«Анаға апарар жол» фильмі АҚШ-та прокатқа шығады

«Анаға апарар жол» фильмі 24-мамырдан бастап АҚШ-та прокатқа шығады. Фильмнің АҚШ-тағы дистрибьюциясын америкалық World Wide Motion Pictures Corporation компаниясы қолға алды. Бұл туралы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильмнің» баспасөз қызметі хабарлады.

«Анаға апарар жол» фильмі АҚШ-та прокатқа шығады
Фото: Интернеттен алынды

Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» АҚ «Новый мир» және Sataifilm компанияларымен  бірлесе түсірген   фильм Лос-Анджелес (Калифорния штаты), Хартфорд (Коннектикут штаты), Хьюстон (Техас штаты) және Нэшвилл (Теннесси штаты) қалаларындағы кинотеатрларда көрсетіледі. Америкалық прокаттан кейін (90  күн өткен соң)  фильмді Netflix компаниясының стриминг-платформасы (ағымдағы онлайн көрсетілім) және VOD (сұрату бойынша фильмді көру) сандық таралымы арқылы тамашалауға болады.

  «Анаға апарар жол» фильмі Қазақстан атынан «Оскар» және «Алтын глобусқа» «Үздік шетел фильмі» аталымында ұсынылған болатын. 

 «Продюсерлерімізге, түсірілім тобымызға және маған да біздің фильмімізді АҚШ кинотеатрларында көрсететіні үлкен абырой. «World Wide Motion Pictures Corporation» компаниясы фильмімізден шынайылықты көріп,  ондағы оқиға желісі әлемнің барлық аудиториясына ұғынықты болатынына сенім білдіргеніне қуанып отырмын», –  дейді фильмнің режиссері Ақан Сатаев.