Македония «Алтын адамды» тамашалады

Газет мақаласы "Айқын" газеті №109

Ұлттық музей Солтүстік Македония Республика­сы­ның Ұлттық археологиялық музейінде «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесін өткізіп жатыр.

Македония «Алтын адамды» тамашалады

Бұл «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында ұйым­дастырылып отыр.

Көрменің мақсаты – Қазақ­станның тарихи-мәдени бай мұ­расын шетелдік көрерменге та­ныс­тыру. Көрмеге қазақ елінің сим­волы – «Алтын адам» қойылды.

1960 жылдардың соңы мен 1970 жылдардың басында Алма­тының маңайында танымал архео­лог Кемал Ақышев зерттеп жүрген Есік қорғанынан сақ пат­шасы – «Алтын адамның» сүйегі табылған археологиялық жаңалық болды. Ғалымдар баға жетпес олжаны «Қазақ Тутанхамоны» деп атаған. Ежелгі дала билеушісінің тәжіндегі қанатты алтын пырақ әшекейлері Елтаңбаның бөлше­гіне айналды. Алтын адамның мүсіні Алматыдағы Тәуелсіздік алаңына орнатылды.

Жарты ғасырға жуық уақыт өткеннен кейін Ұлттық музей халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасын жариялады. Ауқымды шара шең­берінде Беларусь, Ресей, Әзербай­жан, Қытай, Польша және Оңтүс­тік Корея, Өзбекстан музейлерінде көрмелер үлкен жетістікпен өткен болатын.

Көрменің салтанатты ашылу рәсіміне Солтүстік Македония Республикасының Мәдениет министрі Хысни Исмаил (Hysni Ismaili), Ұлттық музей дирек­то­рының орынбасары Алмаз Нұраз­хан, Солтүстік Македония Рес­пуб­ликасының Ұлттық археоло­гиялық музейінің директоры Горан Санев қатысты. Олар біре­гей көрме жобасы арқылы Қазақ­станның тарихи-мәдени мұра­сымен, ежелгі және ортағасырлық өнер туындыларымен таны­су­ларына мүмкіндік алғандары үшін қазақстандықтарға алғыс білдірді. Сонымен қатар қос мемлекеттің өкілдері Македония мен Қазақ­станның тарихы, өзара ұқсастығы мен ортақ көзқарасы туралы айт­ты. Болашақта мәдени байла­ныс­ты арттыруға сенім білдірді.

Солтүстік Македонияның Ұлт­тық археологиялық музейін­дегі көрмеден киімі алтын жап­сырмалы және жебе, қар барысы, арқар, жылқы және құс түріндегі алтын тілімшелер әшекейлеп тұрған конус пішінді ерекше бас­киімді Алтын адамның реконс­трукциясын және осы жас ақ сү­йек сақ жауынгерімен (археолог­тардың пікірі бойынша 17-18 жас­тар шамасында) бірге жер­ленген ерте темір ғасырының (б.д.д V-IV ғғ.) археологиялық ол­жаларының коллекциясын тамашалауға мүмкіндік бар.

Сақтар (парсы тілінен аудар­ғанда – «алып ерлер») – қазақ­тардың ертедегі бабалары. Грек авторларының шығармаларында оларды азиялық скифтер (saka сөзі скифтердің «бұғы» сөзінен туындайды), басқа ежелгі дерек­көздерде «ұшқыр атты турлар» деп көркем сипаттаған. Осы тайпа­лардың үлкен үш тобының қата­рында «Алтын адам» жерленген Есік қорғаны табылған аймақта тұрған сақ-тиграхаудтар («шошақ бөріктілер») бар болатын. Қор­ғаннан арасында киімдерді бе­зендіретін деталдар, сол сияқты әшекейлер мен тұрмыстық заттар бар төрт мыңнан астам алтын бұйымдар табылды. Зерттеу­ші­лердің қорымдағы заттардың то­пографиясын тер төгіп зерттеулері нәтижесінде, көрмеге ұсынылып отырған сақ жауынгерінің кел­бетін жаңадан жасап шығу мүмкін болды. Есік қорғанынан табылған заттар арасында ежелгі жазба ескерткіштерінің бірі руна жазу­мен жазылған жазбасы бар күміс тостағанның экспозициядан алар орны ерекше.

Ежелгі дала өнерінің маңызды ерекшелігі саналатын зооморф­тық бейнелердің басымдығы да мифо­логиялық ойлау өлшем­де­рімен белгіленеді. Мұның сюже­тінің драматизмі жақсылық пен жаман­дықтың күресі, жарық пен қараң­ғының бастауы, жаңа өмір­дің жа­салуы, қарама-қайшы­лықтардың мәңгілік қозғалы­сының және мәң­гілік күресінің символы ре­тінде түсіндіріледі. Осындай қара­ма-қайшылықтың айқын үлгісі ретінде көрмеге ұсынылған алтын­нан қалыптау және бедерлеу тех­никасымен жасалған V-IV ға­сыр­ларға тән жапсырмасы бірін-бірі дәл қайталайтын қос барыс түрін­дегі айылбасты айтуға болады.

Христиандық пен мұсылман­дықтың орнығуына қарай «аң стилі» біртіндеп пұтқа табыну­шылық пен түсініктен шығатын бастапқы мәнін жоғалта бастады. Алайда бастапқы сиқырлы мә­нінен айырылған жануарлардың сәндік бейнелері зергерлік бұ­йым­дарда, миниатюра кітаптарда, ағаш, тас және сүйек нақышта­рында, сәулет сынды ортағасыр­лық өнерде әлдеқайда жинақта­лыңқыраған түрде, стилденген ою, зер элементтерінің пішінін қабылдап қолданыста қала берді. Бұл үрдістер экспозицияға қо­йылған XV ғасырға тән деп дата­ланған Сайрам көмбесінен та­былған зергерлік өнер бұйым­да­рынан айқын байқалады. Көрмеде сол сияқты Тақсай (Батыс Қа­зақстан облысы), Талды-2 (Қара­ғанды облысы) және Берел (Шы­ғыс Қазақстан облысы) сынды сақ қорғандарынан табылған архео­логиялық бірегей олжалар да көрсетілетін болады.

Көрмеге Ұлттық музей қоры­нан барлығы 292 жәдігер ұсы­нылды.


Майра БАҚЫТ