Дүниені дүбірлеткен қазақ күйі

Газет мақаласы Айқын газеті №70

Атырауда үш күн бойы Түркітілдес халықтардың «Саз пернелі Сарайшық» атты халықаралық домбыра фестиваль-байқауы өтті. Қазақтың төл өнерінің құдіреті  дүниені дүбірлетіп, күй сазы тыңдағанды  елітіп, айтып болмас әсерлі сәттерді тарту етті. Шетелдік қонақтар, екі ішекті домбырада күрделі шығармалардың орындалуын тыңдап көріп, ұлттық аспабымыздың құпиясы неде екені білуге қызығушылық  танытты.
Бабадан мұра болған күй өнерінің ұрпаққа қалай аманатталып отырғанына көз жеткізді. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Ұлттық Домбыра күнін» атап өту жарлығының түп төркінінде баба мұрасын, ұлттық құндылықты сақтау мақсаты тұрғанын жете түсініп, көрегендігіне ризашылығын білдірді.  

Дүниені дүбірлеткен қазақ күйі
Атырау – күй отаны  деп текке аталмаса керек. Ғасырлар бойы замана жырын қос ішектен күй қылып төккен талай дүлдүл өткен жерде  өнердің бәсі биік тұрғанына түркітілдес халықтар­дың «Саз пернелі Сарайшық»  фестиваль-байқауында куә болдық. Фестиваль­дің алғашқы күні  Әзірбайжан, Хакасия, Индонезия, Қырғызстан, Түр­кия, Өзбекстан, Тәжікстан, Қарақалпақстан, Башқұртстан­нан келген қонақтар  және еліміздің барлық аймағының  күйшілік мектеп өкілдері, алдымен Қасым ханның кезінде Қазақ хандығының астанасы болған Сарайшыққа барды.  «Сарайшық» мемлекеттік тари­хи-мәдени музей-қорығында Алтын Орда астанасы болған, аңызы мен ақиқаты қатар өрілген, тарих тұнған қаламен танысты. Өр өзен Жайықтан қалған қазба орнын көрген фестиваль қатысушылары музейдегі Сарайшықтың астана кезіндегі сызбасын көріп, тарихын естіп таңдай қақты. Шетелдіктерді айтпағанда, еліміздің өзге аймақ­тарынан келген күйшілер де естіген­мен  көрмеген Сарайшық туралы мағлұматқа қанықты.  
Түркітілдес халықтардың «Саз пернелі Сарайшық»  дом­бы­ра фестивалінің ашылу салтанаты Бейбарыс Сұлтан ала­ңында өтті. Махамбет атын­дағы академиялық Қазақ драма театрының актерлері Сарай­шық­ты, алғашқы Қазақ ханды­ғы­ның тарихын сахналап, сол заманды тағы бір мәрте көз алды­мызға әкелді. Ал Сарай­шықтың астана болғанынан бейхабар шетел­діктер үшін  тарихымыздың тереңіне үңілуге мүмкіндік туды. 
Күй салтанатына арналған шара «Саз пернелі Сарайшық»  І халық­аралық домбыра фес­ти­валі қонақ­тары мен қатысу­шыларының шеруімен жалғасты. Сахнаға атыраулық «Сармат» ансамблі, Әзірбайжанның «Наз-назы» ансамблі,  хакасиялық «Хазыр суг» ансамблі, индо­не­зия­лық  INO ансамблі, қыр­ғыз­стандық  «Мурас» ансамблі, түр­киялық  «Түркия триосы», Өзбекстаннан  У. Юнусов, Тәжік­станнан  А. Норматов, Қара­­қалпақстаннан Н.Асқаров, Баш­құрт­станнан Р.Гайзуллин, Алтайдан Ч.Батушкина, Б.Тәші­мов – Арқа күйшілік мектебі, Ж. Нұржауов – Қаратау күйшілік мектебі, А.Үмбетов – Қазанғап күйшілік мек­тебі, Н.Әшіров – Жетісу күй­ші­лік мекте­бінен, Айгүл Үлкен­баева­ның күй студиясының түлегі А.Фен­дри­ков, А.Абсадықов – Сыр күйшілік мектебі, А.Самы­ков – Алтай Тарба­ғатай күйшілік мектебі, Ғ.Ұзақбаева – Маңғыс­тау күйшілік мектебі, Қ. Дүйсеев пен Ш.Жаменова – Батыс аймағының күйшілік мектебінің өкілдері ретіңде таныстырылды. 

Домбыра – бабалар аманаты
Атырау аймағының  ұланғайыр қазақ даласында өз орны, өз тарихы, өз өрнегі бар. Бұл өлке Исатай мен Махамбет тендік іздеген, Құрман­ғазы мен Дина күйлерімен тебірент­кен, Хамит пен Әбу, Нұралы мен Фариза, Жұмекен мен Мендекеш ән-жырын арнаған киелі мекен. Бүгінде олардың заңды жалғасы бол­ған тұтас буын өкілдері – ел мақта­нышы. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев тұңғыш  өткізі­ліп отыр­ған халықаралық деңгейдегі домбыра фестиваліне қатысу­шы­­­ларға арнаған тілегін осылай бастады.
– Домбыраның қазақ хал­қы­ның өміріндегі орны ерекше. Мұңы, қуанышы, қайғысын  қазақ ықылым заманнан бері осы екі ішекті домбыра арқылы жет­кізіп келеді. Елбасының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты бағдарлама­лары салтымызды, дәстүрімізді, ұлттық музыкамызды, мәде­ние­ті­­міз­ді тереңнен білуге шақы­рады. Дәулескер күйшілеріміз арқылы домбыра әлем халқын тамсандырды. Домбырамыз ұлттық брендке ай­нал­ды. Елбасы жарлығымен 1 шіл­де «Ұлттық домбыра күні» болып белгіленіп, өткен жылы ел болып дүбірлетіп атап өттік. Осы домбыра фести­валі де соның жалғасындай. Фес­тивальге алыс-жақын шетел­­­­дер­ден  танымал өнер­паздар келді. Домбыраға, біздің ұлты­мызға деген құрметі ерекше олар­дың өнері сіз бен бізді  там­сандырары сөзсіз. Осы фести­вальдің өтуіне бастамашы бол­ған, күй анасы Дина шешеміздің ізбасары, дәулескер күйші Айгүл Нариман­қызы­на ризашылығым­ды білді­ре­мін. Бұл ауқымды жоба, ұлт­тық құндылықты наси­хат­тауға ар­нал­ғандықтан жауап­кер­шілігі де зор, – деген аймақ басшысы фести­валь қонақтары мен қатысу­шы­лары­на сәттілік тіледі. 
Халықаралық фестивальдің ашылу салтанаты күні еліміздің барлық аймағының домбыра үлгілері, киім мен зергерлік әше­кейлер, ұлттық қолөнер бұйым­дары мен ұлттық тағам­дарынан көрме өткізіліп, Атырауға келген шетелдік қонақтарға таныс­ты­рыл­ды. 
Семей, Түркістан және Ақмо­ла облыстарының және жергілікті тарихи мұражай­лар­дың қолданбалы өнер көрмесінде  қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетінің құнды жәдігерлері көрсетілді. Алтын жіппен көмкерілген оқалы камзолдар, оюлы әрі  өкшелі әйел аяқкиімдері, бас киімдері мен көздің жауын алатын зергер бұйымдар – бәрі-бәрі ұлтымыздың талғампаз, бесаспап шеберлігін тілсіз ұғындырды. Атырау тарихи өлкетану музейі қорындағы ал­пысқа жуық домбыра иелерінің дені Атырау топыра­ғында туған  күйшілер мен   көмейіне бұлбұл ұя салған әншілер.  
Халықаралық домбыра фес­ти­валінің ашылу салтанатында атыраулық аға буын домбыра­шы­лар мен өңірдегі ансамбль­дер, фестивальге келген қонақ­тардың барлығы өнер көрсетіп, Жайық бойы құдіретті музыка  құшағында қалықтады. 

Қазақ күйін орындау оңай емес
«Саз пернелі Сарайшық» ішекті аспаптары орындаушы­ла­рының халықаралық домбы­ра фестивалінің екінші күні түркітілдес халықтардың ұлттық аспаптарында қазақтың күйле­рі­нен байқау өтті. Өзге ел өнер­паздарының ұлтымыздың күй­ші­лік өнерін үйренуіне себеп болған байқау ішекті аспаптарда шебер орындаушылар арасында бәсеке тудырды. Оны көрудің өзі бір ғанибет екен. Қазақ дом­бырасынан төгіліп жүрекке жете­тін күйдің орындалысы, өзге елдердің аспаптарында өзге­ше сарынмен тартылып, тыңдаған адамның қызығу­шылығын арттырып, «домбыра­ның сағасында орындалатын күрделі тұсты қалай алар екен» деген аңғарымпаз күй тыңдау­шы­­ларды елітіп қойды. Қазақ­тың күйлерін орындауға ынта қойып, үйреніп келгендеріне қанағаттанбай, олардан белгілі бір дәрежеде күйдің өз вариан­тында орындалуын талап еткен конкурстың қазылар алқасы да осал емес еді.
Қызылар алқасының төра­ғасы, фестиваль президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, профессор Айгүл Үлкен­баева бастаған, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, про­фессор Айтқали Жайымов, КСРО халық артисі, Тоқтағұл Сатылғанов атындағы Қырғыз КСР-інің Мемлекеттік сый­лығы­ның иегері, профессор Самарбүбү Токтахунова, Әзір­байжан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Малик Мамедоглы Мансуров,  Ресейдің еңбек сіңірген артисі, Башқұрстан Республикасының халық артисі, профессор Рамиль Байзуллин,  Түрік музыкасы мемлекеттік консер­ватория­сының профессоры Аднан Коц,  Қазақстанның мәдениет қай­рат­кері Құтты­керей Дүйсеев қос­таған қазылар байқауға қаты­сушылардың шеберлігін бағалады. 
Айтарлығы, бұл байқауға жасы 30-дан  жоғары домбыра­шы­лар қатысты. Республикалық және халықаралық байқаулар­дың бас жүлделері және  мемле­кет­тік марапаты жоқ орындау­шы­лар қатысуы талабы бар байқауда шетелдік орындау­шылар мен қазақстандық орын­даушыларға бөлек бағдарлама берілді. Қай-қайсысы да күрделі болды. 
Н.Жантөрин атындағы об­лыс­тық филармонияда байқау қызып жатқан шақта Құрман­ғазы атындағы мәдениет сара­йын­да шет мемлекеттерден келген қонақтардың қатысуы­мен концерт өтті. Көрермен  бұрың-соңды естімеген шығар­маларды тыңдап, әр ұлттың аспаптарының әуен шығару құпиясына барлап, шеберлік­теріне тәнті болып қошемет көрсетті. 
Концерттен соң, Индоне­зияның ұлттық кәсіби оркестрі­нің дирижері Франки Раденмен тілдесудің сәті түсті.  
–  Халықаралық Домбыра фестивалі арқылы Атырауды  әлем елдері терең тани бастайды деп білемін. Бұл – біздің осы елге алғаш рет келуіміз. Бізге бәрі таңсық. Алтын Орда аста­насы болған Сарайшықты көру бақыты бұйырды. Көне қаланың  ұлт үшін тарихи маңызын түсіндік. Сондықтан да ол жерде әлі де болса қазба жұмыстары жүргізіліп, сол дәуірдегі құнды жәдігерлер табылып, тарихи деректеріңіз толығады деп үміттенемін. Ұлы Жібек жолына қатысы болған қаланың жер бетінде сақталып қалуы келешек ұрпақ үшін маңызды. Атырауға келгелі қазақ ұлтының ұлттық тағамдарынан дәм тату бұйырды. Шұбат пен бауырсақ, құрты мен ірімшігі, бәрінің дәмі бөлек, өте құнарлы тағам екені айтпаса да түсінікті болды. Қонақ ретіңде дәстүрлеріңіз бойынша қойдың басын ұстау құрметі бұйырды. Оның да себебін біліп, сіздің ел, халық туралы айта жүрерлік әңгімелерге қанықтым. Біздің  фестивальге шақырған талантты күйші Айгүл Үлкенбаеваға алғысымыз шексіз. Қазақ ұлты туралы танымымыз кеңейді. Әлемде небір музыкалық аспаптар бар, бірақ сіздердің екі ішекті домбыраларыңыздың құдіреті сол, бұл аспапта кейбір аспаптарда орындалмайтын күрделі шығармаларды орын­дауда ритм мен әуенді сақтап ойнайды. Атырауға келгелі үлкен мен кішінің домбыраны еркін меңгергенін көріп сүйсіндік. Күйлеріңіз тыңдаған адамға рух беретін, адамды ширататын күш беретін қасиетімен жанымызды баурап алды. Осы фестиваль жылдарға жетіп өткізіле берсе деген тілегім бар, – деді  Франки Раден.   
Фестивальдің екінші күнінің бағдарламасы өте ауқымды бол­ды.  Осы күні домбыра дәс­түр­лі мектептерінің көрнекті өкілдері Х.Досмұхамедов атын­дағы Атырау мемлекеттік уни­вер­ситеті мен Н.Тілендиев атын­­дағы кіші өнер акаде­миясында, «Дина Нұрпейісова атындағы Халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжінде шеберлік сынып­та­рын өткізді.
Аға және орта буын домбы­ра­шылардан шеберлік дәріс алған жасөспірімдер үшін бұл  тағы­лымды  жүздесу болғаны сөзсіз.

Күй-қазына тыңдаушыға жетті

 Түркітілдес халықтардың «Саз пернелі Сарайшық» халықа­­ралық домбыра фестивалі ая­сында күйші Айгүл Үлкен­баева­ның күй-альбомы топтама­сының тұсаукесері өтті. Күй анасы Дина Нұрпейісова ескерт­кіші тұрған «Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжі алаңында, «Дина Нүр­пейісова атындағы акаде­миялық ұлт аспаптар оркестрі» мен күй падишасы Айгүл Үлкенбаева, аталмыш музыка колледжі студенттері мен музыка мектеп­тері оқушыларының қатысуымен өткен шараға куә болғандар «Дина шешемізден соң, күйдің туын түсірмеген ұрпақ бар» екеніне көзін жеткізді. Шетелден келген қонақтар­мен бірге күйші Айгүл Үл­кенбаева қазақтың ұлттық өнерін­де мәңгілік мәдени мұра қалдырған, күй анасы атанған Дина Нұрпейісова ескерткішіне гүл шоқтарын қойып тағзым етті. – Айгүл шығармашылығы­ның бір белесі болып, тыңдарма­нына жол тартқан күй-альбом­ның сән-салтанаты құтты бол­сын! Айгүлмен шет елдерге өнер сапарымен жиі барамыз. Оның орындаушылық шеберлігіне шетелдіктер тамсана қошемет көрсетіп, құрметтейді. Ол дүйім қазақ елінің бірегей тұлғасы. Қазақтың домбырасын әлем жұр­тына насихаттап, күй мұра­сын зерттеуге өзгелерді ынтазар еткен дәулескер күйші. Үш күн бойы Жайық бойын күй әуелеген ұлттық фестиваль жоғары дең­гей­де, ұмытылмастай болып өтіп жатыр. Бұл сіздердің бабалар аманатына адалдықтарыңыздың арқасында болып отыр, – деді КСРО халық артисі, Тоқтағұл Сатылғанов атындағы Мемле­кет­тік сыйлықтың иегері, про­фес­сор Самарбүбү Токтахунова. Бұдан соң, күй-альбомның лентасын Индонезияның ұлттық кәсіби оркестрінің дирижері Франки Раден мен профессор Самарбүбү Токтахунова қиды. Кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Айгүл Үлкен­баева – қазіргі әуен сүйетін әлем тегіс танып, тегіс тамсанатын ғажайып талант иесі. Ерен өнер­паз. Орындаушылықтың ерен шебері» деген теңеуіне лайықты болып, ұлттық өнерге адалды­ғы­мен халықтың құрметіне бөленіп жүргені біз үшін мақтаныш. – Өнер адамы үшін шығарма­шы­лық жинақ шығару маңызды. Осы күй-топтамамды кезекті шығар­машылық белесім деп қабылдаңыздар. Құрманғазы баба, Дина шешемізден соң күй қағаны Рыспай Ғабдиев, Бақыт Қара­балина, Әзидолла Есқа­лиев, Сағын Жалмышевтар жал­ға­ған күй өнері ұрпаққа жетіп жатыр. Үш күн бойы фестивальге келген қонақтар, сіздерге күй отаны деген атымызға сай бар­лық буын өкілдерінің күйшілік өнерін көрсеттік. Бұл – ұрпақ сабақтастығы. Күй салтанат құрған дүбірлі шараға және күй-топтамамның жарыққа шығуына қолдау білдірген облыс басшысы Нұрлан Асқарұлына алғысымды білдіремін, – деді Айгүл Нари­ман­қызы күй-альбомының тұсау­кесерінде. Бұдан соң, Айгүл Нариман­қызы жеке орындауда және шәкірті Ержан Жаменкеевпен бірге күй тартты. Музыка мек­теп­терінің оқушыларынан құрыл­­ған ансамбльмен Құлшар­дың «Кербез керік» күйін орын­дады. Кішкене саусақтары­мен пернелерді дөп басып, им­про­визация жасап жұртшылықты сүйсіндірген оқушы қыздарға қошемет ерекше болды. Айгүл Үлкенбаева мен Атырау музыка кол­леджі студенттерінің орын­дауын­да «Күй тартыс» болды. Тағы­лымды шара «Дина Нүр­пейісова атындағы акаде­мия­лық ұлт аспаптар оркестрі» орын­дауындағы күйлермен аяқ­талды. Бас жүлде Әзірбайжанға кетті Түркітілдес халықтардың «Саз пернелі Сарайшық» атты Халық­­аралық домбыра фести­валь-байқауының қорытындысы Жайық жағалауындағы «Ретро паркте» салтанатта түрте жария етілді. Бірнеше мемлекеттің өнер қайраткерлері қазылық еткен байқауда бас жүлде Әзірбайжан елінен келген өнерпаз Имранов Аяз Имраноглына табыс етілді. Жүлделі бірінші орынды Сыр елі­нің дүлдүлі Абылайхан Сқа­қов қанжығасына салды. Қыр­ғыз­станнан келген Айзада Қаса­бо­латова мен Стамбұлдан жет­кен Дениз Гунеш жүлделі екін­ші орынды, атыраулық Темір­бек Кайдаров, талдықор­ған­дық Ботагөз Дүнгенбаева, Нұр-Сұлтан қаласынан Эльвира Бошымовалар жүлделі үшінші орындарды иеленді. Фестивальде екі арнайы номинация берілді. Фестиваль президенті Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі Айгүл Үлкенбаева қазы­лар алқасының «Қазақтың күйін өзінің ұлттық аспабында ең үздік орындағаны үшін» аталымына Дениз Гунеш лайық­ты деп шеш­ке­нін хабарлады. Оның орын­дауындағы Дәулет­керейдің «Көроғлы» күйі тыңдарманды тәнті еткен-ді. Ал «Айгүл Үлкен­баеваның арнайы жүлдесі» Талдықорған қаласы­нан келген Ботагөз Дүнгенбаева­ға табыс етілді. Фестиваль қонақтарына алтын жалатылған домбыра мен «Сарайшық» атауы жазылған статуэткалар, киізден тігілген ұлттық реңдегі қоржын­дар табыс етілді. Барлық үміт­керге алғыс­хат табысталды. Байқау қатысу­шы­лары фес­тиваль шымыл­дығын «Балбы­ра­уын» мен «Көроғлы» күйлерін бірге орын­дап, жапты. Күй – қазақтың жаны. Ұлт­тық рухымыз бойымызда мәң­гі сақталсын десек, бүгінгі буынға күй құдіретін сіңірту арқылы келешек ұрпақтың да домбыра­сыз күнін елестете алмайтындай жағдай жасауымыз керек. Ол үшін «Саз пернелі Сарайшық» халықаралық фестивалі жалға­сып, ұлт тарихы мен өнері қатар насихатталуы қажет. Сонда ғана, бабалар аманатына адалдық ғасырларға жететін болады.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Атырау облысы