Жүйріктер – жеңімпаз

Nur Otan партиясы БАҚ өкілдерінің үздіктерін мара­паттады. Нұр-Сұлтан қаласында журналистер арасын­дағы Nur Suńqar респуб­лика­лық конкур­сының мерей­той­лық ма­рапаттау салтанаты өтті.

Жүйріктер – жеңімпаз

Nur Suńqar конкурсы оныншы рет өткізілді. Осы аралықта кон­курсты өткізу үлгісі, ережесі, аталымдар мен жүлделер де өзгертіліп, жетілдірілді. Бү­гінгі таңда байқау еліміздегі медиа сала­сының қызметкерлерін ынталан­дыруға бағыт­талған беделді іс-шаралар­дың біріне айналды. Конкурстың мақсаты – отандық журналистер, блогерлер мен шығар­машылық ұжымдарды қолдау, олардың кәсіби журналистиканы дамытуға, қоғамды жедел әрі объективті ақпаратпен қамтамасыз етуге қосқан үлесін бағалау.

Марапаттау салтанатында сөз сөй­леген Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Nur Suńqar конкурсының журналистер арасындағы өз ісінің нағыз майтал­мандарын қолдауға арналған іс-шара екенін атап өтті.

– Заман өзгеріп жатыр. Жаңа техно­логиялар дамып, қоғам сұранысы өзгерді. Көпшілік әлеуметтік желілерден альтернативті ақпарат алады. Бүгінде әрбір адам журналист секілді жұмыс істеп, өз пікірі мен ойын әлеуметтік желілер арқылы халыққа жеткізеді. Дегенмен кәсіби журналистердің рөлі өте маңызды. Nur Suńqar байқауы – дәл осы кәсіби журналистиканы қолдайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні ретінде өз алдына бөлек мереке бо­лып бекітілгенін жақсы білесіздер. Бұл – жур­на­листердің қоғамдағы мәр­тебесін одан ары өсіретін игі бастама. Сіздер халық пен мемлекет арасына дәнекер болып тұрған алтын көпірсіздер. Түйткілді мәселелерді шешу мен жалпы елдің дамуы сіздердің кә­сіби сөзіңіз бен азаматтық ұстаным­да­ры­ңызға байла­нысты, – деді Бауыржан Байбек.

Он жылдың ішінде 100-ден астам журналист түрлі номинациялар бойынша жеңімпаз атанды. Жылдан-жылға кон­курсқа қатысуға ниет білдірген жастардың саны артып келеді. Осыны ескере келіп, партия жастарға арналған «Жас серпіліс» номинациясын тағайындады.

Биыл конкурс нәтижесі негізінде жеңім­паздар 10 аталым бойынша, атап айтқанда, «Халық дауысы» – Үздік телевизиялық журналист, «Точка зрения» – Үздік телевизиялық журналист, «Сөз зергері» – Үздік газет журналисі, «Мастер слова» – Үздік газет журналисі, «Медиа-профи» – Үздік интернет басылым журналисі, «Жас серпіліс» – Үздік жас журналист, «Елбасы салған сара жол» – Елбасы қызметін ең жақсы көрсеткен жарияланым үшін марапат, «Партиялық жобалар жайлы жарық көрген ең жақсы жарияланым үшін», «Майталман» – отандық журналистиканың дамуына қосқан үлесі үшін, «Рухани жаңғыру» – қоғамдық сананы жаңғырту бағдар­ламасын насихаттауға қосқан үлесі үшін марапатталды.

Биыл конкурстың ұйымдастыру комитетіне 207 қатысушыдан мыңға жуық жұмыс келіп түсті. Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов төрағалық еткен комиссия мүшелері төмендегі БАҚ өкілдерін жеңімпаз деп таныды.

«Халық дауысын» – «Қазақстан» телеарнасы «Апта» бағдарламасының редактор-сарапшысы Айбек Қобдабай, «Точка зрения» аталымын – «Хабар24» телеарнасының шығарушы редакторы Жұрағат Баман, «Сөз зергерін» «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орын­басары Ғабит Мүсіреп, «Мастер сло­ва» аталымын – «Литер» газетінің тілшісі Талғат Исенов, «Медиа-профиді» – Bnews.kz ақпарат агенттігінің бас редак­торы Ақмарал Олжабаева, «Жас серпілісті» – «Хабар» телеарнасының тілшілері Сәкен Махаметкерімов пен Назымгүл Күміспаева, «Елбасы салған сара жол» ата­лымын «Казахстанская правда» газетінің арнайы тілшісі Игорь Прохоров, «Партиялық жобалар жайлы жарық көрген ең жақсы жарияланым үшін» – «Астана ТV» телеар­на­сы­ның ақпараттық-сараптамалық бағ­дар­ламалар қызметінің арнайы тілшісі Екатерина Брынюк пен «Айқын» газетінің журналисі Гүлжан Рахман, «Рухани жаңғыруды» насихат­та­ғаны үшін «Астана телеарнасы» ЖШС-ның атқарушы про­дю­сері Базаркүл Отыншиева мен «Абай» журналының тілшісі Айгүл Кемелбаева иеленді. «Майталман» номи­нациясы отан­дық журналистиканың дамуына қосқан үлесі үшін «Жетісу» телеарнасының қыз­мет­кері Нұртілеу Иманғалиұлына берілді

.