Реставрация – сиқыршылар ілімі

Газет мақаласы Айқын газеті №88

Қазақ жері тарихи және мәдени ескерт­кіш­терге бай. Олардың барлығы – халқы­мыздың рухани ұстыны, ата-баба­лары­мызбен байла­ныстырар құндылық, келер ұрпаққа мұраға қалуға тиіс асыл қазына. Биік-биік төбе, қатпар-қатпар топырақ астында, жер қойнауында жасырын жатқан мұрамыз қанша­ма. Бірақ тарих шаңынан аршылғандары қазір лайықты қорғауды, сапалы қалпына келтіруді қажет етеді.

Реставрация –  сиқыршылар ілімі

Реставрация – сиқыршылар ғылымы. Ол нағыз шедеврлерді «қайта тірілтуге» қауқарлы.

Жыл сайын бір өзі ғана Түр­кия­­ға 2-3 миллиондай турист тартатын Айя-София музей ғима­ра­ты (Ayasofya Müzesi) да реставраторлар еңбегінің нәти­жесінде қазіргі біз білетін дәре­жеге жетті. Құрылысы Визан­тия империясының үш жылдық табысын шығындаған, 537 жылғы 27 желтоқсанда ашылған және бертінде Римдегі Әулие Петр шіркеуі бой көтергенге дейін мың жылдан астам уақыт бойы христиан әлеміндегі ең биік храм саналған Әулие София соборы әу бастан қайталанбас сәулетімен, құлпырған ажарымен қай жанның да көзін қуантып, көңілін толты­ратын. Кейіндері, 1453 жыл­дың 29 мамырында Осман билеушісі Фатих сұлтан Мехмед даңқты Константинополь­ді тізе бүктір­генде, осынау зүбәржаттай көз жауын алған ғимараттың ғалама­ты­на тамсанғаны сонша, күн сайын көңілі тояттауы үшін Айя-Софияны мемлекеттің басты мешітіне айналдыруға бұйрық береді. Осының арқасында бұл сарай өзінің негізгі нышан-сипатын күні бүгінге дейін сақта­ды және Сұлтанахмет мешіті (Көгілдір мешіт), Сулеймание мешіті секілді болашақ оттоман­дық алып мешіттердің біразына үлгі болды.

Тақырыпқа орай атап өтер жайт, Абдул Меджид сұлтанның (1839-1861) билік құрған тұсында сол замандағы атақты архитектор­лар Гаспар мен Джузеппе Фоссати Айя-София ғимаратын жөндеуге шақырылады. Олар күмбез бен тіреуіш бағаналарды реставрация­лау сыртында, ішкі құрылымының көркем безендірілуін қалпына келтіреді. Сол кезде бірнеше ғасыр бұрын сылақпен жабылған мозай­ка­ларды анықтайды. Ал Ата­түрік тұсында, 1931 жылы визан­тиялық мозайкалар мен фрескаларға кең ауқымды реставрациялық жұмыс­тар басталды және мешіт музейге айналдырылды. Бүгінде бұл нысан жаһандық және дәстүрлі діндердің қос алыбы – ислам және христиан мәдениеттерінің арасындағы үнқа­тыс пен теңгерімді сауатты сақтай білудің өркенді өнегесі болып есептеледі.

Реставраторлардың ғажайып шеберлігі, әр дәуірдің ізін тауып, тани білетін біліктілігі арқасында тұтас шаһарлар да қалпына келті­ріл­ген. Мәселен, ІІ Дүниежүзі­лік соғыс кезінде германиялық Кёльн, Дрезден, британдық Ковентри, француздың Фалез, Польша астанасы Варшава сияқты қалалар және солармен бірге олардағы тарихи-мәдени ескерткіштер бомбалау арқылы жермен-жексен етіліп, үйіндіге айналды. Әйткенмен, кейіндері олардағы құндылығы зор, ұлылықпен үнде­сіп жатқан соборлар, монументтер, ескерткіштердің ешқайсысы ары қарай күйретіліп, күресінге жібе­ріл­ген жоқ, керісінше, мемлекеттің қуатты қолдауымен толық қалпы­на келтірілді.

Жарты әлемді билеген байыр­ғы сақтар мен ғұндардан шынжыр­тіз­бекті шежіресі үзілмеген, Еуразия атты апайтөс континент­тің дәл кіндік ортасында орналас­қан ұлы даламыздың өне бойында, барлық атырабында дәуірлердің ізі, ұлы оқиғалардың табы қалған, құндылықтар мен дүниетаным әралуандығы көрініс тапқан тарихи және мәдени ескерткіштер тарыдай шашылып жатыр. Олар тек Қазақстан халқының игілігі ғана емес, бүкіл әлемдік өркениет­тің «алтын қоры», асыл қазынасы.

Мәдениет және спорт ми­нистр­лігі­нің мәліметінше, қазіргі таңда республикалық және жергі­лік­ті маңыздағы тарих және мәде­ниет ескерткіштерінің мемлекет­тік тізімдеріне сәйкес, елімізде 11 мыңнан астам тарихи және мәде­ни ескерткіш бар. Ал тарихи-мәде­ни мұра объектілерінің саны 25 мыңнан асады. Оларға тарих, археология, архитектура, мону­менталды өнер ескерткіштері жатады.

Ведомствоның дерегінше, тарихи-мәдени мұраның 14 мың объектісіне, әсіресе, олардың 80 пайызын құрайтын археоло­гиялық нысандарға жойылу, қирау, тарихи келбетін жоғалту қаупі төніп тұр. Салдарынан, қазақ халқы өзінің тарихи өткенінің бір «үзігінен» қайтарусыз, біржола айырылып қалуы ықтимал.

– Бұлардың барлығы – еліміз­дің аса құнды, бірақ нәзік, яғни бір жоғалса, орны толмайтын байлы­ғы. Осы қазынасын мойындай және қорғай отырып, ұлттың бойын­да ұрпақтар арасындағы өзара байланыс пен ықпалдас­тық­ты, рухани құндылықтар мен мәде­ни дәстүрлердің сабақтас­ты­ғын ары қарай сақтауға деген ұм­ты­лыс туады. Осындай зор талап ұлттың кемелденгенін, оның өкіл­де­рінің біртұтастығын, халық­тың одан әрі өркендеуге қабілеті мен әлеуеті жететінін паш етеді. Тари­хи-мәдени мирас – ұлттық сана-сезім қалыптасуы үшін іргетас. Сондықтан оларды қызғыштай қору, зерттеу және танымал ету мемлекетіміз алдында тұрған аса маңызды міндеттердің бірі, – дейді заңгер, Қазақстан мен ТМД елдері бойынша осы сала­дағы сарапшы маман Наталья Воякина.

Оның айтуынша, мемлекеті­міз­де тарихи-мәдени мұраны сақтау, қорғау және ілгерілету ба­ғы­­тында біршама тиімді қадам­ жасалды, көптеген шара қа­был­­данды. Алайда атқаратын жұ­мыс одан да көп көрінеді.

– Бүгінде кең ауқымды архео­ло­гиялық қазбалар Қазақстанның бүкіл аумағында жүргізілуде. Ел Үкіметі жекелеген археология ескерткіштерін, сондай-ақ тұтас археологиялық кешендерді сақтау және қайта жаңғырту бойынша мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға үлкен қаражат бөліп келеді. Негізгі күш-жігер мен қаржылар алып магистралдар жанында орналасқан, мемлекет үшін айрықша маңызы бар ірі және белгілі нысандарды зерттеуге бағытталуда. Бірақ бүгінде де, сол баяғыдай, заманауи құрылыс – археологиялық объектілер үшін басты қауіп-қатердің көзі болып отыр. Салдарынан, археологтар ашпаған, сыры ғылымға белгісіз, құпиясы жер қойнауында бүркеулі жат­қан ескерткіштер де, объек­ті­лер де сенімді қорғаныш­сыз қалу­да, – дейді Н.Воякина.

Ғалым жекеменшіктегі жер учаскелерінің астында жатқан қазақ тарихының мұрасы еш қорғалмайтынын айтады.

– Олар құзырлы органдардың назарынан тыс қалады. Себебі, жеке иеліктерге бөліп берілген жер­лер ғылыми зерттеу үшін қол­же­тімсіз, жабық. Оларда архео­ло­гия­лық барлау шаралары жүргізіл­мей­ді. Соның кесірінен үлкен тереңдікте тұнған жаңа әрі құнды археологиялық нысандарды табу ықтималдығы төмендеп барады. Тіпті қаншама археология­лық жәдігерлер жер бетіне жақын орналасқанның өзінде зерттеу­шілердің қолына тимеуі мүмкін. Өйткені олардың құндылығын мамандар ғана тани алады. Олай болмағасын, байыр­ғы­­дан қалған ескерткіш жер қожайы­нының шаруашылық қызметі барысында жойылып кетеді, – дейді Наталья Воякина.

Оның түсіндіруінше, тарихи-мәдени мұраның қирауы биік ғимарат салу үшін терең қазаншұң­қыр-котлован қазу немесе комму­ни­кация төсеу кезінде ғана емес, сонымен қатар жаңа егістік алқабына түрен салу, кейде егінді суару кезінде де жүреді: сумен бірге топыраққа сіңетін ылғал, тұз жер қойнауындағы жәдігерлерді қалпына келместей етіп, тоздыруы ғажап емес.     

Мәдениет және спорт ми­нис­трі Арыстанбек Мұхамеди­ұлы да Қазақстанда тарих және мәде­ниет ескерткіштерінің сақталуы лайық­ты деңгейде қамтамасыз етілме­ге­нін ашық айтады. Реставрациямен, археологиялық қазба жүргізумен байланысты проблемалар бар. Бұл байламын министр Мәжілісте «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заң жобасының тұсаукесерінде айтты.

Бұдан бөлек, тарихи және мәдени ескерткіштерде ғылыми-реставрациялық жұмыстарды неме­се археологиялық жұмыстар­ды жүргізу қызметін лицензиялау қажеттілігі бар екені мәлім болды. Бүгінде елімізде «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі кәсіптер мен мамандықтар жіктеуішіне» сәйкес, реставратор-мамандарды даярлау техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі деңгейлерде (0400000 – Өнер және мәдениет, реставрация) бойынша жүзеге асырылады. Тиісін­ше, тарих және мәдениет ес­керткіштерінде ғылыми-рес­тавра­циялық жұмыстарды іске асыру қызметін лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік та­лап­­тарында реставратор маман­дығы бойынша орта арнайы білім­нің болуы көрсетілуі қажет.

Ал археологиялық жұмыстарды жүзеге асыруда «археология және этнология», «тарих» мамандығы бойынша жоғары білімнің болуы талап етіледі. Осыған орай, лицен­зия­ны тиісінше екі түрге бөлу жайы талқылануда. Әйтпесе, министрліктің түсіндіруінше, түрлерге бөлусіз, бір лицензияның қолданылуы ғылыми-реставра­ция­­лық жұмыстар мен археоло­гия­лық жұмыстардың дамуына және дер уақытында жүргізілуіне бөгесін болып жатыр.

Мәдениет және спорт ми­нистр­­лігінің ақпаратынша, жал­пы алғанда, бұл салада 168 ли­­цензия беріліпті. Оның 61-ін – тарих және мәдениет ескерткіш­те­рінде археологиялық жұмыстар жүргізуші, 93-ін – ғылыми-рестав­ра­циялық жұмыс­тарды іске асыру­шы, 14-ін – археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыс­тарды жүргізуші мамандар алған. Қалай болғанда, тарихты «тірілте» білетін ғажайып кәсіп иелерінің Қазақстанда аздығы аңғарылады.