Қорымға зерттеу жүргізеді

Газет мақаласы "Айқын" газеті №119

Ақтөбеде көне қорым-зираттардағы эпиграфикалық (жазу) және эпитафиялық (таңбалар) мәтіндерді зерттеп, ғылыми айналымға енгізу мақсатында экспедициялық топ жұмысын бастады. Осы жұмыстарды атқару үшін  Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалымдары арнайы келді.

Қорымға зерттеу жүргізеді

Топтың жетекшісі – Р.Сүлейменов атын­дағы Шығыстану институтының ғылыми қызметкері, тарих ғылымының кандидаты Дина Медерова. Олар екі апта бойы тарихи тұлғалардың эпиграфикалық жазбаларын анықтап, зерттеу жүргізеді. Зерттеушілер «Ұлы дала тарихы мен мәдениеті» ғылыми бағдар­ламасы аясында Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының көмегімен облыстың бірнеше аудандарын аралап, зерттеу жұмыста­рының нәтижелерін далалық экспедициялық жұмыстар аяқталған соң қорытындылайды.

Экспедицияға шыққан топ Ақтөбе қаласы маңындағы және Қарғалы, Алға, Қобда, Хромтау, Темір, Байғанин аудандарындағы кешендер мен қорымдарды аралап, ондағы эпиграфиялық, эпитафиялық мәтіндердің мән-мағынасын анықтайтын болады. Мәселен, Қобда ауданындағы XIV-XV ғасырға жататын Абат Байтақ кесенесіндегі 200-ден астам құл­пытасты, Қарғалы ауданындағы XVII ғасырға жататын Қызылтам қорымындағы құлпытас­тарды, Темір ауданы Мәулімберді қорымындағы эпиграфикалық, эпитафиялық мәтіндерді зерттейді. Экспедиция барысында Қобда ауда­нындағы Бекет әулие Мырзағұлұлының шәкірті Шектібайдың алтыншы ұрпағына берілген «Көк аса» зерттелмек. Олар Ақтөбе қаласы ма­ңындағы б.ғ.д. V ғасырға тән байырғы сармат дәуірінің қорғандары орналасқан Жылантөбеге шықты. Мұнда шамандар да жерленген.

«Алматыдан арнайы келіп, тарихи тұлға­лардың құлыптастарын оқу, ғылыми айналымға енгізу жұмыстарын жүргіземіз. 2018 жылы Қарағандыда жұмыс жүрді. Биыл Ақтөбеге жол түсті. Қобыланды батыр, Абат Байтақ, Жұбановтар әулеті, Есет батыр қорымдары басты назарда болады. Бұрын Серік Әжіғали зерттеп, фотоға түсіріп, деректер жинақтады. Біз сол зерттеуге терең бойлаймыз», – деді топ жетекшісі Дина Медерова. Ақтөбелік өлкетану­шылар зерттеушілерге үлкен сенім артып отыр. «Әкеміздің құлпытасын оқығанымызбен, ата­мыздың бейітінің басындағы жазбалар түсі­ніксіз. Ақтөбе облысындағы ең үлкен қорым елсіз Доңызтауда жатыр. Онда жүздеген, мың­даған құлыптастар бар. Олардағы мәтіндер ғылыми айналымға енсе дұрыс болар еді. Өңірде үш жылдық бағдарлама қабылданып, «Доңызтау экспедициясы» деген атпен жинақ­талып жатыр. Ал мына топ атақты 200-ден астам құлпытасы бар Абат Байтақ қорымына, Темір қаласындағы қорымға, Қарғалы су қоймасы маңындағы Қызылтамға бармақ. Тама Есет батыр Көкіұлының құлыптасы темірден жа­салған. Ерекшелігі – осында. Құлпытаста біз үшін құпия нүктелер таңбаланған. Ғалымдарға оқытып алсақ дейміз», – дейді тарихшы-өлке­танушы Бекарыстан Мырзабай.


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ