Ақылға бірлік бар ма?

Жақында академик, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев  өз сұхбатында, қазіргі қазақ ғылымының деңгейі мен еліктеушіліктің салдары, әдебиет пен мәдениеттің жай-күйін айта келе, «қазір қазаққа технократтар керек» депті. «Қазаққа кім керек?

Ақылға бірлік бар ма?

Қазіргі дамы­ған заманда қазаққа технократ керек. Өйт­кені біз ертең сөз ұйқастығы, әде­мі­­лігімен алға шығып кете алмай­мыз. Оны сіз мойындайсыз, мен мойын­дай­мын. Балаңыз мойындамайды. «Ой, атамыз болтун екен», – дейді. «Айта береді»,– дейді. Болды. Біз немен мақтанамыз?! Қазір сұрасаң: «Ойбай, Шыңғысхан қазақ екен, ойбай, Адам ата қазақ екен, ойбай, Иса пайғамбар қазақ екен» дейді. Бұл нені білдіреді?! Бұл біздің ұлттың әлі дамып жетіспе­ген­дігін білдіреді. Бала деңгейінде екенін білдіреді. Бұл – провинциализм. Өйткені бүгін мақта­на­тын ештеңесі жоқ, сондықтан өтке­ні­мен мақтанады. Сіз өткенмен мақ­­тан­­баңыз. Сіз бүгін­мен мақтаны­ңыз». Оған Мемлекеттік сыйлықтың лау­реа­ты, ақын Тыныштықбек Әбдіәкім­ұлы «Математик неден қателесті?» деп жауап қайтарыпты. «Жақсы адам болу үшін, әуелі руханиятты меңгеру шарт. Кемел адамға тән аңқылдаған ақкө­ңіл­ділік, мәрттік, жомарттық, мейман­дос­тық, қайырымдылық, мейірімділік, адал­дық, арлылық, соның бәрі мате­ма­тика мен технократия арқасында қалып­таспайды, руханият арқасында қалып­тасады. Сонда технократия деге­німіз не? Ол – тәндік қажеттерімізді қанағаттандыру сапасын арттырудың, тұрмысымыздың (өміріміздің емес) салтанатын асырудың, затты затпен зерттеп-біліп, соның бәрін тағы да сол тән­дік қажетімізге пайда­ла­ну­­­дың, сау­да жасап, баюдың тиімді амал-тәсілдері ғана. Руханият бас бол­ма­ған жер­де, тех­нократия – біздің кон­центратты ішер асымыз бен автоматты жатар төсе­гіміз және «цифрлы» әжетха­на­мыз ғана болып қалады. Өйткені техно­кра­тия бізге өлең жазып, ән шыға­рып бере алмайды, өнер тудыра алмай­ды, адам­ды ізгілікке баули алмай­ды, қайы­рым­ды­лық жасап, мейірімділік көрсете ал­майды, ұлттық болмысымыз­ды сақ­тап қала алмайды», – деп қарсы уәж айта­ды. Әлеуметтік желі екіге жарылды. Ара-ағайындық сөзді Айдос Сарым айтыпты: «Бұл баяғының физиктер мен лирик­тер арасындағы дауы. Ол дау да еш­те­ңеге апармаған. Ешкім де жең­беген. Есімде болса, бір ұлы физик, Нобель­дің иегері айтыпты: егер бала­лық шағым қайтып келсе, ғылыммен бір­ге суретті, музыканы, әдебиетті қ­а­­­тар ұстар едім. Себебі, қартайған ша­ғымда жастықтың буымен өзімді өзім талай байлықтан айырған екенмін депті. Сол сияқты гуманитарлар мате­ма­­тикадан сәл де болса хабардар болса, ал технократтар өз мәдениеті мен руха­ния­тынан сусын­даса, одан ешкім ұтыл­­­­­­майды. Ал ұтатын қоғам болмақ. Ру­ха­ниятсыз жүз техно­крат­тан үш ақын­­­ның артық болатын кезі болады. Қолы­нан түк келмейтін, ынжық жүз ақыннан бір етікшінің пайдалы кезі де кезігіп жата­ды. Мәселе бізге қандай ақын немесе қандай технократ керек де­генге ауысуы тиіс. Екеуі де ауадай қа­жет! Бұндай дау балаға шеше керек пе, әлде әке керек пе деген сияқты дау ғой». Осы жерден тоқтауға да болады. ХХ ғасырдағы көзі ашық азаматтар «қазақ оқығандары» деп аталды. Солар­дың бәрі елдік мақсатта талай айтысқан, тар­тыс­­қан, дауласқан шығар. Бірақ бәрі де мақсаттас, мұраттас болғаны анық. Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан секілді өлгенше бір тертеге жегіліп өткендер бар. Абай «Бізге керегі – бірлік, онда да ақылға – бірлік» дейді. Қазір ақылды қазақ­тардың ой одақтастығы, ақылға бірлігі ғана жетіспей тұрғандай!