«Абай» көркем фильмі түсіріледі

Америкалық баспагер ЮНЕСКО «Адамзат кемеңгері» деп таныған Абайдың ағылшын тіліндегі жинағын келесі жылы өз қаржысына шығармақ.

«Абай» көркем фильмі түсіріледі
Фото: Интернеттен алынды

Бұл мәлімет 2020 жылы Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы аясында жария етілді.

Мемкомиссия жиынына төрағалық еткен Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ данасы туралы айтқан сөздеріне назар аудартты.

–Елбасы атап өткендей, Абай әлем мойындаған дана ұстаз, ақын және адамзаттың данышпаны. Абайдың ұлылығы мен ерекшелігі – оның табандылық пен мақсаттылықты дәріптеуі және оны өз ұлтының санасына енгізе отырып, ұлттық рухты бұрын-соңды болмаған биіктікке көтере алуы. Біз Абайдай лайықты, мақтан тұтатын рухани тірегіміздің барына алғыс айтуымыз керек. Бүгінде елімізде саяси, экономикалық және руханият салаларын қалыптастыруға бағытталған Үшінші жаңғыру жүзеге асырылуда. Бұл ретте ұлы Абайдың шығармашылығы заманауи қазақстандық қоғамда, әсіресе, жастар арасында Отанға деген сүйіспеншілік, білімділік, еңбекқорлық секілді құндылықтарды ілгерілетуге мүмкіндік береді, – деді Г.Әбдіқалықова.

Комиссия мүшелері отырыс барысында халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейлердегі 500-ге жуық саналуан іс-шарадан тұратын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспардың жобасын қарады. Оған сәйкес, Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде және елордада халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізу, «Абай» көркем фильмін түсіру, Абай шығармаларын шет тілдерге аудару көзделген. Сондай-ақ Абай үйі-музейін туристер арасында жан-жақты насихаттау, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізу, Құнанбайдың тұлғалық маңызы мен тарихи-мәдени рөлін арттыру шаралары қолға алынады. Бұған қоса, #Abai175 челленджі жаһандық форматта жалғастырылады.

–Абай бабамыздың 175 жылдығы – қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, қазақ тілінің тойы. Абай кітаптары көптеген шет тілдерге тәржімаланды. Келесі жылы АҚШ-та әлем классиктері қатарында ұлы Ақының кітабын жарыққа шығарамыз. Америкалық баспа кітаптың ағылшынша шығуын өзі қаржыландырады, - деген жазушы Роллан Сейсенбаев дүниежүзіндегі әр елде «Абай үйін» ашуды ұсынды.

Отырыс қорытындысында төраға Г.Әбдіқалықова мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді.