«Тұлғалық өсу тренингі» Ресейге прокатқа шығады

Режиссер Фархат Шәріповтің «Тұлғалық өсу тренингі»  көркем фильмі  4 шілдеден бастап Ресейде  прокатқа жіберіледі деп хабарлайды «Қазақфильмнің» баспасөз қызметі.

«Тұлғалық өсу тренингі» Ресейге прокатқа шығады

 Картинаны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Қазақфильм» АҚ түсірген. Сценарийі Данияр Сүгіралиновтың «Кирпичи 2.0» романы желісінде жазылған фильмнің Ресейдегі дистрибьюторы – «RFG Distribution» ресейлік компаниясы.

Фильм биыл сәуірде қазақ кинематография тарихында тұңғыш рет 41-ші Халықаралық Мәскеу кинофестивалінде бас жүлдеге ие болды. «Үздік фильм» номинациясындағы «Алтын Георгийді» Ф.Шәріповке халықаралық қазылар алқасының төрағасы –корейлік танымал режиссер Ким Ки Дук табыстады. Сонымен қатар, өткен жылы картина 14-ші Халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалінде Қазылар алқасының Арнайы жүлдесі мен NETPAC жүлдесіне ие болды.

Қырық жасқа келген, орта жас күйзелісін кешіп жүрген банк қызметкері Қанаттың көшбасшылық қасиеттерді дамыту үшін тұлғалық өсу тренингіне келген оқиғасы өзек болған фильмінің әлемдік тұсаукесері 23-ші Пусан Халықаралық кинофестивалінің «Азиалық кино терезе» бағдарламасында өткен. Фильм қазақстандық прокатқа осы жылдың ақпанында шықты.