" газеті №136

Ұлытау сапарында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жошы ханға қатысты мәселе көтергенде елде қуанбаған жан қалмаған сыңайлы. Бұл бір жағынан, кешегі тарихи бұрмалаулар қайта қалпына келтіріліп, мемлекет тарихының елеулі кезеңдері әлі түбегейлі зерттелмегенінен де болар. Ең бастысы, көне тарихты білуге, бабаларға құрмет қылуға, олардың бойындағы бекзат болмысты қайта жаңғыртуға, солардай болуға деген ынтызарлық қанымызда тулап жатқандай. Бүгінгі қазақ мемлекеті – Алтын Орданың тікелей мұрагері. Татар, ноғай, башқұрт халықтары да өзіміз секілді тең атаның ұрпағы. Яғни, мұрагерлік – бәрімізге ортақ, біздікі, оныкі деп таласу – білімсіздік.

Алтын Орда ханы Ұлық Мұхамедтің Осман сұлтанына сәлемі

Түркияның кітапхана­ла­рында зерттеумен айналысып жүргенімде Алтын Ордаға қатысты деректер қолыма тиді. Ең бірінші Алтын Орда би­­леушісі Ахмет ханның Русь кня­зі ІІІ Иванға жолдаған жар­­­лығына көзім түсті. Дег­­­бір­сізденіп, дереу оқи бас­та­дым. Сонда: «...Ахметтің Иван­ға сөзі. Әлемнің (жердің) төрт бұрышынан (шетінен), 12 (он екі) теңізінен, 17 (он жеті) ордасынан, Ұлы Ордадан» деп бастапты. Ал, елестетіп көр, мем­лекеттің аумағын. «Он жеті орда» дегені Алтын Орда құрамындағы кіші хандықтар болса керек. «Ұлы Орда» болса, солардың басын біріктіріп, әмір жүргізіп отырған жоғар­ғы билік емес пе?!

Жарлықта Русь князі ІІІ Иван­ның Алтын Ордаға тө­лей­тін салығы, оның мөлшері мен уақыты және екі ел ара­сын­дағы қарым-қатынас сөз болыпты. Зерттеушілердің айтуынша, жарлық әуелде Алтын Орданың мемлекеттік тілінде жазылғанымен бүгінге дейін оның орысша аудармасы ғана жетіпті. Қазіргі уақытта Мәскеудің мемлекеттік та­ри­хи музейінде сақтаулы тұр екен. Жарлықтың та­ри­хи мәні туралы орыс та­рих­­шы­лары К.Базилевич (1948), А.Григорьев (1987), А.Гор­ский (2000), Р.Почекаев (2015), америкалық тарихшы Е.Кее­нан (1969) және түрік тарих­шы­лары И.Кемалоглу (2009) мен М.Өзиетгин (2017) секілді ғалымдар зерттеген.

Қолыма алып көргенім – сол аударманың көшірмесі. Кирилл әріптерімен жазылған жар­лықты ұстап тұрып, «шір­кін-ай, түпнұсқасы сақ­тал­ғанда ғой. Бабамның жазған хатын көзбен көріп, ежіктеп болса да оқыр едім» деген арман өкінішпен араласып, ішімді удай ашытты. Сөйтіп тұрғанда, екінші жазба еріксіз назарымды аударды. Ол – Ұлық Мұхамед ханның 1428 жыл­дың 14 наурызында Ос­ман империясының сұл­та­ны ІІ Мұратқа жолдаған хаты екен. Міне, көрдім де, еріксіз тол­қыдым. Араб әрпімен жа­зы­лып, бес жерге мөрі ба­сыл­ған. Жазу өрнегі де сұлу. Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу бі­лі­гінде» ханның жанында сө­зін жазып отыратын хат­шысы болатынын, оның «бі­тік­­ші» немесе «ылымға» деп аталатынын оқығанмын. Ке­нет көз алдыма ханның мына сөздерді айтып жатқаны, оны хатшының жазып отырғаны елестеді.

Ұлық Мұхамедтің хат жолдап отырған Осман жұр­ты да бізге алыс емес, осы топырақтан қоныс аударған түбі бір туыс ағайын ғой. Әй­гі­лі Доспанбет жыраудың

«Азау, Азау дегенің,

Әл-Ғұсман-паша жұрты екен,

Діни исламның кірті екен» деп жырлайтыны бар емес пе?! Сөйткен Осман жұр­­тына Ұлық Мұхамед бы­лай депті:

«Хақ Тағаланың жа­рыл­қауы, Мұхаммед пай­ғам­бар­дың мұғжиза­лары­мен! Мұха­мед­тен Гази Мұрадқа сәлем!

Бұрынғы хан ағаларымыз бен сіздің Рум өлкесін билеген аталарыңыз, ағаларыңызбен өзара елші, хабаршы жіберіп, сый-сияпат, сәлем алысып, әрі-бері ортақ саудагерлер жү­­ріп, жақсы барыс-келіс жа­сайтын едік. Кейін хан аға­мыз Тоқтамыс хан сіздің Ұлық бабаңыз Гази Баязид бек­пен бұрынғы жақсы жосынға (дәс­түрге) сай елші, хабаршы жіберіп сәлем жолдап, сый-сияпат алысып, екеуі де дос­­тық, жақсылық үстінде жү­ріп Тә­ңірінің рақымына қауыш­ты.

Енді Хақ Тағала жарылқап бұрынғы хан ағаларымыздың ұлық орнын (тағын) беріп тұр­ғанда өзара таласып қал­дық. Соңғы замандарда мүм­кіндік туып, тақ Барақ­тың қолына тиіп еді. Бұрнағы жылы Құ­дай­дың жарылқауымен әс­кер­мен барып, Барақ пен Мансұр қудық. Тақты, билікті Тәңір бізге берді. Олар да өз елдерін алып қашып кетті. Бір-екі жыл Өзенде қыстаймыз деп көшіп келіп жүрміз. Кейін сізге кісі жолдасақ, хабаршыны өткізбейді деп жібермедік. Содан соң сізден су жолымен кісі келетінін білдік, амал қанша келмеді. Сіздің жақсы атыңызды, аман-есеніңізді Хажы Ибадтан білдік... Енді... екеумізге бір ғасырда дәулет бұйырғанда біз тағы Тәңірінің жәрдемімен бұрынғы жақсы­ла­рымыздың жосынына (дәс­тү­ріне) сай жақсы барыс-келіс жасап, арамызда елші, хабаршы, сәлем жолдап, сый-сияпатымыз ұласып, ортақ саудагерлеріміз келіп-кетіп жүрсе, «тән кетер, мәңгілікке абырой қалар» деген жақсы атқа жарасатыны осы болмай ма?! Олай болса, арамыздағы бір бөлік кәуірді кетіруге қандай іс жасау керек болса, соны жасайын. Қара жолмен және сумен ортақ саудагерлер келіп-кетіп, жарлы міскін тіршілігін қылсын. Соңыра сіздің аман-есеніңізді көріп келсін деп Хажы Ибадтан хат және сәлем жолдадық.

Бізді жақыннан көрмек үшін кісі жолдасаңыз да өзіңіз бі­лерсіз деп хат және сәлем жол­дадық. Мешін жылы, Орда өзені жағасында жазылды. Жылдың Жәмәзиәууәл айы­ның жиырма жетінші кү­нін­де».

Хатты оқып отырғанда, әуелде екі елдің арасы жақсы болып, кейін алшақтағаны аң­ғарылады. Қарым-қаты­нас­­тың үзілуінің бір себебі, Ал­тын Ордада орын алған тақ­қа талас болса, екіншісі Ақ­­сақ Темірдің Алтын Орда мен Осман империясына жа­­­­са­ған жорықтары еді. Қа­лай болғанда да, Ұлық Мұ­ха­­мед бұрынғы жосынды жал­ғап, екі ел арасындағы бай­ланысты нығайтқысы ке­летіні байқалады. 19 қатар­дан тұратын жазуы бар хат­ты оқып отырып, сол та­ри­хи сәттердің ортасында жүргендей күй кештім. Бұл хаттың тағы бір ерекшелігі, бес жеріне төрт бұрышты етіп, Ұлық Мұхамедтің мөрінің басылуы. Мөрдегі жазу тіпті қатты ойландырды. Онда былай дейді:

«Лә иләһә иллаллаһ Мухам­мад расул Аллаһ

Мән адале мелеке уа мән залеме хелеке

Ас-султан әл-әділ
Мұхам­мед хан».

Тарихи маңызы зор бұл хаттың түпнұсқасы бүгінде Стамбұлдағы Топкапы сарайы музейінің архивінде сақтаулы. Қо­лыма алып көргенім – со­ның көшірмесі. Көнеден жет­кен баға жетпес жәдігердің мә­ні хақында бірқатар зерттеу жүр­гізіліпті. Атап айтқанда, тү­рік ғалымдары А.Курат (1937, 1940), Т.Халаси-Кун (1949), М.Өзиетгин (1996, 2017) және ресей ғалымдары Т.Сул­танов, (1973, 1975), И.Зай­цев (2002), Л.Абзалов (2013).


Алғашқы жолы көз қарақты кісіге мұсылманша кәлима шәһәдат екені бел­­гілі. Екінші жолдың қазақ­ша­сы «Кім әділ болса, би­лік жүргізеді. Кім зұлым бол­са, жоқ болады» дегенге келеді. Биліктің ғана емес, өмірдің бар мәні, бұлжымас заңдылығы осы бір ауыз сөзге сыйып тұрғандай. Сірә, бұл «аш халықты тоқ қылам, аз халықты көп қылам» деп күн­діз отырмаған, түн ұйық­та­­маған Күлтегін, Тоны­көк, Білге Қағандардан, ту­ра­лығымен тарихқа енген Алып Ер Тоңғадан, Жүсіп Ба­­ласағұнның «Құтадғу білі­гін­де» әділдігімен аты атал­ған Бұғра хандардан қалған дәстүр, өмірлік пайым болса керек. Ғасырлар бойы әбден тәжірибеден өтіп, жүрек түк­пі­рінен шыққан сөз секіл­ді. Сондықтан болар, терең ой­­ландырды. Үшінші жолда «Әділ сұлтан Мұхамед хан» деп­ті.

Тарихи маңызы зор бұл хаттың түпнұсқасы бүгінде Стамбұлдағы Топкапы сарайы музейінің архивінде сақтаулы. Қо­лыма алып көргенім – со­ның көшірмесі. Көнеден жет­кен баға жетпес жәдігердің мә­ні хақында бірқатар зерттеу жүр­гізіліпті. Атап айтқанда, тү­рік ғалымдары А.Курат (1937, 1940), Т.Халаси-Кун (1949), М.Өзиетгин (1996, 2017) және ресей ғалымдары Т.Сул­танов, (1973, 1975), И.Зай­цев (2002), Л.Абзалов (2013).

Әсілінде, Алтын Орда «ағаш қазан» секілді бір қай­нап, жоқ болған мемлекет емес қой. Ол өзіне дейінгі ежел­гі сақ, ғұн, Көктүрік, Қа­рахан қағанаттарының заң­ды жалғасы. Шыңғыс хан құрған империямен бі­рі­­­гіп, қайта енші алып шық­қан мемлекет емес пе?! Бү­гін­гі Қазақ мемлекеті де осы­лардың заңды мұрагері екеніне ешкім­нің дауы болмас. Демек, бұл хаттың бүгінгі қазақ мем­ле­ке­тінің тарихында алар орны ерекше.

 

Бекарыс НҰРИМАН,
ғалым