Абайдың атқа міну мәдениеті

Газет мақаласы Айқын газеті №86

«Ер қанаты – ат» деген сөз қазақта ежелден бар. Жылқы түлігін қасиетті жеті қазынаға балап, ғасыр қойнауынан жақұт болып жеткен жырларда, дәуір жүгін арқалаған дастандарда азаматы мен қазанаты қоса суреттеліп отырған. Дала данышпаны хакім Абайдың да жылқыға көзқарасы ерекше болған. Біз мұны ақынның шығармалары мен замандастарының естеліктері арқылы білеміз.

Абайдың атқа міну мәдениеті

Ғасырға жуық тарихы бар, іргетасын жиырмасыншы ғасырда қазақ қайраткерлері қалап кеткен Абайдың «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейінде Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы мен оның айналасында ғұмыр кешкен туыстарының һәм жақын адамдарының ер-тоқымдары сақталған. Музейдің асыл қорындағы жеті ер-тоқым да бүгінгі күні алыс-жақыннан Абайын тануға асығып жететін Алаш баласы мен «Адамзаттың Абайын» білуге құштар қиырдан келетін қонақтардың назарына ұсынылады.

Хакім Абай өзінің «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» өлеңінде:

– Тығылмай әм сүрінбей, жүрсе көсем,

Иек қағып, еліріп басса әсем.

Шапса – жүйрік, мінсе – берік, жуан, жуас,

Разы емен осындай ат мінбесем, – деп өзі арман еткен жануардың сынын келістіріп-ақ береді. Осы өлеңдегі соңғы жолды оқығанда қажы баласының жақсы атқа қолы жетпеді ме деген ойға қалатынымыз рас. Ал Абай туралы естеліктерді парақтағанда, Абай мен інісі Оспан ауылынан алуан түрлі жүйрік ат пен қыран құстың, ұшқыр тазының сапырылысып елден-елге ауысып жатқанын ұғамыз.

Ұлы ақынның ат құмарлығы жайында Турағұл Абайұлы: «Шаруаның үш түрін ескеруші еді, жақсы қонысты таңдап қону, жақсы малшыны іздеп тауып ақысын қымбатсынбай алу, жылқының аса ер өтіп кеткені бар ма, соны ғана қараушы еді. Жақсы ат, айғыр секілді жыл­қысы болмаса, жалпы жылқысын танымайды... Бір ғадаты жақсы атқа, қыран құсқа құмар еді... Өз атымды өзім мінемін, өз құсымды өзім сала­мын деп ат пен құс секілді асылы бар кісі қаптал сеніп отыра алмаушы еді... Бір жылы жайлауда біреудің қоңыр атын құлынды биесін беріп сатып алды да, оған көңілі толмай, бауырға түс­кенде, түйесін беріп Қуқұла деген Қаракесекте атағы шыққан атын алды. Сол секілді біреудің атына көңілі түсіп бұлдап алады да, тез жеріп бір болымсыз адамға бере салғыш еді».

Әрхам Ысқақов «Абайдың өмір жолы» атты естелігінде де Абай мен Оспанның ат пен құсқа құмарлығы айтылады: «Жүйрік ат пен қыран құс бізде ғана болу керек деп өзге жұрттан сұрап алып, оны тағы біреуге беріп жіберу, біздің әдетіміз болған ғой. Мен мойындадым. Бұдан былай елдің жүйрігін, қыранын алмаймын, біреуге әпермеймін. Оспанға барып айтыңдар, о да мұнан былай мұндай істен тыйылсын».

Данышпан ақынның кенже інісі Оспан да айналасына сал-серілерді жиып, жүйрік жыл­қы­ның талай түрін ұстапты. Мырзалығы келіс­кен ақынның кенже інісі ағасы Абай секілді қо­лын­дағы асылын өзі жақсы көрген адамына сый­ла­ғыш екен. Бұл туралы Абайдың досы әрі шәкірті болған Көкбай Жанатайұлының «Оспаннан ат сұрап айтқаны» өлеңін дәлел етуге болады.

– Сұр шолақ мінген атым өзі шабан,

Мың салса бір баспайды қызыл табан.

Еті арық, құйрығы да тым-ақ шолақ,

Кәпірдің көрер көзге түрі жаман.

Ел аузында Абай ауылында «Жирен ат», «Аққасқа», «Кербесті», «Қуқұла», «Қарақасқа» сияқты жүйрік аттардың, тұрпаты бөлек тұлпарлардың болғандығы туралы көп сөз сақталған. Хакім Абайдың ат танығыштығы, жүйрік жылқыға құмарлығы қажы Құнанбайдан дарығаны рас-ты. Бәйбішесі Күңкемен шаңырақ көтеріп, Өскенбайдан еншісін алып, бөлек шыққан Құнанбай қажы Ағанас бидің ауылына барып Торшолақ атты қолқалағаны да қызықты хикая. Құнанбай қажы мен Ағанас бидің арасындағы әңгіме туралы Ахат Құдай­бердиевтің естелігіне сүйеніп шағын ғана үзінді келтірейік: «Ағанас би Құнанбай қажының кетерінде: – Өзіңнің қалаған-сұрағаның бар ма? – дейді. Құнанбай: – Мен басқа мал алмаймын, Торшолақ атты қалап келдім, – дегенде, Ағанас би: – Мен Торшолақ атты бермеймін, одан басқа не қаласаң соны ал, – дейді. Құнанбай: – Мен басқа ештеме қалап келгем жоқ, – деп киіне бастағанда, Ағанастың бәйбішесі: – Би, ол іші боқ, сырты түк бір қара емес пе? Балаңыздан тор атты несін аядыңыз? – дейді. Ағанас би: – Мен бұдан атты аяп отырғаным жоқ. Өзін аяп отырмын. Қазір Тобықты басқа елмен жауласып отыр. Еліне жау шапса, бұл жауға, аттанға шаппай отыра ала ма? Бұл жауға шапса, осы торы атпен шабады. Қара көрсе тоқтамайтын ат оны алып жауға кіреді, не мұ­ның бейнетіне, не ажалына себеп болады», – дейді.

Алған бетінен қайтпайтын алғыр мырза сол жолы Ағанас бидің Торшолақ атына мініп еліне қайтады. Еліміз айтатын сол «есті жануармен» бірге Өскенбай баласының атағы шығып, «аттандап» жауға тиіп, жас Құнанбайдың тұлғасы танылып, абыройы үстем болады. Бала Абай мен Алшынбай бидің де арасында осы тектес сөз ел арасында кең тараған. Ділдәмен отау құрғаннан кейін Абай да қайын жұрты, Арғын, Қаракесек Алшынбайға сәлем бере барғанында, бабамыздың кәнігі салтымен «қалаған-сұрағаның бар ма?» деген сөзге шұбар айғырдың үйірі мен бір қысырақты алғысы келетінін айтады. Алшынбай айтқанын бермеген соң, қажы баласы тауаны қайтып, өкпелеп қайтып кетеді.

Құнанбай ұрпағы Шәкәрім қажының да Қоңыр ат дейтін есті жануары болған. Бұл туралы Ахат ақсақалдың естелігі оқырманға үлкен ой салады: «Қоңыр атты әкей дөненінде мінді. Мұны басында жылқышы мінген болатын. Әкей өзінің мініп жүрген дағдылы атын тастап, сол қоңыр дөненді қалап алды. Соған қарағанда, жақсы ат болатынын әкей сезген сияқты. Ал Қоңыр атты алсақ – биік, аяғы асадалдың аяғындай тік, сіңірлі. Қысқа бел, басы етсіз, екі көзі оттай жайнап тұратын, жал-құйрығы қара, тұяғы құланның тұяғындай дөңгелек, тік бақай, сүрінбейтін, жүрісі жайлы, әлді ат болатын. Сол дөненінен мінген Қоңыр ат әкейге біржола үйреніп кеткен. Әкейді жалғыз тастап кетпейтін болған». Осыдан-ақ Құнанбай қажы мен ұрпақтарының жылқы түлігіне деген көзқарасы тым жоғары болғанын аңғарамыз.

Енді музей қорында сақталған ер-тоқымдар жайына ойысайық. Қазақ халқында ердің «Қазақ ері», «Қоқан ері», «Құранды ер», «Ашамай ер», «Қазық бас ер», «Орыс ері» деп аталатын көптеген түрі кездеседі. Әр рудың аймақтың өзіндік үлгілері болған. Сол сияқты ер-тоқымның түрлері, өзіне тән ерекшеліктері бар. Ер-тоқым – қазақтың ең көп пайдаланатын мүлкінің бірі, бағалы тұрмыстық заты. Бағзы заманда бабаларымыз үйіне келген мейманның мінген аты мен әбзелдеріне қарап-ақ оның қай рудан, қай жерден келгенін жазбай танып, дәрежесінің деңгейін, қай өңірдің тумасы екенін де айырып отырған. Ең аяғы қамшыны қалай ұстаудың да өзіндік айтары болған. Егер келген кісі қамшысын бүктеп ұстап келсе, дау айтуға келгені, бүлдіргісінен іліп, сүйретіп келсе жоқ іздеп жүрген жан, ал қонақ қамшысын сол үйге қалдырып кетсе, қайта айналып соғамын деген мағынаны білдірген.

Халық арасында ердің жасалу үлгісіне қарай «Арғын ері», «Найман ері», «Дулат ері» және «Мұрын ері» деген түрлерін де кездестіруге болады. Әйелдерге арналған ерлерді алтын, күміс сияқты аса бағалы тастармен әшекейлеп жасату да елі ішінде кең таралып, қолданыс аясын кеңейтіп отырған.

Абай Қарқаралыға барып жүргенде, Еркін деген ершінің ерін көріп ұнатып, бір ер сатып әкеледі екен. Өз еліндегі Жігітек Өтеп деген ершіні шақырып алып: «Сен ерді осындай қылып қос, бұрынғы атқа ауыр, алдыңғы қасы биік, адамға жайсыз үлгіні таста. Бірақ Қар­қаралы елі ерді желдік салып мінеді екен, ол артық зат. Сондықтан желдік салмағанда да, ат арқасына батпайтын болсын» деп өзі қатынаса отырып, әрі жеңіл, әрі сұлу, әрі адамға жайлы ат арқасына тимейтін ер жасатып шығарып кейінгі жас ершілерге үлгі қалдырады.

Абайдың Жидебайдағы музей-үйінде Абайдың жары Әйгерімнің заты делінетін екінші ер-тоқым бар. Мұны Абай өзінің сүйген жары Әйгерімге сыйлапты.

Жоғарыда аталған ер-тоқымдардың жасалу үлгісі бір-біріне жақын. Оған қоса күмістелген ер-тоқымдардың айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Тарихи тұлғалардың өмір сүру кезеңіне қарай қызығушылық танытқан жандарға берері көп. Ұлтты ғылым мен өнерге үндеген, ағарту­шылықтың дәнегін сепкен Абай да бағзы замандағы бабаларымыз қалыптастырған атқа міну мәдениетін одан ары дамытып, халыққа үлгі-өнеге көрсеткеніне таңдануға болмас.

 

Қуат ҚИЫҚБАЙ,
«Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік
қорық-музейінің жетекші ғылыми қызметкері