«Мемлекеттік тіл және БАҚ» жеңімпаздары марапатталады

Елордада Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күніне орай Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлованың қатысуымен 21 маусымда «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық конкурсының қорытынды салтанаты өтеді. Сондай-ақ 2019 жылғы мәдениет, спорт, туризм, тіл салаларын бұқаралық ақпарат құралдарында жан-жақты насихаттауға үлес қосқан журналистерді марапаттау рәсімі өткізіледі.

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» жеңімпаздары марапатталады

Шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті және «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ұйымдастырады.

Республикалық конкурсқа журналистерден 200-ге жуық материал келіп түсті. Ережеге сәйкес ел аумағындағы БАҚ-та жарияланған журналистік еңбектердің мазмұны мемлекеттік тілдің қызмет ету аясын кеңейту, мәртебесін нығайту, қазіргі мемлекеттік тілдің ахуалын талдау және оған мониторинг жүргізуге бағытталған. 

Конкурстың қорытындысы бойынша «Үздік мақала», «Үздік телебағдарлама», «Үздік радиобағдарлама», «Үздік сайт мақаласы» номинациялары бойынша жүлдегерлер мен бас жүлде иесі марапатталады.

Конкурсқа ұсынылған еңбектерді елімізге белгілі журналистер мен филолог ғалымдардан құрылған арнайы қазылар алқасы сараптап, жеңімпаз бен жүлдегерлерді анықтады.

Іс-шараға зиялы қауым және БАҚ өкілдері, конкурстың жеңімпазы мен жүлдегерлері, өнер адамдары қатысады.