Парижде жылқыны қолға үйретудегі Ұлы дала рөлі талқыланды

ЮНЕСКО штаб пәтерінде «Equus: Жылқы тарихы» деректі фильмі көрсетілімі ұйымдастырылды. Қатысушылар шамамен бес жарым мың жыл бұрын Қазақстан аумағында орын алған жылқыны алғаш қолға үйретудің бірегей маңызын ерекше атап өтті.

Парижде жылқыны қолға үйретудегі Ұлы дала рөлі талқыланды

Іс-шараның ашылуында Қазақстанның Франциядағы Елшісі – ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Жан Ғалиев көпшіліктің назарын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айшықталған атқа міну мәдениеті бүкіл әлемге біздің атамекенімізден тарағанына аударды. Дипломат халықаралық қоғамдастықта елімізге, оның әсем табиғаты мен көне мәдениетіне қызығушылықтың артып келе жатқанын айтып, жиналғандарды елімізді көруге шақырды.

Өз кезегінде әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар жөніндегі ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Нада Аль-Нашиф Қазақстанға Ұйымның бірқатар бағдарламалары мен бастамаларына ұдайы қолдауы үшін ризашылығын білдіріп, жылқыны қолға үйрету күллі өркениеттің даму барысын біржола өзгерткенін атап өтті. «Атқа міну мәдениеті адамдардың құрлық үстімен жаппай көшіп қонуына жол ашты және сол арқылы идеялар мен құндылықтардың алмасуына, әрі Жібек жолы тамаша мысалына айналған мәдиениеттер ықпалдасуына жол ашты» – деді Нада Аль-Нашиф.

Фильм ЮНЕСКО Хатшылығының қызметкерлеріне, Ұйымға мүше мемлекеттердің елшілеріне, француз саясаткерлері мен қоғам қайраткерлеріне, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне, қазақ диаспорасына үлкен әсер етті.

«Жылқы тарихының» білім, ғылым және мәдениет саласындағы ең айтулы жаһандық алаңдағы таныстырылымының ерекшелігі фильм көрсетілімінен кейін оның отандық тең продюсері Нұрбол Баймұхановтың, британ археологы, Ботай қонысын зерттеушілердің бірі Алан Аутрэм және ЮНЕСКО-ның Мәдениетаралық үнқатысу секциясының басшысы Анн-Белинда Прайстың қатысуымен тақырыптық дөңгелек үстелдің өтуі болды. Спикерлер фильмді түсірудің қызықты да кешенді барысы жайында баяндап, адам мен табиғат ықпалдасуына жаңа зерттеулердің келешегі жөнінде пікір алмасып, жиналғандардың сұрақтарына жауап берді.

ЮНЕСКО штаб пәтеріндегі көрсетілім бір ай бұрын киелі Түркістаннан басталып, қатысушылары 14 елдің аумағымен 9 мың километр кесіп үлгерген «Ұлы дала» автожорығы аясында ұйымдастырылды. Тамаша фильм және жалпы төл мәдениетімізді насихаттау мақсатында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жоба енді Испанияның астанасы Мадридте жалғасады.