Театрға тарту

Газет мақаласы "Айқын" газеті №103

Қостанай облыстық қазақ драма театры көрермендеріне «Жорықты жылдардың жігерлі жырлары» реквием жанрындағы спектаклін ұсынды. Қоюшы режиссер театрдың көркемдік жетекшісі Әлия Баймахан болса, авторы – белгілі журналист, жазушы, ақын Абылай Мауданов. Қойылымға ризашылық білдірген белгілі меценат Өмірзақ Бекділдаұлы театр ұжымына 1 миллион теңге тарту жасады.

Театрға тарту

Қойылым 1941-1945 жыл­дардағы тыл мен майдандағы жағ­дайды бірдей суреттейді. Кейіпкерлері жиынтық образ болғанымен, нақты деректер берілген. Аймақ үшін маңызы зор тарихи фактілер барынша қамтылған. Кеңес Одағы батыры атағына ұсынылған қостанайлық Қасым Ахметов, ержүрек жа­уын­гер, арнайы ротаның снайпері Сұлтан Еркімбаевтардың есімі алғаш рет театр сахнасынан айтылды. Олардың ерліктері ұзақ жыл бойы белгісіз болып келген еді. Сондай-ақ соғыс жыл­­дары Қостанай облысына көшірілген зауыт-фабрикалар, майданға ұшақ жасатуға қаржы бөлген Қабаш Қозыбаев сияқты еңбек ерендері, осы топырақтан шық­қан Кеңес Одағының ба­тырлары туралы мәліметтер кел­тірілген. Халық ақыны Нұрхан Ахмет­бековтің баласы Тұңғыш­байға жазған «Дабылыңды қақ, балам!» толғауынан үзінділер алынған.

«1941 жылдың 22 маусымын­да фашистік Германия әскері КСРО-ның батыс шека­расын бұзып кіргені белгілі. Сөйтіп, адам­зат тарихындағы алапат қырғын басталды. Осынау датаға орай өткен қойылым аяқ­талғанда көрермендер орнынан тік тұрып, үздіксіз қол соғып қошемет көр­сетті», – дейді А.Мауданов. Со­нын айғағы болар меценат, ауыл шаруашылығы саласының үздігі Өмірзақ Ихтиляпов сахнаға кө­те­ріліп, көрермендер атынан артистерге алғысын білдірді. «Қойылым маған қатты әсер етті. Көңіл толқығанын жасырмай­мын. Кейіп­керлері – өрімдей қыз-жігіттер. Кешегі ел басына күн туғанда осындай жастарымыз қо­лына қару алып, жан аямай жаумен кү­рес­ті. Сұм соғыс сал­ған зардапты ұмытуға тиіс­ емес­піз. Қойылым арқылы кө­рер­мен­ге терең ой салған автор мен режиссерге, жанын салып ойнаған артистерге ризашы­­лы­ғым шексіз. «Рухани жаңғыру­ды» жүзеге асыратын – сіздер сияқты өнерпаздар. Театр – тәр­бие орда­сы. Сондықтан өнер­леріңізге құр­мет ретінде ұжымға 1 мил­лион теңге аударуға шешім қа­был­дадым», – деді Өмірзақ Бек­ділдаұлы.

Спектакль ұрандатқан пафостан ада. Халықтың бейбіт өмірге құштарлығы, тартқан бейнеті, соңғы дәмін аузынан жырып берген рухани ерлігі, жеңіске қосқан жан-жақты үлесі, жауынгерлердің достығы бәрі-бәрі режиссерлік шешімдермен сәтті берілген. «Орындалатын әндер де асқан талғаммен таңдалды. Би, қимыл үйлесімі де мінсіз болды деуге болады. «Кеңесіп пішкен тон келте бол­майды». Автор, хормейстер, хореограф, артистер, жалпы шы­ғар­ма­шылық ұжымның да идеяларын елеусіз қалдырма­дық. Соның нәтижесінде, спек­такль­дің кей тұстары сахна үс­тінде жазылды, яғни сәт сайын жаңа ұсыныстар туындап, же­тіл­діріліп отырды», – дейді спек­такль авторы.

Реквиемде Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасынан» бастап, соғыс жылдары туған әндер шыр­қалды. Халық басындағы трагедия музыкамен, этюд, қи­мылмен үйлесімді берілген.

 

Перизат САҒАНТАЙ