Ақұштап ақын ауыл-аймақтың құшағында

Газет мақаласы "Айқын" газеті №104

Қазақстан Мемлекеттік  сыйлығының  және халықаралық  «Алаш»  әдеби  сыйлығының  лауреаты, Қазақстанның  еңбек  сіңірген  қайраткері,   «Құрмет» орденінің  иегері, ақын  Ақұштап  Бақтыгереева биыл 75 жастың төріне шықпақ. «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған шайырдың  үшбу мерейтойына орайластырылған әдеби-мәдени шаралар Батыс Қазақстан облысының аудан-ауылдарында ұйымдастырылып, оқырман қауым Ақұштап ақынның ақ жауындай ақ желең өлеңдерімен сусындап жүр. Осындай жыр кештері күні бүгінге дейін Ақжайық, Бөкей ордасы, Жәнібек, Жаңақала, Қазталов, Сырым және Қаратөбе  аудандарында өтті. Былтыр жыл соңына таман «Ана сыры» кітабы үшін Отанымыздың әдебиет саласындағы мемлекеттік сыйлығына ие болған ақын ауыл-аймақтағы оқырманымен сағына қауышып, ел ішіне, халық арасына рухани шуақ шашып келеді.

Ақұштап ақын  ауыл-аймақтың құшағында

– Даласы ұлан-ғайыр болға­ны­­мен, қазақ өзі аз халық. Сол себепті, ұлы Абай айтқандай, расында да, «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос». Ел іші, ең алдымен, қазақ арасы тату болса деймін. Түрі, тілі тіпті, діні өзге отандастарымызға татулы­ғы­мызбен, еңбекқорлығымызбен үлгі болу, өнеге көрсету мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақтың басты парызы деп білемін.
«Отан – отбасынан басталады» деген­дей, ұл болсын, қыз болсын, бала тәр­бие­сіне әу бастан мұқият бол­ған ләзім. Әсіресе, қыз бала­ның тәрбиесіне зор жауап­кер­шілікпен қараңдар, айна­лайындар! Өйтке­ні бүгінгі бой­жеткен – елдің бола­шағы үшін жауапты ертеңгі ана, әже. Жас­тарымыздың жат діни ағым­дардың шылауына шырма­луы – елдікке, тәуел­сіздікке төнген қауіп-қатер. Осы зауалдың бетін даладағымыз болып, қала­да­ғымыз болып, үлкеніміз-кіші­міз болып жұмылып қайтару­ға тиіспіз!

Ақын ретіндегі басты арма­ным – әдеби кітап оқитын, өлең-жырды түсініп оқитын, оқығанын зердесіне мықтап тоқитын ұрпақ өссе екен деймін. Мына заман – ақпараттық тасқынның заманы. Әрине, демократия да керек, бірақ ол әсте аузыңа келгенді айтып, ойыңа келгенді істеу емес. «Басшыға бағынбаған ел болмай­ды, табына білмеген елдің әулиесі болмайды» дейді. Сол себепті, ел-жұртқа, үлкен-кішіге бірдей айтарым, сауатты болыңдар. Әрбіреуің басқа ұлттың ақылды­сын тоқтататындай білімді болың­дар деймін. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл да толған жоқ. Бұл – тарих үшін көп уақыт емес, қас-қағым сәт. Жастарымыз әлемдік деңгейде бәсекеге қабі­летті білімді, еңбекқор, елжанды, дін-діліне берік болса ғана ұлт ретінде барша мұрат-мақсатқа жетеріміз анық, – деп ағынан жарылды ақын.

Ақұштап Бақтыгереева облыс­­тың оңтүстік аудандарын аралағанда мерейтой иесіне Алматы­дан арнайы келген тан­ы­мал ақын, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты, таяуда ғана ТМД елдері мемлекетаралық гумани­тарлық ынтымақтастық қорының «Достастық жұлдыз­дары» мемле­кет­аралық сыйлығына ие болған Есенғали Раушанов игі тілек, ізгі ниетін арнады.

– Ақ Жайық арқау болған әдеби шығарма баршылық. Қазақтың үлкен жазушысы Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясы кезінде лайықты бағасын алғаны аян. Міне, сол Ақ Жайықты поэзия тілінде халқы­мыздың өткен тарихымен, бүгінгі тыныс-тіршілігімен байланыс­тыра жырлай білген ақын, өзім ұстаз тұтатын Ақұштап апамыз. Пайғамбарлардың арасында бірде-бір әйел заты жоқ. Алайда олардың бәрі анадан туған, Ақұштап Бақтыгереевадай анадан тәлім-тәрбие алған деп ойлай­мын. Апамыз сол адал ана бейне­сін әдебиетімізде қалыптастырды. Бүгінде Ақұштап Бақтыгереевадай ұлтымыз мақтан тұтатын қадау-қадау тұлғалар өте сирек. Жуырда ақынның өлеңдері БҰҰ бекіткен әлемнің алты тіліне аударылып, жарық көрмек. Бұған қоса, дү­ние­­жүзіндегі жетінші үлкен тіл – түрік тілінде Ыстамбұл қала­сын­да кітабы шықты деген сүйінші хабарды естіп отырмыз. Ақын бақыты – елмен тілдесу, халықпен сырласу, пікірлесу. Ақынға өлеңдері жұртының жүрегінде қалғаннан асқан бақыт жоқ, – деді Есенғали шайыр. Сондай-ақ Ақұштап Бақты­гереева­мен осы жолы Қазақстан Президенті әкімшілігінің қол­дауы­мен қолға алынған Қазақстан Жазушылар одағының «Әдеби өлкетану» жобасымен елге шық­қан оралдық қаламгер Ғайса­ғали Сейтақ, Алматыдан келген жазу­шы Қойшыбек Мүбәрак, жас ақын, республикалық «Ақ жел­кен» журналы бас редакторы­ның орынбасары Аслан Тілеген сапарлас болды. Жаңақала ауда­нында оларға қос ақын Закария Сисенғали мен Мұнайдар Бал­молда қосылды. Ал Ақұштап ақын Сырым, Қаратөбе аудан­дары­на барғанда Алматыдан арнайы келген қазақтың және бір жоталы ақыны, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лау­реаты, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай да ерке сылқым Ақ Жайықты жағалай қонған жайсаң елмен жүздесіп, жыр оқыды.

– Ақ Жайық атырабын арала­ған осы сапарымызда ақыны мен тарихын құрметтейтін ел-жұртты көрдік. Кең-байтақ еліміздің батыс өңірінің табиғаты мен тарихын тани түстік. Музейлерді аралап, ел ішіндегі көнекөз қария­лармен әңгіме-дүкен құр­дық. Ауыз әдебиеті үлгілерін, аңыз әңгімелерді, құнды дерек­терді ойға тоқып, қағазға түртіп алдық. Өзіме, әсіресе, Бөкей орда­сы ауданындағы Хан ордасы музейі айрықша әсер қалдырды, – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факуль­тетінің аға оқытушысы, The Qazaq Times ақпараттық, қоғам­дық-саяси порталының бас редак­торы Қойшыбек Мүбәрак.

Ақұштап Бақтыгерееваның мерейтойына арналған Қаратөбе ауданындағы шара барысында мәртебелі меймандар Саралжын ауылдық округіне арнайы барып, дарынды дала бұлбұлы, еліміздің батыс өңірінде өзіндік ән мектебін қалыптастырған Мұхит Мерәліұлының зиратына барып, Құран бағыштап, тағзым етті. Содан соң қаламгер қонақтар мен жергілікті жұрт Қаратөбе аудан­дық мәдени-демалыс орта­лығының фойесіндегі А.Бақты­герееваның шығармашы­лығына арналған «Жайығым деп сыр ашып, жырдан төккен кестесін» атты көрмені тамашалады. Әдеби кеш барысында Ақұштап Бақтыгереева мен Ғалым Жайлы­бай өлеңдерін оқып, тол­ғандыратын көкейкесті мәселе­лер жөнінде әңгіме тиегін ағытты. Әрине, Мұхит пен Ғарифолланың әндеріне қоса, Ақұштап апамыз­дың өлеңіне жазылған әндер де көрермен қауымның көңіл төріне қонақтады.

Сырым ауданында «Жайық­пен жаны егіз Ақұштап» атты шырайлы шара өтті. Бұл кеште де өлең-жыр оқылып, ән шыр­қалды. Сонымен қатар әрі би, әрі батыр, әрі көсем, әрі шешен Сырым Датұлының есімін иелен­ген ауданда Алаш­орданың күн­батыс бөлігінің атамекенінде тарихты түгендеу, ұлы мәртебелі тәуелсіздікті нығайту, бала тәр­бие­сі, адал еңбек секілді көкей­кесті тақы­рып­тарға қатысты толғақты ойлар жиі айтылды.

Батыс Қазақстан облыстық мәде­ниет басқармасының бас­шысы Қадырболат Мұсаға­лиевтің мәліметіне қарағанда А.Бақты­герееваның аудан-ауыл­дардағы оқырманымен жүздесуі, шығар­ма­шылық кештері Орал өңірінің басқа аудандарында да жалғасын таппақ. Ал республи­калық ау­қым­дағы мерейтойлық шара алда­ғы қыркүйекте облыс орта­лығы Орал қаласында бас­талып, содан кейін ақынның туған ауыл-аймағы – Теректі ауда­нында жалғасып, мәреге жетеді.

 

Батыс Қазақстан облысы, 

Юауыржан Файзоллаұлы