Ғарифолланың есімін әуелеткен кеш

Қазақстанның мәдени қоғамы көрнекті әнші, композитор, еліміздің мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына 110 жыл толуын атап өтті. Көрнекті әншінің құрметіне Абай атындағы опера және балет театрында «Опера Арнау» салтанатты концерті өткізілді.

Ғарифолланың есімін әуелеткен кеш

Уақыт кенеттен кері зымырап, көрермендер XVI ғасырдың бірінші жартыжылдығында бірнеше дала рулары мен тайпаларынан Қазақ хандығының құрыла бастаған сәттегі күй мен романтикалық эпос дәуіріне енгендей болды. Театрдың үлкен сахнасында Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», М.Төлебаевтың «Біржан-Сара», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», Ғ.Жұбанованың «Еңлік-Кебек», С.Мұхамеджановтың «Айсұлу», «Ақан Сері-Ақтоты», Б.Жұманиязовтың «Қамар сулу», «Алпамыс», «Махамбет» операларынан ариялар орындалды. «ARTE» галереясында «Ғарифолла Құрманғалиев – қазақ даласының ұлы әншісі» фотокөрмесі өтті, онда көрнекті әртістің сахналық костюмдері, қойылымдардағы образдарының суреттері көрсетілді.

Концертке ҚР еңбек сіңірген әртісі – Жамиля Баспақова, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері – Гүлзат Дәуірбаева, Дина Дұтмағамбетова, Балапан Жұбаева, Болат Бөкенов, Талғат Күзембаев, Андрей Трегубенко, Болат Жомартов, халықаралық байқаулардың лауреаттары Нұржан Бажекенов, Олег Татамиров, Оксана Давыденко, Дулат Тоқанов, Есенгелді Рза, Зарина Алтынбаева, Болат Қанағатов, Балуан Беркенов, Надия Наденова, Жадыра Аманова, Абай ат. ҚМАОБТ хоры және симфониялық оркестрі дирижер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері –  Мүсілім Әмзенің басқаруымен қатысты. Концерт режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Ләйлім Иманғазина.

final7.jpg
 

– Біз концерттік бағдарламада театрдың 85-жылдық тарихында құрылған қазақстандық композиторлардың операларындағы ариялар мен көріністерді ұсындық. Көпшілікке танымал бірнеше арияларды іріктеп алдық. Сондай-ақ, Ғарифолла Құрманғалиевтің сирек кездесетін суреттері, бейнероликтері көрсетілді. Театрдың шығармашылық труппасы осы кешті біздің жетекші тұлғаларға – қазақ операсының дамуындағы барлық адамдарға арнайды, – деп атап өтті Абай атындағы ҚМАОБТ дирижері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Мүсілім Әмзе.

Тенор және сопрано регистрлерін қамтитын шексіз күш пен кең ауқымды дауыс иесі Ғ.Құрманғалиевтің орындауында халық әндері асқақ та әсем әуезімен шырқалатын. Ол әрбір әуенді әуелете салған сайын оған жан мен жүрек бітіріп, дауыс сазына даланың ұланғайыр дарқандығын өз көңіл толқынысымен ұштастыра сиғызып жіберетін. Сондай-ақ, өзі де әндер шығарды. Олар: «Ақжайық», «Сүйген жар», «Нұржамал», «Жан еркем», «Аққу», «Сүйемін, туған өлкем» т.б. Ғ.Құрманғалиев ән сапарымен төрткүл дүниенің талай елдерінде болып, сан сахналардан ұлттық музыкалық салт-дәстүріміздің байлығын паш еткен. Оның аңызға айналған әсем дауысы Ресей, Қытай, Иран, Пәкістан, Германия және Италия елдерінде шарықтап, көрермендердің құлақ құрышын қандырды.

 – Абай атындағы опера және балет театры елімізге аты аңызға айналған ұлы әншілерді, бишілерді, дирижерларды, музыканттарды, композиторларды, режиссерлерді, драматургтерді, суретшілерді берді. Жұлдыздардың бірегей саңлақтарының арасында Ғарифолла Құрманғалиев ерекше орын алады. Оның арқасында бізге Мұхиттың және басқа да халық композиторларының әндері жетті. Оның арқасында бәріміздің сүйікті әндеріміз «Қыз-Жібек» операсында  орындалып жүр. Оның дауысының арқасында Қазақстанның өнері Еуропаны шарлады, танымалдылыққа ие болды, – деп санайды  Абай атындағы ҚМАОБТ режиссері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Ләйлім Иманғазина.