«Қорқыт ата» кітабының үшінші нұсқасы табылды

«Қорқыт ата» кітабының жаңа жазбасы Иран жерінен табылды. Сыр өңірінде өткен түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы дала сазы» өнер фестиваліне келген ирандық коллекционер Вели Мухаммед Ходжа осылай деп мәлімдеді.

 «Қорқыт ата» кітабының үшінші нұсқасы табылды
© фото kazinform

Бізге белгілісі бүгінгі күнге дейін «Қорқыт Ата кітабының» Дрезден және Ватикан қалаларында сақталған екі қолжазбасы бар. Бірінші нұсқада 12, екіншісінде 6 дастан жазылғаны мәлім. Ал, ирандық ғалым ұсынып отырған тағы бір нұсқа құнды қазынамыздың молаюына айтарлықтай үлесін қосатыны анық.

Вели Мухаммед Ходжа ұзақ жылдан бері жәдігер жинаумен айналысып келеді. Осынау игілікті істің жолында жүрген ғалымның қолына көне жырдың жаңа нұсқасы түскен. Ирандық коллекционердің айтуынша, қолжазбаны кездейсоқ қолына түсіріпті. Бірде ол ел астанасы – Тегерандағы кітап дүкеніне кіреді. Сол маңда оған бір адам ақ матаға оралған кітапты сататынын айтады. Оның қолжазба еңбек екенін аңғарған Вели Мухаммед Ходжа сатып алады. Кейіннен оны түркиялық ғалымдарға оқытыпты. «Құнды дүние «Қорқыт ата кітабының» тағы бір нұсқасы екені анықталды. Мұндай тұжырымды АҚШ еліндегі ғалымдар да жасады. Содан кейін елге жария еттім. Қолжазбаның көшірме нұсқасын Сыр өңіріне алып келуге шешім қабылдадым»,– деді Вели Мухаммед Ходжа.

Бұдан бұрын әдебиеттану PhD докторы Бекарыс Нұриман «Қорқыт ата» кітабының тағы бір эпосы табылғанын жеткізген еді. Бұл жағымды жаңалықты Түркияның Байбұрт қаласында өткен халықаралық симпозиумда профессор Метин Екижи баяндамасында жаряилаған. Бекарыс Нұриманның айтуынша, ирандық коллекционер айтқан нұсқа түрік ғалымдары тарапынан мақұлданған. Ол «Қорқыт ата» кітабының үшінші нұсқасы болып саналады.