Қалам мен қаруды қатар ұстап...

Газет мақаласы Айқын газеті №72

1941-45 жылдар арасында Қазақстан ұлттың жартысынан астамын қан майданға берді.  КСРО халқы Ұлы Отан үшін  шайқаста жан аямай күресті. «Ұлы Отан соғысы» туралы атауға қарсылар да көп. «Қазақ  кімнің  Отаны үшін жан қиды?» дейтін пікірлер де аракідік  кездесіп жатады.  Дегенмен бұл соғысқа Қазақстаннан жүздеген мың адам қолына қару алып, ұрыстарға қатынасқаны,  Отан қорғау жолында мыңдаған қазақстандықтың шейіт болғаны – тарихи шындық. Бұл шындықтан қаша алмайтынымыз рас.

Қалам мен қаруды қатар ұстап...

Бір деректерде 1 миллионнан астам қазақстандық фашизммен қарсы күресті десе, енді бір деректерде «600 мың» дейді. Қалай десек те, Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс КСРО халқы үшін қым­батқа түскені анық. Бұл соғыста жауынгер ұлдар өз елінің бостандығы мен тәуел­сіздігін қорғап қалды. Еуропа ха­лықтарын фашизмнің қанды шеңгелінен құтқарып, жеңімпаз халық атанды. Қан майданға елімізден 100-ге жуық ақын мен жазушы қатысқан екен. Қаламы мен қа­руын қатар ұстаған қаламгерлер өте көп. Біз солардың бір парасына ғана тоқтал­мақпыз. 

Күркіреп күндей өтті ғой соғыс

Соғыс тақырыбында жазбаған қалам­гер кемде-кем. Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Ғабит Мүсірепов, Тайыр Жароков, Ғали Орманов, Мариям Хакімжанова, Әбу Сәрсенбаев, Дихан Әбілов, Жұмағали Саин, Қапан Сатыбалдин, Асқар Тоқмағамбетов, Жақан Сыздықов, Қалижан Бекхожин және тағы басқа қалам ұстаған жазушы­лардың барлығы дерлік қазақ халқының ер­лік тарихы, қаһармандығы туралы көр­кем сөзбен өрнектеп, жырға қосты. Дәл сол шоғырдың ішінде шоқтығы биігі – Қасым Аманжолов. Қан майданның ортасында жүрсе де, қолынан қаламы түспеген ақынның «ақындық атағын шы­ғарған алапат соғыс, халық трагедиясын, оның ішінде қазақтық қасиетті жырлаған дауылды, нажағайлы, нөсерлі өлеңдері еді. Соғысты дәл өзінің ішіне кіріп алып жыр­лау – сонау Махамбет дәстүрі, үлгісі болса, енді одан жүз есе үлкен де апатты соғысты жырлау, ондағы қазақ бейнесін жасау поэзияда негізінен Қасым Аман­жолов үлесіне тиді деген артық сөз емес» (Ғ.Қайырбеков). 

– «Келмейді өлгім, келмейді өлгім!
Қайратым қайда, келші осындайда», 
Дедім де тұрдым, жүгіре бердім, 
Қолымда найза шағылып айға,
Жеңдік қой жауды, арман не, құрбым!
Күркіреп күндей өтті ғой соғыс.
Келемін қайтып, өлеңімді айтып...

Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз! – деп жырлаған Қасым ақын ғой бұл. Ерлігін де, өрлігін де көрсете білген ақынның қай өлеңін алсақ та, рухқа толы. Халқы Қасым ақынды «дауылпаз» деп атайды. Шынында да, «дауыл мен оттан жаралған» ақынның өлеңдері дауыл, нажағай, от-жалынға «оранып» тұрғандай. Соғыстан кейін жарық көрген ақынның алғашқы жыр жинағы да «Дауыл» деп аталады. Дауылпаз ақын өлеңін «дауылға» текке теңемесе керек-ті. 1941-45 жылдардағы соғыс туралы сөз қозғағанда Қасым ақыннан айналып кетпейтініміздің де себебі – осы.

– Алшы жаттап, балғын бөбек,
Алтын қалам алшы қолға,
Ағаң құсап, жазшы өлең!
Аш жүзіңді, шашыңды жи,
Жас арулар, шық ортаға,
Ойнашы күй, ойнашы күй,
Жасыңды тый, қарт ата-ана!
Соқсын дауыл дауысымыздан,
Жырлайықшы қосылып бір, 
Көрдің бе, әне, сонау құздан,
Күліп қарап, Абдолла тұр!
Осынау көк аспанда, сонау құздан Абдолла ақын ғана емес, Қасым ақын да күліп қарап тұрғандай...

Менің жастығым адам баласының қызметіне берілді


«Менің жастығым адам баласының қызметіне берілді. Мүмкін мен жасты­ғымды қайыра алмаспын. Бірақ ол босқа кетпейді, менен кіші інілерімнің еншісіне тиеді. Кейінгі жастар, жас інілерім, сендер бақытты жандарсыңдар. Сендер соғыс дегенді білмей өтетін боласыңдар. Біз жас­тығымызды сендердің бақыттарыңның жолына құрбан еттік. Сендер тыныш өмірде бақытты жасайтын боласыңдар. Біз кәрлі кезеңнің, соғыс заманының жан­дарымыз. Біз соғыста туғанбыз, соғыста өлеміз. Күресте тудық, сол күреспен өлеміз. Осының бәрі сендер үшін кейінгі ұрпақ!». 
Бұл – батыр Баубек Бұлқышевтың айтқаны. «Заман сендердікі» дейді батыр ұл. Жастық жалыны мол қаламгер қан майданда құрбан болды. 
«Мен – шығыс адамымын, батысқа кетіп барам. Біраз жерге келіп те қалдық. Елім жақтан шығатын алтын күн мен ұзақ күн мені күні бойы жылытады, ол қашан да қасымда. Міне, кеш бола бастады. Күн батысқа еңкейіп келеді, мен де батысқа қарай келе жатырмын. Күн де мені қима­ғандай, ұясына қона қоймай тұр. Маған келіп, тура қадап: «Шығыс ұлы, жолың болсын! Шығысқа жеңіспен қайт! Мен сені Алатаудың аясында қарсы алармын!» деп тұр. Күн көкжиекке батып барады. Мен әлі жүріп келем, алға кетіп барам. Мен жау тас-талқан болып жеңілгенше, ілгері қарай аяңдай беруге тиіспін» дейді шығыстың қаһарман ұлы. 

Оның бойында азаттықты сүйген жүрек бар. Туған жері, сүйікті атамекені жау қолына тапталмай, азат болса екен деп тілейді. 
«Менің өмір сүргім келеді. Бірақ фа­шист неміспен бірге өмір сүре алмаймын. Фашисі бар дүние тар мен үшін. Адам мен аң бір бөлмеде тұра алмайды. Бір жердің үс­тінде фашист неміспен өмір сүре ал­маймын мен. Біз Шил­лерді, Гетені сүйе­тінбіз, біз оларды қа­зір де жақсы көре­міз. Біз қанқұмар емес­піз». Бұл да – батыр Бау­бек­тің жазған­да­ры. Ол із­гі­лік­ті, мейі­рім­ді мақсат тұтты. Тыныш­тық­ты бұзған­да­рмен күресті. Ұрпақ аман­дығы үшін кү­ре­с­ті. Оның бо­йын­­да бір ғана мақ­­сат бар еді: 
ол – жаумен күресу. Қай заманда да, қай кезеңде де тарихқа үңіл­сек, батыр ұлдардың бәрі де ел­дің амандығын, бос­тандығын, азат­­тығын арман­дады. Олар­дың мақса­ты – ер­лік көрсету болған жоқ.
«Біз, жас­тар, тағ­ды­­­ры­мыз сені­мен бай­ла­нысты еке­нін біле­міз, туған жер. Біз сенің топыра­ғың­­да ғана ба­қытқа бөлен­бек­піз. Өмір­дің биік шыңы­на қол созамыз, адам дүние­сі­нің сай-са­ла­сына ой жү­гіртеміз. Біз ба­қытты жас­тар едік. Се­нің үстіңде қуа­нышқа ке­неліп, той тойлаған күн­дер есте. Бүгін сенің үс­тіңде жау­мен жаға­ла­су­да­мыз. Біз сенің үстіңде тудық, се­нен өстік. Керек бол­са, сенің үстіңде өле­міз де. Бірақ жауға бе­ріп қоймаймыз сені. Серт – осы! Біз осы­ған ант етеміз, ізгі ана! ...Біздің заман талас­та! Жастық шағымызды қырау шалғалы тұр! Бірақ біз өз заманымызды ешкімге бере алмаймыз! Заман біздікі! Өз заманымыз үшін жан пида! О, жастар! О, құрбылар! Біз келешек ұрпақтың алдында жауапты болмайық, біз олардың келешегін өртке шалдырмаймыз. Біз аталарымыз қанды майданда күреспен жеңіп алған тамаша дәуірді мақтанышпен өткізуіміз керек»... Міне, батыр ұлдың еліне, ұлтына қалдырған аманаты. Баубек батыр армандаған азат күнге, тәуелсіздікке ұрпағы қол жеткізді. 


Мың қолдар сау болсын деп...
– Мың қолдар сау болсын деп,
Мен бір қолымды бердім.
Мың жолдар жалғансын деп,
Мен бір жолымды бердім.
Мың гүлдер солмасын деп,
Гүлдей жастық күнімді бердім.
Мың ақын толғасын деп,
Мен бір жырымды бердім. 

Сырбай Мәуленов осылай толғайды. Бұл – 18 жасында майданға аттанған ақынның жүрек сөзі, көңіл толқыны. 
«18 жасымда армияға алынып, Дон­дағы Ростовта болдым да, көп ұзамай ауруыма байланысты әскери қызметтен босадым. Соғыс басталғаннан кейін бір жыл өткен соң, денсаулығым түзелгесін, өз өтінішіммен майданға қайта аттандым» деп жазады Сырбай ақын. 
«...Әскери өмір менің өлеңімнің де мектебі болды. Соғыс мені күйретті де, көп нәрсеге үйретті. Тәніме мәңгі өшпейтін таңбасын түсірді. Әкемнің жақын інілерін де жалмап, жаныма жазылуы қиын жара да салды. Соғыс тақырыбына менің айналып соға беретінім сондықтан» деп жазған екен бір кездері ақын. Оның әйгілі «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңі әнге айналды. 

– Жаутаңдап қарап дала тұр, 
Көз жасын сүртіп жаңа бір.
Хабарсыз ұлын сұрауға,
Жолыңды тосып ана жүр. 
Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар.
Көрдің бе ұлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар.
Кешікпей жарым келер деп,
Төрінен сайлап орынды, 
Батысқа қарай елеңдеп,
Ару жүр тосып жолыңды.
Көтерді бәрін ауырдың,
Азамат болып арды ақтар.
Көрдің бе жарын арудың,
Соғыстан қайтқан солдаттар.

Бұл өлеңінің бір үзігі ғана. Соғыс салған зұлматты әнмен шертіп тұрған бұл өлең – сол заманның, сол кезеңнің қа­сіретті көрінісі еді. Сырбай ақын соғыс тақырыбын текке жырлаған жоқ. Өзі көз­бен көрген шындықты өлеңге айналдырды, жүрек шерін шертті. Көркем дүниеге ай­налған соғыс дерті ақынның әр өлеңінен көрініс тауып жатты. «Барады үнсіз түнеріп, соғыстан қайтқан солдаттар». Сол түнергендердің қатарында Сырбай ақынның да бары рас. Ол «түнеру» өлеңге арқау болды. Сол өлеңмен елдің, ұлттың қасіретін жырлады, шерін тарқатты.

«Махаббат, қызық мол жылдар»

«Махаббат, қызық мол жылдар» – ең көп оқылған шығармалардың бірі. Жастығы соғыс жылдарымен қатар келген ұрпақтың кез келгені бұл шығармадан өзін іздейтіні анық. Расында, кейіпкер Ерболдың өмірдегі нақты прототипі – Әзілхан Нұршайықов. Өз өмірін, өзінің соғыстан оралған жылдары туралы өзгеше суреттейді. 
Жазушы төрт жыл соғысқа қатысты. Қан майданға әкесі, әкесінің інісі үшеуі бірге аттанады. Өкінішке қарай, жалғыз өзі аман қалады. 1945 жылдың аяғында әскерден босатылып, Алматыға келеді. ҚазҰУ-дың филология факультетіне оқу­ға түседі. Туған-туысынан ешкім қал­маған қаламгердің алғашқы кездері тұр­мысы өте ауыр болады. Оқудан бос уақы­тында сексеуіл базасында жұмыс істеген. Тиын-тебен тауып, күнкөрісін айырған. «Осын­дай үлкен дәрежеге жетсем – уни­верситет бітіргенімнің арқасы, ал менің дипломға қол жеткізуім – көмектескен қыздардың арқасы» деп айтуы да тегін емес. 
Жазушы соғыс кезінде өзіне күнделік жазуды серік етті. Майдандас достарының ерлігін насихаттаудан бөлек, ара-тұра өлең жазып қоятын қасиеті болғасын ба, жазғандарын шағын күнделік дәптеріне түртіп қоюды әдетке айналдырады. Сөйтіп жүріп, қалай күнделік жазып бастағанын білмей қалады. Соғыстан жазып қайтқан 15 дәптері бүгінде Орталық архивте сақ­таулы тұр. Одан бөлек, батыр Бауыржан Момышұлы туралы «Аңыз бен ақиқат» жазылса, Мәлік Ғабдуллинге арнап «Тоғыз толғау» кітабын жазды. Мәншүк Мәме­това­мен де қан майданда қатар соғысты. Ол туралы «Невель түбінде» атты арнайы повесть жазды. Ең бастысы, соғыстан кейін жазушы «махаббат жырын» жазғаны. 


Батыр партизандар

Соғыстың алғашқы күндерінен бастап, Кеңес армиясының қатарында болған қаламгерлер өте көп. Солардың ішінде партизан Әди Шәріпов, Қасым Қайсенов, Жұмағали Саин алдыңғы шепте тұратыны анық. Ал «Жаралы партизан жырына» арқау болған – Жұмағали ақынның өзі.
1942 жылы бір ұрыста ақын Жұмағали көкірегінен оқ тиіп, қатты жараланады. Партизандар отрядының саяси жетекшісі Жұмағалиды аман алып қалуға бар күш-жігерін жұмсайды. Үш ай бойы өздерімен бірге сақтап, ең қиын ұрыстарда да алып шығып жүреді. Бірақ денсаулығы сыр бере бастаған соң, амалсыз паризандар оны Донбастың ескі шахтері Масловтың үйінде қалдырады. Масловтың қызы Ефросинья жаралы партизанды өз қамқорлығына алып, әлсіз кездерінде аузына су тамызып, асырайды. Жаралы партизанды іздеген фашистер Масловтың үйіне бірнеше рет тінту жүргізсе де, ержүрек қыз оны тығып қойып, жау қолына бермеген екен. Жара­лы жауынгерді емдеп жазып, адам қата­ры­на қосады. Жаралы ақын соғыс майданы­нан алыс қалып, оның үстіне ауру меңдеп, қиын сәттерді бастан кешеді. Бұл сезім жыр­ға айналып, «Жаралы партизан жырына» арқау болады. Бұл өлең – ауыр жарақатына қарамастан, достарын іздеген, қайта сапқа тұратын кезді аңсаған, май­дан­ды сағынған жаралы жауынгердің жан сыры еді. 
Әди Шәріповтің «Партизан қызы», Қасым Қайсеновтың «Жау тылындағы бала», Жұмағали Саинның «Жаралы пар­тизан жырлары» партизандық күндерден сыр шертетін шығармалар. Мұнда соғыс жылдарындағы азап-шер, көзбен көрген шындық, боямасыз өмір бейнеленген. 
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ақын-жазушылардың қарасы көп екенін жоғарыда айтып өттік. Бауыржан Момышұлы туралы аңыз да көп, ақиқат та жетерлік. Қазақтың Қайсеновын барша жұрт үлгі тұтады. Мәлік Ғабдуллиндей ұлт батырын, Рахымжан Қошқарбаевтай ержүрек қаһарманды елі ұмытқан емес. Соғысқа 18 жасында аттанып, 1954 жылы ғана елге оралған Қалмұқан Исабаевтың та жүріп өткен жолы көпке үлгі. 
Бұл майданнан 350 мың қазақ оралған жоқ. Бәлкім, нақты саны одан көп те болуы мүмкін... Майдан және қорғаныс өнеркәсібіне Қазақстаннан әрбір төртінші тұрғын алынды. АҚШ жазушысы, май­дангер тілші Верт Сталинград шайқасында Қызыл Армияның ең ержүрек жауын­герлері қазақтар мен Орта Азия халықтары болғанын жазған екен. Жауынгерлерді майданда шабуылға Абылай, Кенесары рухы бастағаны анық. Ержүрек ұлттың ұрпақтары да батыр кеуделі келетіні жасырын емес. Мұны майдан шебінде жүрсе де, батырлық рухын қаламына қару еткен ақын-жазушылар толғауынан анық байқауға болады. 
Соғысқа қатысқан әр қазақстандық ерлік көрсетті. Майдан шебінде ерлік көрсеткен қа­һарман ұлдар өте көп. Біз олардың көбін білмеуіміз де мүмкін.. 

P.S. Белгілі ақын Иран-Ғайыптың «Оралу» атты өлеңінде мынадай жолдар бар: 
...Оқыранды белдеудегі арғымақ – 
Отырды шал немересін алдына ап. 
«Біссіміллә!» деді ақ кемпір ақырын, 
Сырқат жеңген сүйектері саудырап. 
Кемсең қағып, кимешегін дұрыстап, 
Төсегінен тұра берді жылыстап – 
Шымылдықта шыдамына тұн­шықты, 
Жас келіншек арқа-басы құрыстап. 
Кәрі төбет үре бере үні өшті – 
Өшкен үнге ерен екпін ілесті – 
Сыралғы әдет тыным бермей тұтқаға, 
Қоңыр үйге ену үшін күресті. 
«Кім болды екен, – десті бәрі, – кешік­кен?!» 
Қара мақпал сусып түсті бесіктен – 
Жалғыз көзді, 
Сыңар аяқ, 
Шолақ қол – 
Жеңіс кіріп келе жатты есіктен!.. 

Бұл жеңіс КСРО халқы үшін оңай болған жоқ. Сол халықтың бір бөлшегі – біздің бабаларымыз. Фашизм­мен қарсы күресте қазақ халқының рухы биік болды. Бұл рух ұрпағын жаудан қорғаған баба­лар­дың асыл мұраты еді. Бүгінгідей бейбіт заманда ұлт ретінде жоғалмаудың, із-түзссіз кетпеудің амалы өткеннен сабақ алу дер едік. Баубек ақын айтқандай, «за­ман біздікі». Сол бейбіт заманның қадірін бүгінгі ұрпақ білсе екен дейміз.


Айна ТҰРҒАНБАЙ