Тау тұлғалы жазушы

Газет мақаласы Айқын" газеті №95

Көрнекті жазушы,  ҚР еңбек сіңірген қайраткері, баспагер-ғалым, доцент Тұрлыбек Мәмесейіттің 70 жыл­дық мерейтойына орай  Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Заман және қаламгер: әдебиет пен журналистиканың жаңа міндеттері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Тау тұлғалы жазушы

Бұл кеште Хан-тәңірі қой­науы­нан түлеп ұшқан тау ұлы­ның асқақ болмысына, шығар­ма­ш­ылық ғұмырына айтылған ақ­жарма тілектер легі толас­та­ма­ды. Өскен өлкесінің сұлулығы мен биіктігін сезініп, тамыл­жы­ған суреттерін көкірегінен ту­ды­рып, сырлы сөзбен ақ қағазға бе­дерлей білген талантты жазу­шы Тұрлыбек Мәмесейіт бүгінде жет­пістің желкенін керді. Көз той­мас тау табиғатының сұлу­лы­ғын, ішкі тебіреніс, жұмбақ сы­рын, қаймағы бұзылмаған көш­пелі қазақ өмірінің қарапайым келбетін, Таңжарық Жолдыұлы­ның тұлғалық портретін ең ал­ғаш әдебиет сахнасына алып шық­қан да Тұрлыбек Ілиясұлы. Шы­ғармашылық жанның ішкі әле­мін қаламдас досы Тұрсын Жұрт­бай былайша баяндады: «Осы уақытқа дейін ешкімнен ешқандай сый да, атақ та күткен емес. Тұрлыбек Мәмесейіттің ре­дакциялауымен шыққан 90 пайыз кітап қаншама жоғары дә­режелі сыйлыққа ие болды. Та­биғатынан таза, аңғал да, адал маңғаз қалпын еш жоғалтпаған жазу­шы. Мінезі мен ісі де тау та­биғатындай байсалды».

Шараны жазушы өзі еңбек етіп жүрген Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің ректоры, академик Е.Сы­дықов ашып берді. Салта­натты жиынға «Ш.Шаяхметов атынд­ағы «Тіл-қазына» ұлттық ғы­лыми-практикалық орта­лы­ғы» директоры Әлібек Асқаров, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Төлеуғали Қышқаш­баев, жазушы, мемлекеттік сый­лық­тың лауреты Әнес Сарай, фи­лология ғылымдарының док­торы, профессор Намазалы Ома­шев, ақын, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы, Журналистика және сая­саттану факультетінің де­ка­ны Қайрат Сақ қатысып, ме­рейтой иесіне арналған жылы ле­біздерін білдірді.

Қазақстан Жазушылар ода­ғының астанадағы филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы Жазушылар одағының төрағасы Ұ.Есдәулетовтің алғысхаты мен арнайы сыйлығын табыс етсе, «Егемен Қазақстан» рес­пуб­ликалық газеті» акционерлік қоғамының алғысхатын Ерболат Қаменов табыстады.

Конференцияға қатысу­шы­лар әр секцияға бөлініп, «Қазіргі бас­па ісі және рухани жаңғыру», «Қа­зақ журналистикасы және жаһандану», «Шығармашылық­тың заманауи үдерістері» тақы­ры­бында баяндамалар жасады және осы басқосу аясында қа­лам­гердің қос бірдей «Хан Тәңі­рі хикаялары» мен «Хан Тәңі­рі­нен қанат қаққан» жинағының тұсауы кесілді.  

Ақын Несіпбек Айтұлы: «Кө­бі журналистикадан жазу­шы­лыққа келеді. Ал Тұрлыбек Мә­месейіт көркем әдебиеттің ес­ігін бірінші ашты.Тілі жатық, ойы көркем. Роман жазудың қиын­дығы мен жауапкершілігін бір кісідей түсіне білді.Сон­дық­тан да хикаяттар мен повес­тер­мен басталған жазу, тарихи ро­ман­мен жалғасты. Ал «Таңжа­рық» қазақ әдебиетінде сүбелі орнын ойып алған тарихи ро­ман», – деді. Мемлекеттік сый­лық­тың лауреты Әнес Сарай:

«Тұрлыбек Ілиясұлын жас кү­нінен білемін. Қатардағы ре­дактордан бір баспаның бас ре­дак­торына дейін өсті. «Хан Тәңірі баурайындағы жалғыз шырша» хикаятында: «Тауды көп адам түсінбейді, тілсіз дүлей, қатты деп ойлайды. Олай емес. Тау жұмсақ, мейірімді, «көңілі» нәзік. Тау тілсіз емес, ол – әуен­дер жиынтығы. Тау ән салады. Тау күңіренеді. Тау жылайды… Тау тыныстап күрсінеді… Тау мен тастың өз өмірі, өз тілі бар. Оны сол тауда туып, тауда өскен­дер ғана ұғынады», – дейді. Қа­ламгер тау сырын ұға білген­дік­тен де тауды тіліне тиек еткен. Тақырып жағынан ол тауды емес, тау оны тапқан» деп қоры­тындылады.

Осындай ерекше толғаныс пен тартысқа толы тақырыпты ашу­ды мақсат қойып, пер­зент­тік парызы санаған жазушының қазақ әдебиетінен алар орны ерек­ше. 20-ға тарта (әңгіме, по­весть, роман, сын, зерттеу) кі­табы жарық көріп, оқырмандар ықыласына бөленген. Қаламгер шығармалары ТМД елдерінің тілдеріне аударылған.

 

Көктем ҚАРҚЫН