Қожаберген батырдың зираты табылды

Газет мақаласы "Айқын" газеті №152

Қазақ тарихында ойып алар өзіндік орны бар тарихи оқи­ға­­ларға толы аса бір тар­тыс­ты ке­зең  – Жоңғар хан­дығының (1635-1757) жойы­лар тұсы. Осы ке­зеңде тарих сахнасына шы­­ғып,  есімі е­л есін­де қалған ке­сек тұлға­лар­дың бірі – Абақ ке­­рей­лерінің Шұбарайғыр тар­­­ма­­ғы­нан тарай­тын батыр – Қо­жа­бер­ген Жәнібекұлы (1698-1785).

Қожаберген батырдың зираты табылды

Тарих ғылымдарының док­торы Б.Еженханұлының «Қожа­берген батыр» еңбегі (2017 жыл, Алматы) болған түрлі оқиғалардан тарихи тың мағлұматтар бере оты­рып, ресейлік дереккөздер не­гі­зін­де жазылған А.Левшиннің «Опи­­сание-казачьих или киргиз-кай­­сацких, орд и степей» (Алма­ты, 1996), В.Моисеевтің «Джун­гар­­ское ханство и казахи XVII-XVIII в.в» (Алматы, 1991) т.б. ав­тор­­­лардың жаз­баларымен сол ке­­зеңдегі оқи­ға­лар­ды сабақтасты­ра қарастыру­ға мүм­кіндік тудыра­ды.

Астанада былтыр Қожаберген Жәнібекұлының 320 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлы дала батырлары» дәстүрлі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конферен­ция­­ның материалдар жинағында аталған тұлғаның жүріп өткен жолы жайлы көптеген деректер тал­қыланған.

Алдағы уақытта ғалымдар еңбегінің нәтижесінде, осы бір күрделі кезеңге қатысты тарихтың тың беттері ашылып, сан алуан деректермен толыға түсері сөзсіз.

Ерте кезеңнен бері ел басқар­ған көсемдер, даңқты жауынгер­лер, бақсы-балгерлердің жерлеу ғұр­пына аса мән берілгені архео­ло­гиялық қазба нәтижелері­нен аян. Құрбандыққа жылқылар ша­лынып, мініс тұлпарларымен қоса жерленгенін, батыр бабала­ры­ның рухына арнап тастан мүсін қашатқанын арнайы зерттеулер растайды. Бабаларының сүйегі жатқан жерлерді кие тұту – ерте­ден келе жатқан үрдіс. Кей жағ­дайда аталарының басы жат­қан жер белгілі бір рудың көшіп-қону аймағының шекара­сын аңғартқан кездері де болғаны белгілі.

Жаугершілік заманда жауға шапқанда аруақты бабаларының атын атап ұрандап шабу үрдісі бертінгі этнографиялық кезеңдегі ат жарысы, балуандық өнерлер тағы басқа жағдайларға шекті жал­ғасып келген. Ұрпақтары те­гін­де бар текті аталарын пір тұ­тып, бабаларының жатқан жерін, ата­лық шежіресін жатқа соғып, атадан балаға аманаттап қалды­рып отыр­ған. Сеңдей соқтығыс­тыр­ған қилы замандар, солақай саясат нәти­жесінде, білгенімізден айы­рылып, ата-тектен шатасар күн­ді де бастан өткіздік. Аталар арманы болған тәуелсіздіктің ақ таңы туып, тарихы­мызға бабала­ры­­мыз­дың қиын-қыстау күн ке­шіп жүріп өткен жолдарына жаңа­ша көзқа­рас­пен қарап, жоғымыз та­былып, барымыз бүтінделе түсу­де.

Түпкі ойлары қазақтың бір­тұ­тас­­­тығы мен амандығы, іргесінің бү­тіндігі жолында жанын құрбан ет­кен ерлердің еңбегіне тереңірек зерт­т­еу жүргізіп, сүйегі жатқан жер­ле­рін тауып, рухына тағзым ету ұр­пақ­тар алдындағы азамат­тық борыш.

Осы мақсатта, есімі шұба­рай­ғыр руының ұраны болған Қожа­бер­ген батыр сүйегі жатқан жер баба шежіресі болжамы ізімен және тарихи нақтылы жазба де­рек­­терге сүйене отырып іздес­ті­ріл­ген-ді. Шетте жүрген ұрпақ­та­ры­ның есінде қалған шежіре дерек­тері батырдың сүйегі «орыс же­ріндегі Қалбаны жайлап, Ертіс­ті күзеп, Тарбағатайды қыстап» жүрген тұста қалғанын меңзейді.

1771 жылы Өскемен бекінісі­нен Ертіс өзенінің арғы бетіндегі Шар-Гурбан өзеніне және аталған өзеннің жоғарғы жағындағы Бұланай немесе Ұлыны аталатын жотаға, одан ары Бөкен, Шегелек өзен­дерінің жоғары жағындағы шат­қалдар мен тағы басқа жайт­тар­дың кейбіріне құпия тыңшы­лық жүргізуге жіберілген казак атаманы Волошин басшы­лығын­дағы топтың күнделік деректерін­де «...9 шілде күні Қарасу өзенінде түнеп шығып, таңғы алтылар шама­сында тегісті келген тау бет­кейі­мен жүрісімді жалғастыр­дым. Ол арадан ұзағаннан соң, қолым­ның сол жағындағы жерлері жа­зықты болып келетін бір қырды асып сай арқылы Шар-Гурбан өзені ағып жатқан алқапқа шы­ғып, сол арқылы Қызылжар ата­ла­тын тастақты жерге бардым. Ол жерде керей болысының старшы­ны Қожаберген батырға қарасты ұлыстары көшіп жүр екен. Олар­дан өткен соң бес шақырым жер жүріп, аталған өзеннің бойы­на тыны­ғуға тоқтадым және сол ара­да жүрген екі старшын Аралбай батыр мен Қазыбек батырды өзіме ша­қырдым, оларға өзімнің арна­йы жіберілгенімді және барар бағы­тымды айта отырып, сөз ара­сын­да бүлікшіл қалмақтар (бұл арада Еділден қашқан қалмақтар жайлы айтып отыр), қытай мен қа­зақтардың кен орындарын із­дес­тіруі жайлы ақпараттарына бар­лау жасадым» («Путевые дне­в­ни­ки и записки российских чи­нов­­ников и исследователей о Ка­захской степи XVIII середины XIX века», Астана, 2012 жыл, 13-бет).

Аталған деректен 1771 жыл­дың шілдесінде Қалба жотасының солтүстік-батыс сілемі Қызылжар тауы бөктерімен Шар-Гурбан өзе­ні бойында керейдің Қожа­бер­ген батырымен қатар Қазыбек, Арал­бай сынды старшындар өздеріне қарасты түтіндерімен жаз жайлап жатқанын аңғаруға болады.

ғасырдың бас кезінде сызыл­ған «Омбы әскери округінің ірі мас­штаб­тағы әскери-топография­лық картасы» жер-су атауларының сол кез­дегі атаулары және де кей­бір таны­мал адамдардың бейіт­тері көр­се­тілуімен құндылығын біл­ді­р­еді.

Мұрын елінің негізгі құрамы «...1790 жылдың аяғында Ханқожа сұлтанның Шыңғыстауды қырық жылдан аса уақыт мекендеген мұ­рын-наймандарын, Бопы сұл­тан­мен арадағы келіспеуші­лік­тен өзгелерінен бөліп алып, Қытай шекарасына қарай Зайсан көлінің ма­ңындағы жеті өзен бойына қо­ныс аударған» (И.Андреев, «Опи­сание Средней орды киргиз-кайсаков», Алматы, 1998 жыл, 19-бет) тұста жолымбет атасының бір тармағы жанай руын аталған өлкеге қоныстандырған Есенаман батырдың зираты ескі Қарғыба арнасы бойында тұрғаны жоғары­да­ғы картада көрсетілген. Ол кезеңді Қоқаш қажының:

«Қарасу құр Қарғыба қалды Көкен, Ханқожа, Есенаман қыл­ған мекен» деп жырлағанын ұр­пақтары аталған батыр басына қойған тасқа жазыпты.

Жүргізілген ізденістер мен этно­­графиялық сауалнамалар нәти­жесін жүйелей келгенде, Қожаберген батыр зираты Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданына қарасты Танамырза елді мекенінің шығы­сынан ағып өтер жаңа Қарғы­ба өзенінің оң жақ қабағын­дағы жардың үстінен табылып отыр.

Цин императоры Цян-лун­ның (1736-1795) Абылай мен Қабан­­бай­дан кейінгі іс басқара­тын батыр­ларының бірі ретінде таны­ған, Абылайдың сенімді серігі болып, есімі кең көлемде ел есінде сақталған кесек тұлғаның кесенесі шығыстың киелі жерлері картасы­ның қатарын толықтыра түсеті­ні­не еш күмән жоқ.

 

Серікболсын САДЫҚОВ,
Ә.Марғұлан атындағы археология институтының
ғылыми ізденушісі