«Алтын қанат» иегері анықталды

Газет мақаласы Айқын газеті №85

Елімізге Медеу Арынбаев, Мәдина Сәдуақасова, Маржан Арапбаева, Жанар Дұғалова, Димаш Құдайберген сынды талай таланттарды сыйлаған республикалық «Жас қанат» жас орындаушылар байқауы 31 мамыр мен 2 маусым аралығында жиырма сегізінші рет өтті. Тәуелсіздігіміздің төл құрдасы болған музыкалық додада Қазақстанның 10 қаласынан 14 үміткер бақ сынады.

«Алтын қанат»  иегері анықталды

27 мамырда ұйымдастыру­шылар мен қатысушылар алғаш рет бас қосып, «Жас қанаттың» өту барысына бағыт-бағдар берілді. Онда аталған байқаудың бас продюсері Мұрат Ерғалиев «Жас қанаттың» уақыт сынынан сүрінбей өткенін атап өтіп, оған қатысудың өзі жеңіс екенін айтты. Сондай-ақ дәстүрлі жиында биылғы «Жас қанаттың» басты жаңалығы, байқау ішіндегі «Мистер Жас қанат» байқауы болатыны белгілі болды. Яғни, қатысушылардың төртеуі ғана нәзік жанды, ал қалғаны ер-азамат болғандықтан, «Жас қанаттың» жаңа серіктесі «Мисс Қазақстан» сұлулық байқауының арулары тұңғыш рет «Мистер Жас қанатты» таңдады.

Негізгі байқау әдеттегідей үш кезеңнен тұрды. Жартылай финалға он төрт қатысушының он бірі өтсе, финалда үздік деп танылған бес қатысушы бақ сынады. Жартылай финалистер арасында белгілі әнші Жұбаныш Жексенұлының ұлы Абик Жексеннің болғанын айта кетейік.

Биыл байқауда профессор Раиса Мұсаходжаева, «Астана Опера» театрының бас хормейс­тері Ержан Дәуітов, композитор Серік Еркімбеков, композитор-мульти-аспапшы Еділ Кұсайы­нов, Kazakh TV-ның Халықа­ралық ақпарат бөлімінің басшы­сы Ләззат Шатаева, сондай-ақ «Жас қанаттың» түлектері Медеу Арынбаев, Маржан Арапбаева, Қайрат Баекенов және Мәдина Сәдуақасова қазылық етті.

«Биыл қатысушылар ре­пертуарын шебер таңдап, күшті дайындықпен келген. Сондықтан ұпайларының да айтарлықтай айырмасы бол­мады», – дейді қазылар алқа­сындағы еңбек сіңірген өнер қайраткері Серік Еркімбеков.

Байқаудың бас жүлдесі – «алтын қанат» үшін бақ сынаған бестіктің арасынан үздігін анықтау қиынға соқты. Себебі, финалдағы бас жүлдеге үміткер екі қатысушының ұпайы тең түсті. Әділ қазылар алқасы арасында өткен қызу пікірталас нәтижесінде, байқау жеңімпазы, биылғы «алтын қанаттың» иегері шымкенттік Дидар Әбдухалық болды. Ал Нұр-Сұлтан қаласы­ның атынан қатысқан Жанболат Ұзақбай «күміс қанатты» енші­лесе, көкшетаулық Әділ Балтабаев «қола қанат» иегері атанды.

«Мистер Жас қанат» байқа­уының қорытындысы бойынша Балқаш қаласынан келген «Хан» триосы үшінші вице-мистер, нұр-сұлтандық Жанболат Ұзақ­бай екінші вице-мистер, ал семейлік Олжас Оспан бірінші вице-мистерлікке лайық деп танылды. Ал «Мистер Жас қанат» атағын негізгі байқаудан да жеңіске жеткен Дидар Әбдухалық қанжығасына байлады.

«Қос жеңістің дәмін әлі толық сезіне қоймадым. Бірақ бір білерім, алған асуымда тұрып қалмай, іздене беруім керек. Сонда «Жас қанат» шығарма­шылық жолымның басы болып қалады», – деді жеңімпаз өз сөзінде.


Жансая ҚАМБАР