Іздеуге құштар құдықшы

Газет мақаласы "Айқын" газеті №105

Ұлы даламыздың құндылықтарын түгендеуге келгенде қашан алдымызға жан салмайтын елге айналатыны­мыз­ды бір құдай білсін. Десек те, бұл әңгіменің кеше басталмағанына «Шыңырау» толықметражды көркем­суретті фильмін көргенде тағы бір рет көзіміз жетті.  Аты айтып тұрғандай, қазақтың бірегей ғұла­масы, біртуар жазушысы Әбіш Кекілбай өткен ғасырдың  жетпісінші жылдарының басында жазған шығармасы желісімен түсірілген кино да осыны айғақтайды  

Іздеуге құштар  құдықшы

Маңғыстауды, Үстірт ойпа­тын білмейтін, қадірлемей­тін қазақ жоқ шығар. Ал бұрын-соңд­ы жолы түспеген, тек жазу­шы­ның шығармалары немесе еліміздің картасынан ғана біле­тін көрермен, аталған киноны көргеннен соң, қасиетті мекен­нің жайсаң адамдарымен, баян­ды болмысымен және қайталан­бас табиғатымен қайта қауышу­ды, санасында қайта-қайта жаң­­ғыртуды аңсайтыны – ақи­қат. Өйткені бұл ақиқаттың аңыздардан бастау алып, шы­найы өмірмен астасып жатқа­ны­на көз жеткізу қиын емес.

Өмір деген адамның ізде­ністерінен тұрады. Сондықтан кинода тіршілік үшін тағдыр­шеш­­ті мәселе – құдық қазып, су шығаруды алға тарта отырып, одан да кең масштабта адамзат­тың ізденісі заманына қарай еш уақытта тоқтамауға тиіс екенін, адам еңбегі тоқтағанда үміттің де үзілетінін меңзейді. Кез келген халықтың рухын ата кәсіптің сақтайтыны, бәсекеге қабілетті болуда қанағаттың алар орны анық айтылады. Түп­теп келгенде, дәстүрді құр­мет­теудің үлгісін ұсынған фильм қазақтың кино өнеріндегі тың соқпақтың басталғанынан хабар береді. Бұл үнемі ізденісте жүре­тін режиссер, сценарист Жаңа­бек Жетіруовтің сөз өнерінің үлкен ұстасы – Ә.Кекілбайға, оның озық рухани дүниесіне кино түрінде қойған ескерткіші десе болады. Кино өнерінде өзгенің жолын кеспей-ақ, өзінің қажырлы еңбегімен, тәжірибесі­мен төселген, кәсіби жағынан кемелденген режиссердің фи­льм­ге қажетті қосымша образ­дар мен шешімдер енгізуі де өте сәтті шыққан. Әсіресе, басты рөлді сомдаған Алдабек Шал­баев (Еңсеп) және байдың рөлін шынайы жеткізген жазу­шы­ның ұлы – Дәулет Кекілбаев өздері­нің әлеуетін барынша нанымды, тиімді пайдалана білген. Ал арнайы музыка жазған жас композитор – Арман Жайымов, музыкалық шығармалар орын­даған күйші – Секен Тұрысбеков пен Ғ.Жұбанова атындағы мемлекеттік шекті аспаптар квар­теті кинофильм талаптары­на аса талғампаздық­пен қараға­ны қуантады. Сонымен бірге, Рифхат Ибрагимовтың опера­тор­лық шеберлігін атап өтпеуге болмайды. Өйткені табиғатты, теңізді түсіру – мінезді түсірген­нен қиын, соны еңсергендігі – Маңғыстауды көрерменге жақын­дата түседі.

Ұлы даланың, соның ішінде Маңғыстау даласының қыры мен сырын әрбір қазақ білсін деп емес, оны мақтаныш тұтсын деп жазылған дүниені жан-жақ­ты жіліктеп, жете түсіну үшін, түгел тану үшін, әрине, бір кино аздық деп ойлаймыз. Жазушы Ә.Кекілбайдың шығармашылы­ғын өнердің барлық жанрында сөйлетсең де, көрсетсең де құ­дық суындай таусылмайды, қаза берсең – түбі терең шыңырау. Кино­туынды­ның ең басты идея­­сы – қазақтың адами таби­ғатын, асқақ рухын, ғасырларды жалғап жатқан дәстүрін адамзат өрке­ниеті контексінде көрсету. Көтер­ген тақырыбы да өмірдің шындығы, яғни тіршілік үшін судың көзін немесе істің көзін табу. Жер бетінде ағыны мен ағысы әртүрлі өзен-көл суын іздеу емес, көзге көрінбейтін жерасты суларының ішінен теңізге құйып жатқан ұлы арнаға қол жеткізу. Ол ұлы арнаны іздеуі қадам сайын күдігі мен күмәны қатар жүретін қазақтың өз жо­лын іздеуін аңғартаты­нын­дай. Құ­дық­­шылардың тағдыр-тала­йына бәсекеге түскен кәсіп­ші­­лер­дің биігінен емес, қазақ өмі­рі­нің күрделі кезеңдері тұр­ғы­­сынан қарағанға да, ойды жете­леп әке­те­тін тұстары ұтым­ды өріл­ген.

Жалпы, құдықшылық кәсіп – әрі мұра, әрі мирас. Осы­ның обалы мен сауабын білетін ки­но­­ның басты кейіпкері Қараш­­­тан шыққан Еңсеп құ­дық­­шы­лық­қа жәй кәсіп ретінде қара­май­ды, бес атанға жүк бола­тын­­дай жауапкершілікпен, яғни мұрагерлікпен, мирасқор­лық­пен қарайды.

Шындығында, қазақ ара­сын­да құдық қазу – үлкен сауап­ты іс. «Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді» дейтін сөздер жиі айтылады. Сол кәсіптің жо­лын­да құдық қазушылар талай рет өзі танып үлгермеген немесе өзіне беймәлім табиғат­тың тыл­сымдарымен бетпе-бет келе­ді. Ал басты кейіпкер – құдық қа­зу­­шы Еңсеп өзінің күшін, мүм­кіндігін шақтай білмегендік­тен, арманының құрбаны бола­ды.

Үстіртте ғасырларды жалға­ған ата кәсіптің заттай белгілерін өз заманының инновациялық жетістіктері деп бағалауға бола­ды және қазған кісілердің атта­ры­мен аталған құдықтар көп болған деседі, кейбірі біздің заманға дейін жеткен. Ал бір құдық «Еңсеп қазған» емес, «Еңсеп өлген» атанып кетеді. Әбіш Кекілбаев жазған тарихы­мыз­дың осы тұсы жаңа фильмге арқау болған болса, киногерлер­ге де, көрерменге де құтты бол­сын айтамыз. Іздеу, ізденіс ешқа­шан тоқтамасын! Өмірдің заңы солай.

 

Дархан МЫҢБАЙ,

Мәжіліс депутаты