Нәубет

Өткен жыл аяғында АҚШ-та америкалық тарихшы Сара Камеронның The Hungry Steppe яғни «Ашыққан дала» атты Қазақстандағы ашаршылық туралы кітабы жарық көрді. Осы ақпарат тарасымен біз кітап авторын интернет арқылы тауып алып, байланысқа шықтық.

Нәубет

41 жастағы тарих ғылымдарының докторы Сара Камерон Мэриланд университетінің оқытушысы екен. Орысшасы кәдімгідей. Қазақшасы да бар көрінеді. Біз одан кітабын жіберуді сұрадық. Жаңа жыл өтісімен кітап біздің қолымызға тиді. Жас тарихшы Қазақстанда отызыншы жылдарда болған ашаршылықты зерттеуге 10 жыл өмірін арнапты. Соның екі жылын Ресей мен Қазақстанда өткізіп, осы екі елдегі 15 мемлекеттік архив материалын ақтарыпты. Нәтижесінде, Қазақстандағы алапат ашаршылықтың шығу себептерін, салдарларын жан-жақты көрсеткен 277 беттік көлемді монография жазған. Біз америкалық тарихшының мәтініне қиянат жасамау үшін қазақшасымен қатар ағылшынша түпнұсқасын да қоса беріп отыру­ды жөн көрдік. Монография көшпенділер тұрмысына шағын шолудан кейін, Голощекиннің Қазақстанға бірінші хатшы болып келуінен, және оның Сталинмен келісе отырып республикада «Кіші Октябрь» өткізуге кірісуінен басталады. Бұл науқан, яғни «Бірінші бесжылдық» 1928 жылы 700 ірі байды кәмпескелеп жер аударумен басталып, бес жыл ішінде көшпе­лі қазақты түгел колхоздастырып, отырықшылыққа өткізумен аяқ­талуға тиіс еді. Сөйтіп, Сталин­нің жеке нұсқауы бойынша социа­лизм құруға кедергі «бай-құлақтар тап ретінде жойылып», «ішкі жаулардан» құлан-таза айыққан Қазақстан коммунизм құруға құлшына кірісуге тиіс еді. Бірақ А.Байтұрсынұлы бастаған алаш азаматтары мыңдаған жылдық дәстүрі бар көшпелі тұрмыс­ты табан астында отырықшыландыруға атойлап қарсы шықты. Қазақтың шөл және шөлейт даласын игерудің жалғыз жолы көшпелі мал шауашылығы екенін Швецов пен Рыбников тәрізді ғалымдар да дәлелдеп бақты. Қыршын жас Оқу-ағарту комиссары Смағұл Садуақасов республикалық бас газетте Голощекинге бас салды. Асығыстық апатқа алып барарын болжап, көшпелілерді отырықшыландыруға біртіндеп кірісу керек деді. Голощекин орынбасары екінші хатшы Сұлтанбек Қожанов­ты қызметтен алды. Оның орнына Мәскеуден Н.Ежовты әкеліп отырғызды. Н.Ежовтың кім екені белгілі. Голощекин қазақтың төбе шашын тік тұрғызған «кәмпеске» мәселесін 1927 жылы қарашада Қызылордада өткен Қазақстан компартиясының VI съезіне салды. Өзі 7 сағат сөйледі. Одан кейін сөз алған 27 жастағы Смағұл Садуақа­сов: «Мен жолдас Голощекиннің пікірімен келіспеймін!» деп баста­ды сөзін. Осы съездің ізін суытпай С.Садуақасов «Больше­вик» жур­на­лында Голощекиннің ұрдажық ұлт саясатын тас-талқан сынады. Голощекин оны дереу Оқу-ағарту комиссары қызметінен түсірді. Сөйтіп, Голощекин партия қата­рын ұлт кадрларынан тазартты. Байтұрсынұлы бастаған топты түрмеге тықты. Смағұл Садуақа­сов­ты Мәскеуге оқуға «жіберді». Жап-жас Смағұл Садуақасов Мәс­кеу аураханасында 1933 жылы 33 жасында жұмбақ жағдайда көз жұмды. Қысқа ғұмыры аққан жұл­дыз­дай болған осынау тұлға туралы Камерон тебірене жазады. 1928 жыл. Сонымен, Голощекин Қазақ­станда «Кіші Октябрьді» бастады. «The assault on nomadic life began against Kazakh elites in 1928». Автор кітабының «Қоршауда қалған көшпенділер» атты тарауында: «1928 жылы көшпенділерге шабуыл қазақ элитасына қарсы шабуылдан басталды» дейді. Голощекин науқанын «шаш ал десе, бас алатын» жергілікті бел­сен­ділер асыра сілтеп асқындырып жіберді деген естеліктер келтіреді. «Қолына мандат тиген шолақбелсенділер төсек тартып жатқан кәрі әжемнің астындағы көрпе­шесі мен басына ораған шәлісіне дейін тартып алды. Содан әжем араға екі күн салып жан тапсырды», – дейді сол заман куәгері Мұхаммед Шаяхметов. Өкімет ауқатты көшпенділердің алдында­ғы малы­на, дастарқандағы дәміне, үстіндегі киіміне қол салады. Қазақстан бойынша халық нара­зы­лығы бұрқ ете түседі. Сталин мен Голощекинге керегі де сол еді. «Тап жаулары бетін ашты» деп мыл­тығын оқтап ОГПУ атқа қонады. Яғни, Голощекин қолдан жасаған «революция» басталады. Көшпенділер қызыл әскермен қақтығыса жүріп Қазақстанды тастап қаша бастай­ды. Жазалаушы жасақтар оларды шекарада тосып алып ата бастайды. Қазақ Қазақстанды тастап Қытай, Ресей, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстанға көшті. Бұл «отко­чев­кіні» тоқтатпаса, Қазақстанға қазақсыз қалу қаупі туды. Голо­ще­кин шекараны қатайтты. Көшпенділер қоршауда қалды. Архив дерегі бойынша, 1930 жылдың бірінші жартысында Қазақстан бойынша өкіметке қарсы көтеріліске 8 мың адам қатысқан. Халықтың малы мен астығына шабуыл үдей түседі. Оның басты себебі – Орталықтан келіп жатқан бұйрықтарда еді. Қазақстанның «мойынына ілулі» Ресейдің екі үлкен шаһары Мәскеу мен Ленинград азық-түліксіз қалды деп Орталық Комитет үстел тоқпақтап жатты. «Орталық Комитет хатшысы Павел Постышев Мәскеуді етпен қамтамасыз ету ісі тоқтауға жақын, қаланы етпен қамтамасыз етіп отырған Қазақстан мен өзге де аймақтарға қысымды күшейту ке­рек!» деп пәрмен берді. «Қазақ­стан, көп ұзамай, Мәскеу мен Ле­нинградты негізгі етпен жаб­дық­таушыға айналды» дейді автор. Нәтижесінде, 1931 жылы Қазақ­стандағы мал басы 30 пайыз­ға қысқарады. Салдарынан 1931 жыл басында Қазақстанда аштық басталады. Соған қарамастан, 1931 жылы шілдеде Сталин Голощекин­ге «64 000 тонна астық тауып Орта­лық­қа жөнелт!» деп қаһарлы теле­грамма түсіреді. «Бұдан біз Орта­лық Комитеттің ашыққан қазақ­тар­ды құтқаруға бас ауыртпай, индустриалды қалаларды азық-түлікпен жабдықтауға басымдық бер­генін көреміз» дейді амери­ка­лық тарихшы. Мұндай жағдайда көшпенділер жай қырылғанша «жастығын ала өлуге» бел буады. Автор кітабында Созақ, Адай көтерілістеріне көбірек көңіл бөл­ген. Маңғыстауда көтеріліс­ші­лер­дің қарулы 15 тобы болғаны айтылады. 1931 жылдың қырқүйегі. Қазақ, түрікпен көтерілісшілерінен құралған баспашылардың Қара­құм­да шоғырланған ең үлкен тобын қызыл әскер айропландары аспаннан оқ жаудырып жояды. Орта Азиядағы советтерге қарсы халық көтерілісінің соңы осымен бітеді. Ал ашаршылық 1931-32 жыл қысында асқынып, Қазақ­станды жаппай жайлап алады. Осы жылы ОГПУ 261 000 орыс «ку­лақ­тарын» Қазақстанға көшіреді. 1931 жылы ашылған КарЛАГ тұтқын­да­ры 1932 жылы 10 мыңнан асады. ОГПУ, сөйтіп, өзі ашыққан өлке жағдайын одан бетер ушықтыра түседі. Осы жерде сұрақ туындайды. «Қазақстанды жайлаған ашаршы­лық­қа қатысты Мәскеу саясаты қандай болды?» деген. Архив құ­жат­­тарына сүйене отырып аме­ри­калық тарихшы ол саясатты былай түсіндіреді: «Мәскеу осынау әлеуметтік апатқа қатысты ұрда-жық тәртіп­тер енгізді. Олар: аштыққа ұрын­ған­дар­ды сыртқа шықпасын деп шекараны жабу, аштықтан қалаға шұбы­рып келгендерді «керексіз эле­менттер» деп қаладан қуу, олар­­ға азық-түлік таратуға немесе айырбастауға жаппай тиым салу және бұл тәріпті бұзғандарға қатаң жаза қолдану». «Босқындар тамақ табамыз ба деген үмітпен қалаларға, теміржол бекеттеріне және индустриалды мекендерге қарай шұбырды». Батыс Сібір крайкомына жер­гі­­лікті партия ұйымдарынан түскен хаттарда босқын қазақтарға қарсы өлкенің негізгі тұрғындары тара­пы­нан шовинистік шабуылдар бо­лып жатқаны жазылған: «Көптеген жағдайда, себебі бол­маса да оларды тек қазақ бол­ғаны үшін ұрып-соғады»; «Батыс Сібір өлкесі қазақтарды күштеп шығара бастады.Кузбастың кеніш­ті аймағы қазақтардан тазартыла бастады». Бұ жайттан хабардар Голоще­кин Батыс Сібір өлке басшысына хат жолдап босқындардың «ішін­де­гі арам шөптей байларға емес, кедейлерге көмек беруді» сұраған. Қазақстанда аштан қырылатын болғаннан кейін шұбырып шекара асқан қазақтарды Голощекин рес­пуб­ликаға күштеп қайтаруды қол­ға алады. Қарақалпақ жеріне өткен босқындар арасында Қазақ­стан­ға қайтудан қорқып, өкімет өкілдерге «біз қазақпыз» демей, «біз қарақал­пақ­пыз» деген оқиға­лар да кездес­кен. Осылайша, Сталин мен Голо­щекин қазақ даласына бес жыл ішінде жұмақ орнатамыз деп тозақ орнатқан. Айдың-күннің аманын­да ақырзаман орнатқан. Қазақ қо­ңыз теріп кеткен. Халық қасіре­тін суреттеуге тіл жетпейтін еді» деп жазады Камерон. Соның бірі – әке-шешесі аштан өліп, қараусыз қаң­ғып қалған балалар қасіреті. «Партия статистикасы бойын­ша, республикада қараусыз қалған балалар саны 1932 жыл басында 20 700 болса, 1933 жыл басында он­дай қараусыз қалған балалар саны 71 000-ге жетті». Әрине, бұл деректер тек тірі қалып тізімге іліккендер туралы. Ауыл-аймағымен миллиондап қы­рыл­ғандар жөнінде партиялық құжаттар жақ ашпайды. Өйткені ашаршылық Сталин, Голощекин басқарған коммунистік партияның тарихтағы ең ауыр қылмысы еді. Ең сорақы қылмысы еді. Сондық­тан да, компартия өзі құрдымға кет­кен 90-жылдарға дейін «ашар­шы­лық» дегеннің ауызына ұрды. Бұл тақырыпты айтуға, жазуға тыйым салды. Қазақ даласы аштан қырылып жатқанда партиялық элита ашық­ты деген дерек жоқ. Партиялық элита ашыққан халыққа терезеден қарап отырғандай әсер етеді. Мыса­лы, 1931 жылы Сергей Ми­ро­­нов атты Қазақстандағы ОГПУ өкілінің әйелі комфортты пойыз вагонында келе жатып те­ре­зе арқылы ашаршылық жайла­ған қазақ ауылын көргенін былай деп жазып қалдырған: «Алайда осынау қырылған ауыл ортасынан өтіп бара жатқан біздің вагонымызда азық мейлін­ше жеткілікті еді». Сара Камеронның «Ашыққан дала» монографиясы – тым көлем­ді ­еңбек. Сондықтан біз оқыр­ман­ды кітаптың тек басты бағыт-бағ­дарымен ғана таныс­ты­руды жөн көрдік. Ал америкалық автор қағаз­ға түсірген отызыншы жыл­дар ойранымен толық танысқысы келген оқырман бұл кітапты түгел оқуы керек. Монографияны Мәс­кеудің бір баспасы биыл шығару мақсатында орыс тіліне аудара бастады дейді автор бізге жазған соңғы хатында: « …Хорошие новости. Российс­кое издательство НЛО переводит мою книгу на русский язык. Надею­сь что будет и казахский перевод». Сара Камерон кітабымен танысу осы тақырыпқа қатысты бізге біраз ой салды. Біріншіден, ашаршылық атты қазақ қасіреті туралы бұл кітап – Америка құры­лы­ғында жарық көрген тұңғыш ғылыми еңбек. Екіншіден, қазақ қасіретіне қазақтың жаны қалай ашыса, америкалық тарихшының да жаны солай ашитынын сездік. Содан тебіренген біз Камерон қарындасымызға алғысхат жаздық. Қазақстанға шақырдық. Ол біз үшін қазақтың бір үлкен патриот қызындай көрінді. Яғни, оның кітабы халық пен халықты жақын­датты. Дәлірек айтқанда, ашаршы­лық атты қазақ қасіретінің шетелде жарыққа шығуы, айтылуы, та­нылуы халықпен халықты жақын­­дататынына көзіміз жетті. Ендеше, біз неге бұл тақырыптан әлі күнге қашқақтаймыз?! Біз неге әлі күнге бұл тақырыпты әлем алдында ауыз толтырып айта алмай­мыз?! Біз өстіп кібіртіктеп жүр­генде Қазақ­стандағы ашар­шылық тақырыбына Америка, Еуропа тарихшылары белсене кірісіп те кетіпті. Олар – ағылшын тарихшысы Роберт Конгвест («Қасірет орағы», Лон­дон, 1986), француз ғалымы Изабел­ле Охойон («СССР мен Сталин», Париж, 2006) италиян ғалымы Николо Пиансиоло («Ста­линизм майданы», Рим, 2009), неміс ғалымы Роберт Кинд­лер («Сталин мен номадтар», Гамбург, 2014). Сондай-ақ бұл тақырыпты зерттеуге бүгінде тағы бір амери­кандық ғалым Матью Пейн кірісіп кеткенін айтады Сара Камерон. Ал қазақ тарихшылары қалай қимылдап жатыр? Тәуелсіздік тұсында жалғыз ғана Талас Омар­беков тарихшы отызыншы жылдар ойраны туралы докторлық диссер­тация қорғады. Оның өзі қазақ ғалымдарымен бір кездесуде президент Назарбаев: «Тарих­шылар! Сіздер неғып ашаршылық тақырыбын қозғамай жүрсіздер?!» деп сұрау салғаннан кейін кіріскен. Таластан кейін тақырыпты жылы жауып қойғанға ұқсаймыз. Яғни, жарты қазақты жалмаған ұлы қасіретті зерттеп біткен сыңайлы­мыз. Ойпыр-ай дейміз, осы тақы­рыпқа он диссертация жазыл­са да артық болар ма еді. 4 миллион қазақты отаған 1921, 1932 жылдар қасіреті жан-жақты талмай зерт­теу­ге тұратын түпсіз терең шалқар мұхит емес пе еді?! – дейміз. 2012 жылы Қазақстандағы ашаршылықтың 80 жылдығы тұңғыш рет жалпыұлттық деңгейде аталып өтті. Астанада ашаршылық құрбандарына ескерткіш-белгі қойылды. Сол ескерткіштің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Егер оты­зын­шы жылдардағы сол апат болмағанда бүгінде Қазақстандағы қазақ саны кемінде 45 миллионды құрайтын еді», – деді. Ендеше, әңгіме аталған апатта өлгендер мен, олардан кейін өмірге келме­гендерді қосып есептегенде, біз жоғалтқан 30 миллион туралы болып отыр! Егер де КСРО мен Қазақстанның Сталин мен Голо­щекин тәрізді қызыл көсем­дері сол апатты қолдан жасамағанда бү­гінде көзі тірі 12 миллион қазақтың қатарында тағы да 30 миллион қазақ жер басып жүрер еді. Өшпес өкініш! Ең сорақысы – ішкенге мәз, жегенге тоқ бүгінгі біздің, осынау ұлттың ұлы қасіретін лайықты ұлықтай алмауымызда. – Ұлықтағанда не істейміз? – деп шыр ете түсті бір оқырман. – Мемориал-кешен салуымыз керек еді. – Ау, Астана мен Алматыда екі ескерткіш орнаттық емес пе?! – Ескерткішті жеке тұлғаларға да қояды. Біздің айтып отыр­ға­нымыз – Германиядағы Освенцим, Бухенвальд, Еревандағы армян мемориалдары үлгісіндегі кешен­дер. 1921 және 1932 жылдардағы 4 млн қазақ қырылған «қызыл қыр­ғын» – осындай жалпы ұлт бо­­лып ұлықтауға лайық қасірет. Бір кезде Лондонда болғаны­мызда туристер көп баратын орын деп бізді әйгілі «Мадам Тюссо» музейіне алып барды. Екі ғасырлық тарихы бар музей, негізінен, бала­уыздан жасалған мүсіндерден тұрады екен. Алған әсеріміз сұра­пыл болды. Әсіресе, орта ғасыр­ларда өлім жазасына кесілген адамдардың басын гильотинамен шабу сәтін көрсететін «үрей бөлмесі» есте қалды. Адам денесі мен ұшып түскен бас балауыздан жасалған. Бірақ адам денесінен аумайды. Туристер зәрелері ұшып қарап қалған. Шығаберіс бөлмеде әйгілі адамдардың балауыз мүсіндері де тұр. Арасында – Бри­тан пат­ша­йы­мы. Мүсіннің түп­нұсқадан зәредей айырма­шы­лығы жоқ. Сондықтан да жұрт кезекке тұрып «патшайым­мен» суретке түсіп жатыр. Біздің ойымызша, Қазақстандағы ашар­шы­лыққа арналған мемориал-кешен осы үлгімен жасалуы керек. Ашаршылық жылдары қазақ өткен дозақтың фрагменттерін балауыз мүсіндермен қалыпқа келтіруге болады. Сонда оны көрген жұрт­тың да төбе шашы тік тұрар еді. Мысалы, аш баласын ажалдан құтқару үшін өз емшегін өзі кесіп беріп жатқан қазақ әйелі. НКВД жендеттерінің Сәкен Сейфуллин­нің мұртын жұлып жатуы. Оққа кеудесін тос­қан алаш алыптары Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабаевтар. Голощекин­мен айтысып тұрған жалынды жас Смағұл Садуақасов… Осындай тарихи көріністерді балауыз мүсін арқылы көз алды­ңыз­ға айнытпай «тірілтіп» көрсе­туге болады. Балауызбен мүсіндеу – мүмкіндігі сондай шексіз өнер. Қолға түсе бермейтін бүгінгі күн тұлғаларын да мүсіндеп сол бола­шақ музей холлында тізілтіп қоюға болады. Сонда жастар өздері пір тұтатын «тұлғалармен» суретке түсіп мәз-мейрам боп жатар еді. «Мадам Тюссо» музейі туристерге осынысымен тартымды екенін көрдік. Бұл музей филиалдарының бүгінде Нью-Йорк, Шанхай тәріз­ді әлемнің 16 алып шаһарында жұмыс істеп тұруының сыры осын­да. Көрер көзге тартымды болуы­нан. Неге үлгі алмасқа? Ендеше, осындай ұлттың ұлы қасіретін ұлықтайтын үлкен руха­ни жобаға баруға бізге не кедер­гі?! Қаражат па? Әлде, «ашар­шы­лық» деген тақырыптан ат-тонымызды ала қашатын ескі кеңестік сана ма? «Қызыл қырғын» – сол кездегі Сталин басқарған қызыл Кремль жасаған қылмыс. Бірақ бүгінгі Кремль «қызыл Кремль» емес қой! Бүгінгі Кремль – бізге дос Кремль, ал Ресей болса сталинизмге лағы­нет айтып, демократияға бет бұр­ған ел емес пе?! Ендеше, кімге жал­тақ­тай­мыз? Ашаршылық пен репрес­сияны ол кезде украин, орыс халықтары да бастан кешті. 1933 жылы Ұлы далада қазақ қасіретін өз көзімен көрген орыс қызы Татья­на Невадовская былай тебірен­беп пе еді?! Зачем снимать последнюю рубаху, И целый край заставить голодать? Кому понадобилось богу или Аллаху, Все отобрать и ничего не дать? Какой же деспот создал эту пытку? «Қызыл империя» құласымен Қазақстандағы ашаршылық тақырыбына алғашқылардың бірі болып орыс жазушысы Валерий Михайлов қалам тартты. Оның қазақ қасіреті туралы естелік-деректерден құралған «Ұлы жұт хроникасы» бүгінде неміс, ағыл­шын тілдеріне аударылды. Демек, Ұлы дала нәубеті, оны зерттеу, білу, тану, халықтарды бір-біріне жақын­датады екен. Алыс-жақын елдерде де қазақ қырғыны аяушы­лық тудырып жатыр. Ендеше, Алматы не Астанада ашаршылыққа арналған «Аза сарайы» ашылар болса, ол орын кез келген жүрегі бар жанның қазақ қасіретін тілсіз түсінер, үнсіз түсінер киелі орын боларына сенеміз. Өйткені қасі­рет тілі – адам атаулыға түсі­нікті тіл. Аударманы қажет етпейтін тіл. Мұхиттың ары жағындағы Сара Камерон тәрізді қазақ қасіретін зерттеушілердің саны Еуропа мен Америкада көбейе бастауы соны көрсетеді. Біздің оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Сөзіміздің тоқ етерінде мил­лиондарды қырып тарих алдын­да кешірілмес қылмыс жасаған компартия көсемі Сталинге деген қазақ қарғысын қағазға түсірдік. 31 мамыр – республикада Ұлт­тық аза тұту күні деп белгіленген. Еліміздің барлық мешітінде сол күні ашаршылық және репрессия құрбандарына арналып дұға-намаз оқу дәстүрге айналса дейміз. 31 мамыр күнтізбеде «Репрес­сия құрбандарын еске алу күні» деп жазылған. Онда «Ашаршылық» деген сөз жоқ. Сөйтіп, ашаршы­лық­тан шейіт болған милиондар аруағына қиянат жасалып тұр. Сондықтан бұл күн атауын өзгерту керек. Бұл күн атауы «Ашаршылық және репрессия құрбандарын еске алу күні» деп жөнделуі керек. 2022 жылы Қазақстандағы «қызыл қырғынға» 90 жыл толады. Ол жалпыұлттық деңгей­де аталып өтілуі керек. Мем­ориал-кешен ашу сол датаға сәйкес келіп жатса, тіптен нұр үстіне нұр болар еді. Жоқтаусыз кеткен жарты халық алдындағы парызымыз өтелген болар еді. Аруақтар риза болар еді.

Смағұл ЕЛУБАЕВ