"Ша ла ла" әнімен хитке айналған Жұмабек қазақ еліне келуді армандайды (видео)

Зағип боп туған Жұмабектің есту, үйрену қабілеті өте жоғары

"Ша ла ла" әнімен хитке айналған Жұмабек қазақ еліне келуді армандайды (видео)

Сонау Шыңжаң автономиясындағы ауылында отырып «Ша ла ла» әнін орындап хитке айналған Жұмабек Мұқиятұлы айналдырған бірер күннің ішінде-ақ күллі қазақ жұртшылығына танымал болып шыға келді. Ән орындауы, домбыра ойнау шеберлігі әдегеннен тәнті еткен. Тумысынан зағип боп өмірге келген Жұмабектің есту, үйрену қабілеті өте жоғары дейді таныстары. Қазірдің өзінде жүздеген күй мен әнді аса шебер орындай алады. Арманы – қазақ еліне келу.

Хит әнді елімізге белгілі композитор Жарылқасын Дәулет жазса, сөзі танымал ақын – Еркебұлан Кенехандыкі. Әнді орындаған видеосы желіде тарала салысымен Жұмабекті білетін, танитын азаматтармен байланыс орнатуға тырыстық. Солардың бірі – Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында ұстаздық ететін Ерлан Дәуітұлы. Ол Жұмабекпен 2014 жылы Қытайда өткен «Күміс көмей» ән байқауында танысыпты.

– Қытай қазақтарының ішінде жоғары білім алып, музыканы кәсіби түрде меңгергендер санаулы ғана адамбыз ғой. Сондықтан бізді әділқазылар алқасына шақырған. Сонда оның көзі көрмесе де есту қабілетінің өте зор екенін байқадым. Өте керемет һәм күрделі күйлерді жаттап алған. Әдетте ондай күйлерді консерваторияда кәсіби білім алған азаматтар ғана таза орындайды. Нотасыз ақ, ырғағынан еш ауытқымай жаттап алғаны мені қатты таңғалдырған. Жұмабектің мінезі – өте ашық, өте ақкөңіл. Адамдармен аралассам, білсем, таныссам деп тұрады. «Дауысым адамдарға шабыт, шаттық сыйласа екен» деп айтқан кезінде қатты тебірендім. Өзі қазақ еліне келуді қатты армандайды, – дейді Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы.

Оны жақсы танитын Үрімші қаласында өмірге келген, қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұратын Мерей Мәжиттің айтуынша, Жұмабек – ешкімге ұқсамайтын дара талант.

– Екі жыл бұрын жұмыстарыммен Қытайға барып, сол жақта жарты жылдай тұрдым. Сонда бір кісілер мені Жұмабекпен таныстырды. Таныссам – екі көзі көрмейді екен, кей саусақтары дұрыс жұмыс істемейді екен. Соған қарамастан күйді тартуы, әнді айтуы өте керемет. Менің кейбір айтқан ескертпелерімді сол заматта түзеп, үйреніп алып отырды. Содан шағын бағдарлама жасап, Жұмабекті ел-жұртқа танытқымыз келді. Сөйтіп, ұзақтығы 40 минут болатын телебағдарлама түсіріп, ол елге жақсы тарады. Жалпы, әке-шешесі мал бағатын, қарапайым кісілер. Басқа балаларының денсаулығы жақсы. Тек осы Жұмабек қана зағип болып өмірге келген. Бірақ есту қабілеті өте жоғары. Тіпті екі-үш жыл бұрын кездескен адамдарды да дауысынан танып қояды екен, – дейді Мерей Мәжит.

Жұмабектің отбасы, жалпы ол тұратын ауыл әлі күнге баяғы көшпелі тұрмыс салтын ұстанады екен. Яғни, жазда жайлауға көшсе, қыста қыстауға қайтады. Сондықтан ол жақпен телефон байланысын орнату өте қиын. Қазіргі таңда өнер академиясының басшылығы Жұмабектің өзімен және ата-анасымен байланысып, оны осы оқу орнына түсіру мәселесін қарастырып жатыр. Бұл туралы аталған өнер ордасының ректоры Асхат Маемиров әлеуметтік желідегі парақшасында жазған.

– Көзі көрмесе де, көкірегі ояу, әнді шынайы жеткізген Қытайда тұратын қазақ бауырымыз Жұмабек Мұқиятұлының ерекше әуен иірімдері әдемі әзілмен астасқан «Ша-ла-ла» атты туындысы да, ешкімге ұқсамайтын орындау мәнері де ұнады!!! 21 жасар талантты баламыз Жұмабек Мұқияттың деректерін табуға септігін тигізген жандарға раxмет айтамын. Жұмабек Мұқиятұлы – Шыңжаң автономиясы, Алтай аймағы, Бұршын ауданы, Оймуx ауылы, Ақтөбе деген жерде тұрады екен. Академия әкімшілігі әкесімен xабарласып жатыр, – дейді Асхат Маемиров.

Асхат Максимұлының осы жазбасынан кейін академия әкімшілігіне хабарласып, ақпар алдық. «Дәл қазір бірден Жұмабекті елге әкелу қиындау сияқты. Біріншіден, ол тұратын өңірмен байланысқа шығудың өзі оңай емес. Екіншіден, Қазақстанға келу үшін тиісті құжаттарын әзірлеуі тиіс. Виза мәселесін шешу үшін елшілікпен байланысу қажет. Біздің академияда құжат қабылдау уақыты 20 тамызға дейін. Сондықтан Жұмабектің келу мәселесі шешімін тапса, оқуға қабылдану мәселесі реттеліп қалар» дейді академия баспасөз қызметі.