Қаламгерге құрмет

Газет мақаласы Айқын газеті №85
Қаламгерге  құрмет


ПРЕЗИДЕНТТІҢ ШЫНАЙЫ  ҚАМҚОРЛЫҒЫ

2001 жылдың шілдесінде әйгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетов зайыбы Қазақ­станның халық артисі Қорлан Қалиламбековамен Қостанай­дағы «Сосновый бор» сана­торийіне демалуға келді. Сонда Марфуға екеуіміз барып, та­ныстық. Марфуғаның Әзір­байжан ағадан алған сұхбаты «Қостанай таңы» газетінің сол жылғы 24 шілдедегі санында жарияланды.

Ағамыз сол сұхбатта «Аяулы жарым Ғазиза Жұбанова ауы­рып жатқанда Н.Назарбаев келіп: «Қандай кө­мек қажет?» деп сұрады. Қатты қиналып жатқан Ғазизаға өк­пеге ауа жеткізетін Қазақстан­да жоқ бір аппарат керек еді. Ол тек ше­тел­­де бар екен, бағасы өте қым­бат. Нұрекең соны ал­ғызды. Ажал мен өмір айқасып жат­қанда әлсіреген адамның тама­ғына тамшы су әкеліп тамыз­ған­мен бірдей ғой бұл. Менің Ғазизам да соңғы са­ғат­тары мен минуттарында қатты риза болып жатты. Сөйтсек, ол Ре­сей президенті Борис Ельцин­нің аппараты екен деп еске алған еді.

Әзірбайжан Мәмбетов Алматыда жұмыссыз қалғанда Президент Астанаға шақырып, жұмысқа орналастырған. Оған Халық қаһарманы атағын беріп, рухын көтерді. Әйгілі компо­зитор Ахмет Жұбанов пен қызы Ғазизаның музейін аман сақтап қалған. Нұрсұлтан Назарбаев­тың осы және басқа да жасаған жақсылықтарына Әзірбайжан аға өле-өлгенше риза болып кетті.

Асылын қадірлей білген Елбасының игі істері біздегі министрлерге, әкімдер мен бастықтарға, басқа лауазым иелеріне үлгі болса екен деймін. Талантты, дарынды дұрыс тани біліп, оларға тірі кезінде құрмет көрсете білейік!


ҰМЫТЫЛМАС ЕКІ КҮН

Өмірімде көптеген жам­поз-жайсаңдармен танысып, әң­гімелесіп, араласып, асыл­дар­дың ғибратты ғұмырлары­нан үлгі алып, солардың ізгі қа­сиет­­терін бойыма сіңіруге ұмтыл­дым. Қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Әбдіжәміл Нұрпейісов мен үшін сондай жандардың бірегейі, ерекше тұлға.

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің атына ес білгеннен бері қа­нықпын. Мектеп қабырға­сын­­да оқып жүргеннен-ақ жазу­шы­ның «Қан мен тер» трио­ло­гиясы бүкіл елдің наза­рын аударғанын байқап едім. Кең көріністі, те­рең мағы­налы, шоқтығы биік аталған еңбегі арқылы Әбді­жәміл ағамыздың атағы аспан­дап, мерейі көте­рілді. Сол ар­қылы қазақтың да аты шықты. Мұхтар Әуезовтің «Абай жо­лы» романы іспеттес ұлты­мыздың абыройын әлемге асқақтатқан кесек, ірі туынды десек, қате­лес­пейміз. Халқы­мыз­ға ұнаға­ны сон­шалық, тәуелсіздік жыл­дарында Ақ­төбе жерінде «Қан мен тер» триологиясының кейіпкер­леріне ескерткіш қойылуы – соның жарқын нышаны.

Даңқы бұрынғы Одаққа, шет елдерге жайылған Әбді­жәміл Нұрпейісов 2001 жыл­дың 3 қазанында Қостанай же­ріне келді. Әуежай басында облыс әкімінің орынбасары Серік Бектұрғанов бастаған топпен қарсы алып, екі күн бойы бірге жүрдік. Сол екі күн жадымда өш­пестей болып жа­зылып қал­ды. Қаланың көрікті жерлерін тамашалап, Ыбырай Алтын­сарин музейін көріп, Бейімбет Майлин мен Ахмет Байтұр­сынұлы ескерт­кіш­те­ріне тағзым еттік. «Осын­­дай асылдары­мызды баға­лай бі­луіміз керек. Бұл – елдігіміздің белгісі» деген жазу­шы тебіреніп.

Қонақүйде жанында болып, түн ортасынан асқан­ша, келесі күні таңертең шай үстінде, әуежайға барғанша Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қызықты, тағылымды әңгі­месін ұйып тыңдап, көкірегіме күн нұры құйылғандай болды. Қолтаңба жазып, «Соңғы па­рыз» кітабын ұсынды. Қа­зақтың беткеұстар асылы сол жылы 77 жаста еді. Қазір әде­биетіміздің абызы атанып, қартайса да қолынан қаламын түсірмей, қайраткерлік таны­туда. Өмірбақи қажымай, тал­май жазып келеді. Әбдіжәміл ағамыз зейнетінен бейнеті көп жазушылықты тастамай, ұл­тымыздың намысын жоғары көтеріп, әдебиетке адалдығын көрсетуде. Оның әдебиет са­ласындағы еңбексүйгіштігі кімге болса да үлгі. Бәріміз соны үйренуіміз керек. Егер қазақ тілінің телегей-теңіз байлығынан нәр алғыңыз келсе, оның тұнық айдынында шомылғыңыз келсе, сізге Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармаларын оқыңыз деп кеңес беремін.

     

ҚҰНАНБАЙ – ДАРА ТҰЛҒА

Жазушы Рамазан Тоқтаров «Ертіс мұхитқа құяды», «Тұлпардың сыны», «Ғасыр наны» т.б. кітаптары арқылы оқырманға кеңінен таныс. 2000 жылдың 29 маусымында Мәскеуде операция жасап, Қостанайдағы журналист қызы Бақытқа келіп, «Қос­танай таңы» газетінің редак­ция­сына кірген еді. Сол кезде қызымыз Сандуғаш универ­ситет бітіріп, диплом алып, той жасау қамына кіріскенбіз. Сол тойда Рамазан аға зайы­бымен бірге болып, игі тілегін білдіріп еді.

Рамазан Тоқтаров алдында «Абайдың жұмбағы» романын жазған. Аталған қалың кітабын қолтаңбамен маған сыйлады. Бала Абай, дана Абай жайлы, әкесі Құнанбайдың мүлдем басқа адам, яғни жақсы адам болғаны туралы оқып, үлкен жаңалық ашқандай болдым. Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопея­сында ұлы ақынды әлемге та­ныту үшін және социализм заманының талаптарына бай­ланысты әкесі Құнанбайды жағымсыз кейіпкер ретінде көрсетуге мәжбүр болды. Бізге ұстаздарымыз да, ғалымдар да осылай деді. Шын мәнінде, Құнанбайдың озық ойлы, елінің тәуелсіздігін аңсаған, халқына жаны ашыған адам болғанын сол кездің өзінде үлкендер айтатын. Кенеса­рының Ұлт-азаттық көтеріліс жылдарында оның әскеріне жасырын аттар, азық-түлік, қаржылай көмек көрсеткені жайлы да әңгіме шертіледі. «Әкеге қарап ұл өсер» деп хал­қымыз айтқандай, Абайдың данышпан, философ, ойшыл болуына да әкесі Құнанбайдың өнегелі, ақылды тәрбиесі әсер етті деп санаймын.

Рамазан Тоқтаровтың осы шығармасы дәл өмірден өтер алдында Мемлекеттік сыйлық алды. Ағаға ақтық демі бітер кезде, 2000 жылдың 13 желтоқ­санында мұны жеткізіпті. Ол көз жұмар алдында бас ең­бегінің әділ бағаланғанын біліп кетті. Құнанбайды басқа қырынан ашып, оның жар­қын, дара тұлға екенін елге та­ныт­­қан, Абайдың өсіп-өр­леу ке­зеңін, қайраткерлік бей­несін шебер сомдаған жазушы та­лантының алдында тағзым жасағым келеді.


АҚСЕЛЕУ АҒАНЫҢ КӨРКЕМ ЖАЗУЫ

xat.JPG  

Белгілі ақын Марфуға Бектемірова екеуміз фило­ло­гия ғылымдарының док­торы, профессор Ақселеу Сейдім­бекті ерекше құрмет тұтушы едік. Марфуға «Ауыл» газетінде қызмет етіп жүргенде Ақселеу аға­мыз­дан сұхбат алып, дик­тофонға жазылған сөздерін қағазға түсіріп, мәтінін жұмыс ор­нына жеткіздік. Қолмен жа­зылған екі ара­дағы әңгіме желісіне көз жүгіртейік.
 «Сәлеметсіз бе? Ақселеу аға, әдемі бір түскен суре­тіңіз керек. Оқып болған соң ха­барласыңыз. Сізден звонок күтеміз. Марфуға.
 Жұмыс телефоным: 31-74-32. Үйдікі: 21-31-73»
 «Қадірлі Марфуға!
Қарап үлгергенім осы бол­ды. Қазіргі қалпы бір жобаға келген сияқты. Ендігі міндет, түзетулерден жаңылысып кет­пей мұқият теріп шықсаң екен.
 Сұрақ туындап жатса, әрине, хабарласарсың.
 Газет басшылары құп көріп басатын болса, сол нөмірдің шығатын күнін айта саларсың.
                                                                                                 Құрметпен Ақселеу.
                                                                                                                     30.05.06.»
 Ертеде мектепте 1-сынып­қа барғанда «Көркем жазу» пәні өтетін. Сол пән бойынша біз де әріптерді қалай дұрыс, әйбат жазуға үйренгенбіз. Ақ­селеу ағаның әріптерді мар­жандай етіп, әп-әдемі жазуына таң қаласың. Тайға таңба бас­қандай неткен әсем десеңізші! Оның жазуы ісмер шебердің қолымен тігілген кестеге, ғажайып ою-өрнекке ұқсайды. Осындай қолтаңба ерекше көрінеді, ол өзгелерде жоқ секілді.
 ...Өмір деген өткінші ғой. Ай мен күннің аманында ақ­жарқын мінезімен, жан-жақ­ты, терең білімімен бәрімізді баурап алатын Ақселеу аға да, ойшыл, нәзік сезімге толы өлеңдерін жазып, жұртшылық алдында жігерлене оқитын ақын Марфуға да бақилық болды. Жұбанарлығы сол, екеуінің де соңында халық сүйсініп оқитын татымды туындылары қалды.


УӘЛИХАН ҚАЛИЖАННЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫ

Кітап шығару оңай емес. Ақын Марфуға Бектемірова бір жыр жинағын мемлекеттік тапсырыс бойынша шығара­мын деп әжептәуір әуре-сар­саңға түсті. Сыршыл, нәзік се­зім­ге толы өлеңдері рес­пуб­ли­ка­лық мерзімдік басы­лым­дарда жа­рия­ланып, Қазақ радиосынан беріліп, өзі теле­ди­дардан кө­рініп жүрді. Бір­неше жыр сайысында, соның ішінде Абайдың 150 жылды­ғы­на арналған Қазақстанның жазба ақындары арасындағы мүшәй­рада жүлделі орын алып, елге танымал болды. Оның шығар­машылығы жай­лы қазақтың даңқты тұлғалары жылы пі­кірлер білдіріп жа­тады. Соған қарамастан Мар­фу­ға­ның кітабы жыл сайын жос­парға енбей қалады. Сұра­саң келер жылы шығады дейді.

Амалы таусылған Марфуға Мәжіліс депутаты, филология ғылымдарының докторы, бел­гілі қаламгер Уәлихан Қали­жанға барды. Әдебиеттің қыр-сырын жетік меңгерген ғалым мән-жайды білген соң қамы­ғып тұрған қарындасын жұба­тып, көмектесуге уәде беріпті.

Бір күні Уәлихан Қалижан үйге телефон соғып «Марфуға қарындасым, кітабыңыз бұйыр­т­са келер жылы жарық көруі тиіс. Тақырыптық жос­пар­ға енді. Қалғанын өз мой­ныма алам, бұл енді менің проблемам» деп ақынның көңілін көтеріп тастады.

Ақын Марфуға Бектеміро­ва­ның «Тобылғы түн» кітабы 2011 жылы Алматыдағы «Қа­зығұрт» баспасынан жарық көрді. Кітапқа ақынның әр­түрлі тақырыптағы, әлеу­мет­тік-философиялық тұрғыда әр жылдарда жазылған таңдаулы лирикалық өлеңдері мен поэ­ма­лары енді. Ұлтымыздың мақ­танышы Ақселеу Сейдім­бектің «Дегдар ақын» деген алғысөзімен, Қойшығара Салғара, Әзірбайжан Мәм­бетов, Иманғали Тасмағамбе­тов және басқа да танымал тұл­ға­лардың жылы пікірлері жазылған жыр жинағы аттай 10 жылдан кейін жазушы Уәлихан Қалижанның көме­гімен
20 баспа табақ көлемінде оқыр­мандарға жол тартты.

Марфуға «Тобылғы түн» кітабының алғашқы данасын қолына ұстап тұрып, толқып кетті. Жанарынан аққан мөл­дір жас тамшылары жерге тырс-тырс етіп тамып жатты. «Егер Уәлихан ағам көмек­теспегенде бұл кітап қашан шығар еді? Нағыз азаматтық көрсетті. Асыл адам екен, мен оған мәң­гілік ризамын» деді. Ол сол кі­сіге арнаған «Көңілін кір шал­маған» өлеңін де осы кі­тапқа енгізген еді. Мар­фу­ға­ның сол өлеңінде «Сізді көр­сем маңдайы жарқыраған, Қазақ­тың кең жайлауы түседі еске» деген мағыналы жол­дары бар.

Өмірден ерте кеткен ақын осы сөздерін жанашыр ағаға айтуға үлгере алмай қалды. Мен Марфуғаның осы сөз­дерін Уәлихан Қалижан ес­ті­сін, жалпы жұртшылық көңі­лі-көктем, жаны-жаз, пара­сатты азаматтың ақын қарын­дасына жасаған жақсылығын, тіпті біз үшін ерлік боп көрі­нетін өне­гелі ісін білсін деген ниет­пен жазып отырмын.

 

Есенгелді СҮЙІНОВ