Зиялы қауымның еңбегі еленді

Бүгін Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігінде астана күніне орай бірқатар зиял қауым өкілі Мемлекет басшысының алғысхатымен марапатталды. Бұл зиялылардың Қазақстан Президенті сайлауы аясында жүргізген үгіт-насихат жұмыстарына белсенді қатысқаны еленді.

Зиялы қауымның еңбегі еленді

– Жақында ғана Президенттің үлкен сайлау науқаны өтті. Сіздер соған барынша атсалысқаны үшін алғысымыз шексіз. Осы елдің бірлігін, тыныштығын ойлайтын сіздерсіз. Халқымыздың татулығын нығайтып, еліміздің одан ары дамуына, көркейуіне үлес қосатын да осы – сіздер!, – деді Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Алғысхат археология саласынан Берік Әбдіғалиұлына, Кітапхана саласы бойынша Үмітхан Мұңалбаеваға табыс етілді. Сонымен қатар Рақымжан Тұрысбек, Қанағат Әбілқайыр, Оңайгүл Тұржан, Дәурен Қуат, Сәуле Досжан, Әділ Ахметов, Несіпбек Айт, Жанат Әскербекқызы, Дәулеткерей Кәпұлы, Ұлықбек Есдәулет, Алтыншаш Жағанова, Әнес Сарай секілді ақын-жазушылар мен БАҚ өкілдерінен – Жанна Ахметова, Самат Нұртаза, Қайрат Шайхиев, Айбек Алдабергенов, Қуат Бахридинов марапатталды.

Жиылған жұрт өздерінің жұмысын елеп-ескерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, министрмен әр саланың елеулі мәселелерін қозғап, ой бөлісті. 

«Қазақ руханиятының дамуына «Рухани жаңғыру» бағдарламасы үлкен үлес қосуда. Соған қатысты көп айтылды, көп жазылды. Бірақ осы баспасөз бетінде жазылған дүниелер іріктеліп, кітап жүзінде халыққа жетсе деймін» дейді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде сыншы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Рақымжан Тұрысбек.