Ұлыбританияға жолдама

25-27 маусым аралығында Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев орталығында Nazarbayev Fund Schools Challenge республикалық конкурсы өтті. Байқаудың жеңімпаздары Ұлыбританияның Крэнфилд университетіне бір аптаға тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.

Ұлыбританияға жолдама

Бұл байқауды Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры Қазақстанның Әділет министрлігі, «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК, Назарбаев университеті, ұлттық әуе тасымалдаушысы Air Astana АҚ, Samruk-Kazyna Trust АҚ және Крэнфилд (Cranfield University) франко-британдық ғылыми зерттеу университетімен бірлесіп, үшінші рет ұйымдастырылды.

Жобаның мақсаты – мектеп оқушыларының инженерлік-техникалық салаларына қатысты білімін тереңдетіп, көлік саласындағы зияткерлік меншік өнімдерін дайындаудағы қызығушылығын арттыру. Жоба негізінен техника саласы мен инженерлік мамандықтарға арналған. Оның ішінде көлік пен логистика, мұнай мен газ, машина құрастыру, сәулет өнері мен құрылыс, шикізатты бұрғылау мен өндіру, биотехнологиялар, химиялық өндіріс, ІТ, робототехника және т.б. бар.

Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов ғылым мен инновацияға қатысты жастардың жаңалықтарын қолдайтынын жеткізді. «Бүгінгі жастардың ғылымда болсын, инновацияда болсын өз мүмкіндіктерін іске асыруға мүмкіншіліктер күннен күнге толысуда. Соның бірі – Тұңғыш Президент қорының Nazarbayev Fund Schools Challenge байқауы. Бұған оқушылар үлкен қызығушылық білдіріп, қатысып жатқаны қуантады. Осы үш жылдың ішінде елдің түкпір-түкпірінен 1500-ге жуық оқушы қатысқан»,– деді ол.

Сонымен бірге, шараға Әділет вице-министрі Алмат Мадалиев, Ұлыбританияның Төтенше және өкілетті елшісі Майк Гиффорд, Назарбаев университетінің инновациялар бойынша вице-президенті Ерден Құсаин, Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас менеджері Ергенбаев Мирас, Крэнфилд аэроғарыштық мектептің өкілі, капитан Ян Холлингворт қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

Байқау өңірлік және республикалық болып екі кезеңнен өтті. Биылдың өзінде 500-ге жуық жастар бағын сынады. Өңірлік кезеңге 100 команда қатысып, оның 17-сі ақтық сынға өткен. Соның ішінде республикалық кезеңнен Павлодар облысынан Single wave пен Ақмола облысынан Aviators командасының жобасы үздік танылды. Енді әр жеңімпаз команданың екі мүшесі 2019 жылдың тамыз айында Ұлыбританияның Крэнфилд университетіне бір апталық оқу-танымдықсапарға барады. Крэнфилд – аэроғарыштық жобалау мен жасыл технологияларды дамыту бойынша әлемнің үздік оқу орынның бірі.

– Байқауға қатысуды шешкеннен бастап, жеңіске жетуді мақсат еттік, оған сендік. Біздің жоба ұшақтың жанармайын үнемдеуге, жылдамдығы мен сыйымдылығынарттыруға көмектеседі. Бір ай бойына әр қайсымыз тыным таппай, еңбектеніп, жемісін көріп отырмыз, – деді Single wave тобының мүшесі Дмитрий Никифиров.

Жалпы, осы байқаудың жеңімпаздары Қазақстан мен шет елдердің үздік техникалық оқу орындарына түсіп, олардың болашақ кәсібін таңдауға және ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгеруге көмектесті. Мәселен, былтырғы жылдың жеңімпазы қызылордалық Евгений Демиденко ұшақтың жаңа моделін ойлап тапқан. Сол идеясын кейін авициялық, ғарыштық және әскери техниканың әлемдік ірі құрастырушыларының бірі The Boeing Company сатып алған.