Дүниежүзі тарихының бедерлі бейнесі

Газет мақаласы Айқын газеті №86

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағыттарының бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне аударылған оқулықтар қатарында америкалық ғалымдар Р.Данн мен Дж.Митчелдің «Panorama: Дүниежүзі тарихы» оқулығы бар.

Дүниежүзі тарихының бедерлі бейнесі

Бұл оқулықты дүниежүзі тари­хы­ның энциклопедиясы деуге болады. Өйткені кітап адамның пай­да болған кезінен бастап бүгін­ге дейінгі адамзат тарихын тұтас қам­тиды. Демек, оны тарих факуль­тет­терінде оқытылатын бірқатар база­лық пәндер және элективті пән­дерді оқытуда пайдалана ала­мыз. Сондай-ақ бұл еңбектің еліміздің жас тарихшылары үшін тарих ғылымының теориялық және методологиялық негіздерін мең­герудегі маңызы ерекше. Бүгін­гі таңда бүкіл Кеңес Одағынан кейінгі кеңістікте тарихтың фило­со­фиясы мен теориясында жаңа парадигманы қалыптастырудың өте күрделі міндеті тұр. Осындай жағдайда біздегі қалыптасқан кеңестік методологияның моно­по­лия­сы аясынан шығып, альтерна­тив­ті теорияларды меңгеруде де осы ұсынылып отырған оқулықтың айрықша көмегі болары анық.

«Panorama: Дүниежүзі тарихы» оқулығында адамзат тарихы бір­тұ­тас тарихи процесс ретінде қарасты­рылады. Тарихи процестің біртұтастығы туралы идеяны жақсы білеміз, бірақ біз үшін бұл біртұтастық тарихи материализмге негізделеді. Ал «Panorama: Дүние­жүзі тарихында» біртұтастықтың негізі ‒ адамның үнемі күрделілікке ұмтылу әрекеті. Формациялық теория бойынша адамзат тарихы ‒ бес формацияның революциялық жолмен ауысып отыруы болса, бұл кітапта адамзат тарихы ‒ қарабайыр өмірден күрделі өмірге өту және осы күрделіліктің үдемелі түрде өсіп отыру тарихы. Бүкіл кітаптың өн бойына осы «күрделілік», «күр­де­лі қоғам», «күрделілікке бағыт алу» деген түсініктерді кездес­ті­ре­міз. Бұл еңбектегі адамзат тари­хы­ның басты мәнін ашатын, тарих­тың барлық кезеңдерін біріктіретін осы негізгі идея. Бүгін әлемдік ғылымда синергетиканың әдісте­рін гуманитарлық ғылымдарда қол­дану мәселесіне айрықша на­зар аударылады. «Panorama: Дүние­жүзі тарихы» адамзаттың үне­мі күрделілікке ұмтылу арқылы бүгінгі сан салалы нағыз күрделі қоғамды құру тәжірибесін нақты тарихи материалдармен сипат­тауы­нан осы пәнаралық әдістің іс жүзінде қалай қолданылғанын көре­міз. Сондай-ақ авторлар адам­зат тарихы дамуының біртұтас про­цесін сипаттай отырып, тарих­тағы жеке тұлғаның орнын да көрсете білген, мұның өзінде жеке тұлғалар қатарындағы ерлер мен әйелдердің орны мен маңызын көрсетуде тепе-теңдік сақтаған. Оқулық құрылымында тарихи оқиғалар желісі жалқыдан жалпыға және жалпыдан жалқыға алма-кезек ауысып отырады.

Адамзат тарихының біртұтас­ты­ғы идеясын іске асыру бары­сын­да авторлар «Афроеуразия» атауын қолданған, оқулықта Афроеуразия түсінігіне «Афроеуразия – Африка мен Еуразия аумағын және көрші аралдарды тұтас кеңістік деп қа­рас­тыратын атау» деген анықтама беріл­ген. Демек, олар Еуразияны ғана емес, бүкіл Азия мен Афри­ка­ны (көрші аралдарды және Жапо­ния, Филиппин, Британия сияқты аралдар тобын) ежелгі уақыттан бері маңызды тарихи даму саты­лары­нан бірге өткен тұтас жер ретін­де қарастырады. Кітапты оқи отырып, студент Еуропа, Азия және Африка тарихының өзара байланысын көреді.

Тарихты оқытуда оны кезеңдеу мәселесі айрықша орын алады. Біздің жүйеде тарихты қоғамдық-экономикалық формацияларға орай бес кезеңге бөлу сақталған. Ал «Panorama: Дүниежүзі тарихы» кезең­дерге бөлу күрделіліктің дең­гейі мен өзара байланыстардың ауқы­мының өзгерістеріне негіздел­ген. Біз үшін (табанды марксист тарихшылар үшін) бұл да жаңа идея.

Оқулықта нақты оқиғалар мен құбы­лыстарды баяндау әртүрлі тари­хи деректер мәтінімен толық­ты­рылған. Негізгі, тарихи мате­риал­ды баяндау әдістері де қызы­ғар­лықтай. Әуелі талданбақшы кезең­нің жалпы сипаты мен ерек­ше­ліктеріне қысқаша шолу жасайды. Одан кейін оқырманды ойландыратын сұрақ беріледі. Еңбекте берілген барлық суреттер, карталар, кестелер мәтінмен тығыз бай­ланысты, олар кітапта көркем­дік міндетін ғана емес, білім беру міндетін атқарған, сондай-ақ оқу­лық мәтіні үнемі деректермен толықтырылып отырады.

Осы оқулықты аудару бары­сын­дағы ең үлкен қиындық тер­мин­­дерді аудару және белгілі тұлға­лардың есімдерін беру болды. Бұл қиындық барлық аудармаларда бар. Бірақ тарих саласында ол ерекше. Өйткені тарих пәндері ұзақ жыл бойы мектепте және жоғары оқу орындарында қазақ ті­лін­де оқытылып келді, сол уа­қыт­та терминология қалыптас­ты, бірақ олардың басым бөлігі орыс тілінен калька ретінде берілді. Сондай-ақ соңғы жиырма жылда терминдерді әркімнің өзінше ауда­руы басталды. Осылайша, біз, аудармашылар, екі оттың орта­сын­да қалдық. Бір жағынан термин­дер­дің аудармасын жаңалау керек, екінші жағынан мектеп оқулықта­рын­да беріліп жүрген терминдердің аудармасымен де санасу керек. Өйткені олар мектеп оқулықтарына ғана емес, ұлттық бірыңғай тестілеу құралдарына да еніп кеткен. Осы ауыр міндетті дұрыс орындау үшін біз бүкіл мектеп оқулықтарын үне­мі қарап отырдық. Одан кейін тер­мин аудару принципін белгі­ле­дік. Егер термин ежелгі грек, латын тілдерінен шыққан және халықа­ра­лық деңгейде қалыптасып кет­кен болса, оны аудармаймыз. Ал тер­мин орыс тілі мен ағылшын ті­­л­ін­де екі түрлі болса, біз оны тіке­лей ағылшын тілінен қазақшаға ауда­рамыз. Белгілі тұлғалар есімі мектеп және жоғары оқу орны оқулықтарында орысша дыбыс­та­луы­на орай берілген, олардың түп­нұсқа тілде қалай оқылатыны еске­рілмеген. Бірақ сол нұсқаны қал­дырдық. Өйткені оларды өзгер­ту бүкіл оқулықтар мен ұлттық бір­ыңғай тестілеу құралдарын өзгертуді талап етер еді. Мұны да бүкіл қазақша оқулықтарды жинап алып, тексере отырып, жасадық.

Оқулықтағы әртүрлі аймақтар тура­лы кейбір ой түйіндері біздің ортамызда қалыптасқан пікірлерге сәйкес келмеуі, сондай-ақ ежелгі кезең­нің белгілі тұлғаларына қа­тыс­ты мерзімдік мәліметтер де қа­быспай жатуы мүмкін. Мұндай жағдайда авторлардың түпнұсқа­дағы тұжырымдары мен мәлі­мет­терін бұлжытпай бердік. Сондай-ақ бұл оқулыққа кейбір аймақ­тар­да­ғы бізге белгілі тарихи оқиғалар енгізілмеген болуы да мүмкін, мұ­ның өзі авторлардың қателігі не­месе әлдеқандай бір моно­цен­тризм­ге әуестігі емес, керісінше, солардың негізгі ұстанымдарына сәйкес шешім болған.

Адамзат қоғамы дамуының бары­сында ғылымда төңкеріс жа­са­ған жаңалықтар болғаны бәрі­міз­ге белгілі, жаратылыстану ғы­лым­­дары сол сілкіністердің негі­зінде қазіргі жоғары деңгейіне жетті. Тарих ғылымындағы жаңа­лық­тар мұндай төңкерістер түрінде емес, сонау Ағарту дәуірінен бас­тап күні бүгінге дейін ойлас­ты­рыл­ған, мойындалған және мойын­дал­маған теориялар мен концепциялар бей­несінде жасалды. Бүгінгі тарих­тың философиясы мен мето­до­ло­гия­сы солардан өсіп шықты. Біздің міндетіміз – соның барлығын мең­ге­ре отырып, өткен тарихты зерт­теу мен бағалауға көзқарасты өзгерту.

 

Гүлжаухар КӨКЕБАЕВА,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор