Жамандықты жасқайтын, жақсылықты нұсқайтын

Газет мақаласы "Айқын" газеті №119

Сабыржан ағаны алғаш көруім, сірә, 1990 жылдың күзінде болар. Ол кісі «Социалистік Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасарлығына бекіп отырды деген хабарды естіп, өзінің ежелден бергі ежеттес досы Бекболат Әдетовпен бірге құттықтап шығуға кабинетіне кіргенбіз. Бұрын сырттай там-тұмдап шамалы естуім болмаса, таныс-білістігім жоқ. Бекеңе ілесіп жүруімнің себебі, жақында ғана республика басшылығының ұйғарымымен ауыл шаруашылығы саласы бойынша дербес «Дала дидары» (кейіннен «Ауыл») газеті ашылып, оның бас редакторы болып бесаспап журналист қаламгер Б.Әдетов, орынбасары болып мен тағайындалған едік. Кең кабинетте Сәкеңе құтты болсынымызды айттық. Тұрпаты келіскен зор денесі, әзіл-қалжыңға бейім ақжарқын келбеті, әдептен аспас ұстамдылығы адамға бірден-ақ ұнамды әсер қалдырғандай-ды. Бекең екеуі боса-болмасын дос, біздің арамызда да сол күннен бастап бір сыйластық орнағандай-ды. Әзіл-қалжыңына бұрынғы да қазіргі, әсіресе, «Социалистік Қазақстанда» меншікті тілші болып істеген кездегі әріптес дос, құрдастарының, жалпы, жақсы көретін адамдарының аттары әпенде мінездерімен, айтып қалған сөздерімен қоса ию-қию араласып жүретін-ді.

Жамандықты жасқайтын, жақсылықты нұсқайтын

Еліміз тәуелсіздік алған жылдардың алақай эйфориясы да мол болды. Әсіресе, қазақтілді баспасөзіміз тәуел­сіздік келерін сезгендей, тіпті, соның қарсаңында да бостаншыл рухтың бұрқасынын боратудан жазбады. Газетте Қазақстан атына оғаш пікір айтқан, қазақтың намысына тиген оспадарларды сыпыра сойдық та отырдық. Горбачев те, Солженицын да, Жириновский де, Старовойтова, Руцкой, Лимонов де­гендер де сол сойылдың астында қалған. Бұл дұрыс-ау, бірақ кейбір реттерде қызды-қыздымен тоқтай алмай қалып өзіміздің Олжас Сүлейменов көкеміздің атына да бірді-екілі шырылдаған сын пікірлерді жазған басымыз жазып-ақ жіберіппіз. Олжекең не айтса да арғы жағында астарлы байыбы болатынын, ол кісі халқымыздың түп мүддесін ой­лайтынын ол шақта қайдан біліппіз? Сабыржан аға осы жайды оңтайымен ескертті. «Олжекеңнің жаулары онсыз да жетеді. Сен солардың қатарын көбей­тейін деп пе едің? Жаманға жақтасамын деп жақсының жағасынан алма» дегенді қаперде ұстағайсың» деп ақыл қосты. Тым ақылсыз емес едік. Көңілге шам алмадық. Өзімбілерменге салынбадық. Сөйткеніме осы қазір де, содан бері 20-дан астам жыл өткенде де қуанамын. Иә, өйткені ағаның айтқанын ұқтық. Жадағай ойлап, жалпы дүрмекке іле­сіп, жаңсақ басып, қателікке ұрын­ғанымыз­ды түсіндік. Үлкен ағалардың шау­жайына орынсыз жармаспайтын бол­дық. Алаштың ардақты арыс аза­маты, айкөл ақыны Олжас Сүлейменов­тің ой-парасатын дұрыс тү­сінуге тал­пындым. Осыған Сабыржан ағам­ның тікелей әсері тиді. Кейінірек «Олжас» деген поэмам жазылып, ол «Егемен Қазақстан» газетінің тұтас бір бетін алып жарық көрді. Туған күніне арналған бір жиында дастанның тарау­ларын Олжекеңе оқып беру бақытын да ие­лендім. Міне, осы жақсылықтың бас­­тауында да әр нәрсені өз атымен атай білген ақиқатшыл Сәкем тұрғанын қалай ұмытармын? Осыған жа­ман­дықты жасқай жүретін, жақсылықты нұсқай жүретін жанашыр ағаның игі ықпалы болғанына сөз жоқ.

Есімде, бас редакторымыз Мұхтар Мағауинмен алдын ала келісіп алып «Жұлдыз» журналына Сабыржан аға­мыздың бір мақаласын ұсындым. Мұхаң кеңестік, социалистік артық­шылық­тарды әспеттегенді ұнатпайды. Ал Сабыр­жан аға болса ол заманға да барын­ша әділетті болуға тырысып бағып, барын – бар, жоғын – жоқ дейді. Сол мақаланы қарап шыққасын Мұхаң: «Ой, мына Сабыржан өзі қып-қызыл коммунист екен ғой» деп жаратың­қырамай қалды. Бірақ бұрыннан сыйлас адамды қимай, мақаланы нөмірге салуға рұқсатын берді. Жақсы көретін екі ағамның арасында болмашыға бола түсінбестік туып, көңілдеріне сызат түсіп қалмаса екен деп мен жүрмін шы­рылдап. Шындығында, Сәкең қып-қызыл ком­мунист емес, сондағы адам­гершілік, ізгілік, әділет идеяларының жақтаушысы еді. Ал қазақтың ұлттық мұратын, ұлт мүд­десін ешқашан ешқандай ком­му­нистік те, басқа да идеяларға айыр­бастаған емес.

1995 жылдың тамыз айында Сабыржан аға мені өзі басқарып отырған республикалық «Сұхбат» газетінің жауапты хатшысы етіп шақырып алды. Бір жылға тарта шәй деспей қоян-қолтық жұмыс істедік. Алғашқы күндері көптен көріспеген­діктен бір уақ арқа-жарқа кеңірек те, көбірек әңгімелесіп шер тарқатысып алып жүрдік. Сондайда: «Ойпырмай, келгенің мұндай жақсы болар ма, әйтпесе, осында әңгімелесетін де адам қалмап еді» деп ойлы көзбен қадала қарап қалушы еді. Жұмыста тәртіпті сүйетін, басқа әңгіме, әзіл-қалжың – жұмыс біткен соң, одан тыс уақытта.

Әуелде құрылтайшысы Ұлттық банк болғандықтан, «Сұхбат» экономи­калық апталық газет еді. Қоғам өмірінің барлық саласына, әсіресе, руханиятқа жақсы көңіл бөліп тұрды. Бірақ құрылтайшы демеушілігі барған сайын сұйыла берді, баспа органының рөліне мән бермеді. Осы тұста Сабыржан Шүкірұлының зор ұйымдастырушылық қабілеті, қайсар­лығы, іскерлігі мен кісілігі де молынан көрінді деп білемін. Ақылы материал­дармен ақша тапты. Қызметкерлердің жалақысын ойдан-қырдан жинап әйтеуір бергізіп тұрды. Ең бастысы, ақырына дейін газеттің шығуын тоқтатпады, іркіліске жол бермеді.

Өзінің төл перзентіндей болған «Сұхбаттың» келешегінен Сәкең күдер үзбеді. Алғы күндерден үміті мол еді. Сол бір қиын күндерде қасында жүргендіктен білемін. Газеттің өмір сүруі жолында жансебіл күрес жүргізді. Әлдебір қалталы азаматтарды құрыл­тайшы болуға көндіріп, уәделерін алып, үлкен жоспарлар құра бастады. Осын­дайда оңаша отырғанда: «Қорғанбек, түбінде жағдайымыз оңалып кетсе, газеттің шығару тізгінін, шығармашы­лық жағын түгел өз қолыңа беріп қоя­мын. Өз баспаханамыз, басқа шаруа­ларымыз болады. Мен солармен айна­лысамын. Жұмыс ауқымы кеңейеді, газеттің бет-бейнесін, тақырыбын да өзгертеміз» деп болашақты болжалдап көзге елестететін. Әттең, қолқысқалық етектен тартып, осы ізгі ниеттің, әдемі ар­манның жүзеге асуына кедергі келтірді. Тынысы тарыла-тарыла келе, газет 1996 жылдың жазында жабылып тынды. Сәкең Үкіметтен баз біреулерше дабыра көтеріп қызмет сұраған жоқ, баспасөздің қайраткер сардарын қайдасың деп іздеген қамқорлар және болған жоқ, өзі ың-шыңсыз, ешкімге жалынбай, басын имей, намыскер де асқақ қалпын сақтап «Ана тілі» газетіне тіл және этнография бөлімінің мең­герушісі болып орналасты. Осы қыз­метін табаны күректей 10 жыл атқарды.

Осы арада айта кетейік, біздің пайымдауымызша, қазақ баспасөзі тарихында «Сұхбат» апталық газетінің өзіндік ерекше орыны бар. Бұл басы­лымды да қазақ руханиятының көгінен төрт-бес жылдық қысқа мерзімде құй­рықты жұлдыздай жарқ етіп, ағып өте шықты деуге әбден сыяды. 1991 жылы қазақ тіліндегі «Сұхбат» және орыс тіліндегі «Позиция» хабаршыла­рын қолына алған С.Шүкірұлы олардың жалаң үгіт-насихаттық жадағай мис­сиясын өзгертіп, ауқымды мақсат-міндеттер жүктеген саяси-экономика­лық ұлттық апталық газет дәрежесіне көтергенін көзі қарақты, құлағы түрік жұртшылық біледі әмбе әлі күнге дейін ұмытқан жоқ.

китаптар.png

Көп өмір сындарына төтеп берген Сабыржан және Бекболат ағалардың жарты ғасырлық жайдарман достығына, бір-біріне суымаған шынайы ықы­ласына қызыққандаймын. Ақырына дейін адал болсақ, кезінде бұл достыққа да сызат түсе жаздағаны бар-ды. Қазақтың байырғы бір сөзінің қалай дұрыс айтылып-жазы­ла­тынына таласқан екеуі де тіл жанашыры, тіл та­залығының күрескері екі дос қызды-қыздымен кеу-кеулеп біраз жерге барысқан. Бұл кісі­леріңіздің дауы баспа­сөздің бетіне де тасқа басылып шығып кетті. Екі достың бір-біріне деген өкпесі қара қазан­дай болған шырқау шекке жетті. Екеуі де «Платон менің досым, бірақ шындық қымбат» деп қасарысты. Осы жайға ортақ дос-тілектестер қын­жылып та жүргенбіз. Бірақ баршамыз­дың қуа­нышымызға орай шекіскен екі дос екі-үш жылдан кейін қайта табысып, айырылмасқа бекіскен болатын. Осыны мен «Егемен Қазақстанда» Б.Әдетовтің 70 жылдығына орайласқан «Біздің Бекең» атты сұхбат-мақаламда сүйін­шілеп жаздым да. Бекең сонда былай деген еді: «Сабыржан досымыз екеуміз­дің арамыз осы тілге байланысты суыңқырап барып қайта жарасты. Ол да, мен де өз пікірімізде қалдық. Біз тіл жөнінде таласпайтын болдық». Бұ­ған біздің де еш алып-қосарымыз жоқ.

Туған елдің тұғырын биіктетіп, қадірін қастерлеген абзал басылым «Ана тіліне» дәл Сабыржан Шүкірұ­лындай еңбек сіңіріп, үлес қосқан адамдар, әрине, бар. Бірақ бар болса да сирек. Мемлекеттік тілдің өзекті мәсе­лелерін арқау еткен талай өткір мақа­лалары, байыпты зерттеу еңбектері, пікірталас­тары – қазақ тілі жолындағы қажырлы да қайсар күрестің шежіре­сінен өшпей сақталар өнеге. Олар кезінде жұртшы­лық көзінде «Ана тілі» газетінің де бәсі мен беделін биікке асырғаны белгілі. Асыра бағалаудан аулақпыз, Сабыржан Шүкірұлы қос ғасырды, кеңес және тәуелсіздік заманын қоса қамти айтқанда, қазақ баспасөзі мен жалпы руханиятында бедерлі із қалдырған белгілі де белді, қайраткер қалам­герлердің тобына, солардың ішіндегі аймаңдай серкелер санатына кіреді. Ол тіл туралы «Ана тілі» газетінде істеген­діктен немесе өтімді науқандық тақырып болғандықтан жазбаған. Ұлт рухын ашу Сәкеңнің өмірлік мұраты болғанын аңғару қиын емес. Тіл білімі саласындағы салиқалы зерттеулерін сонау «Социалистік Қа­зақстандағы» кезінен бастап отыз жыл бойы жүйелі жүргізіп келген. Ол қашанда, қай кезде де қазақ тілінің қамын жеген қайрат­керлер қатарынан табыл­ды, ана тіліміздің дертіне дауа іздеді, ана тілін әманда қорғаған перзенттерінің кү­рескер үні болып саңқылдаудан жаз­бады десек, қателеспейміз. Нақ осы себептен де оны Ақселеу Сейдімбектей айкөлдер ардақ тұтқан, Мұхтар Шаханов рухтас бауырым деп білген. Көрнекті филолог ғалым, әдебиетші Қансейіт Әбдезұлы «Қазақ сөзінің қамын жеп, соның ыстық-суығын көтеріп жүрген қайраткер» деп бағалаған. Ал қазақтың тіл білімінің негізін салушылардың бірі Құдайберген Жұбановтың ұлы, филолог ғалым Асқар Жұбанов «Қазақ тіліне шын жаны ашитын адам – сіз деп білем» деп ілтипат танытқан.

Сәкеңнің өзіме ағалық ыстық ықы­ласпен қолтаңба жазып сыйлаған «Рухани өріс кернеуі», «О заман да бұ заман», «Мемлекеттік тіл мұраттары», «Қолтаңба» кітаптарын тағы да аялай қолыма алып, аударыстыра парақтап қарап отырмын. Артына қалдырған негізгі еңбектері, халқына тартқан көзінің нұрындай, көңілінің сырындай мұрасы іспеттес. Сабыржан Шүкірұлы­ның қаламгерлік қарымы, журналистік жалыны, зерттеушілік дарыны, қайрат­керлік шалымы, жалпы азаматтық бітім-болмысы осынау толымды кітап­тардан толайым танылғандай. Уақыт құбылысына, дәуір тынысына, небір қилы қайшылықтарға үн қосқан сер­гектік те, соларға пікір-пайым айтудағы батылдық та, ақиқатшылдық та, кең толғамды байыптылық та, ізденімпаз­дық та, еңбекқорлық та – бәрі бар осыларда. Осылардың бәрінен ұлтым, қазағым деген үлкен жүректің тынбай, асыға соққан дүрсілін, елім деп елжіре­ген дірілін тыңдағандай болар едік.

Осы ретте бірер жайға назар аудара кеткенді жөн көремін. Кезінде С.Шү­кірұлының «Социалистік Қазақстан» газетінің 1990 жылғы 17 сәуіріндегі №90 санында жарық көрген «Кіші 37» емес пе?» атты мақаласы қоғамда үлкен сенсация тудырғаны әлі де ұмытыла қойған жоқ. Бұл 1986 жылғы Желтоқсан әділетін жоқтап, ақырын теңдік сұраған алғашқы мақалалардың бірі болатын. Осындай көптің көңілінен шыққан саяси сараптамаларды да, қазақтың жүрер бағыт-бағдарын байыптаған ой-толғамдарды да Сәкең аса біліктілікпен көптеп жазды. Тәуелсіз Қазақстанның тілегін тіледі. Өтпелі қиын­­шылықтар тұ­сында жұртты «Ырыс оралар, ел оңа­лар» деп жұ­батты. «Өткеніңді есіңе ал да, елдікті ойла, қа­зағым!» деп ақыл қосты. «Қазақ тек қазақтығынан айырылмаса ғана тарих көшінде бола алады» деп Алаштың асқақ мұраттарына үндеді. Қазақтың ата-жұртына көз алартып, ала қойды бөле қырыққан арам ойлыларға «Тарих тұлыпқа мөңіре­мейді» деп кесіп айтар кесек сөзбен жауап қайтаруды өзінің азаматтық парызы санаған да Сабыржан Шүкірұлы болатын. Осындай жайлар Сәкеңді жақсы білетіндердің әлі де есінде шығар деп ойлаймын.

Сәкең табиғатынан романтикаға бейім, жақсылық көрсе жаны сүйінетін адам деп пайымдаймын. Жастайынан бастап, өмір бойы солай болған. Ал жамандықты көрсе, сезсе болды, кілт ете түседі, көңілі қалады. Жақсылықты жалаулатады, балаша мәз болып қуа­нады. Әсіресе, ұлтқа шарапаты тиетін үлкен жақсылықтарға. «Мен – қа­зақпын!» поэмасы үшін Жұбан Мол­дағалиевті пір тұтып өтті. 1972 жылы партия мектебінде оқып жүрген кезінде ақынмен кездесуде осы поэма туралы басқалар орысша айтып жатқанда, Сәкең суырылып шығып қазақша сөйлеген, бірнеше мақала жазған. «Мен – қазақтағы» жалынды ұлттық рух Сабыржандай сардар тұл­ғаның жанына жақын еді. Оның үстіне Қостанай-Торғай өңірінде туып-өскесін Алаш арыстарының мұратта­рына да бір табан жақынырақ-ты.

Содан да шығар, қазақ әдебиетінің және тілінің жай-күйі туралы толғаныс­ты ойларын баспасөз бетінде қырық-елу жылдың өн бойында үнемі айтып отыр­ған. Ал бұлардың өзі күллі ұлт мәдениеті, ұлт мұраты, ұлт намысы жайлы ой-пайымдарға ұласқан. С.Шүкірұлының «Егер Мұхтар болмаса» деген шағын ой-толғамы қызық-ақ. Әрине, Әуезовті айтып тұр. Иә, Сәкеңше толғансақ, «Егер Мұхтар болмаса:

* Абай енді ғана аршылып жатар ма еді, қайтер еді?

* «Абай жолынсыз» әлем әдебиеті мен мәдениетіне қазақ деген жұрт қай мұрасымен мойындалып қосылар еді?

Одан ары ұлттық операмыз, сахна өнеріміз дәл осылай жасалар ма еді деп ұлы Мұхаңның қазақтың бағына туғанын дәлелдейтін жайларды санамалап жиыр­мадан асырады. Ұлы Мұхтар үшін мақтанады. Тағы бір әредікте Мұхтар Мағауиннің ерекше үш ерлігін жіпке тізеді. Ол ерліктердің біріншісі – «Қобыз сарыны» кітабы, екіншісі – «Ала­сапыран» романы, үшіншісі – жазушы құрастырып Ленинградта шыққан, ішіне әлі «халық жауы» санатында жүрген Мағжан Жұмабаевтар кірген «Поэты Казах­стана» кітабы екен. Міне, осы мы­салдың өзі-ақ Сабыржан Шүкірұлының жан жүрегінде қандай от алаулап жан­ғанын айғақтап көрсетсе керек. Осы жалын-отын тап басып таныған халық жазу­шысы Әбіш Кекілбайұлы ардақты Сәке­сін: «Қарымды ойшыл, арлы аза­мат, қа­бырғалы қаламгер, қазақ ру­хания­ты кеңістігінде өз тұнығын, өз арна­сын сақтаған салиқалы талант» деп ағы­нан жарылады. Әбекең айтқан ақиқат бағаға біздің де қол қоймасқа әддіміз жоқ.

Торғай таланттарының көпшілігі Сабыржан Шүкірұлының шекпенінен шыққанын жасырмайды. Мақтанышпен айтады. Кеңшілік ақын бір кітабын сонау Торғай кентінде 1984 жылы: «Әрі ес, әр сес, Әрі аға, әрі дос – Сәкеңе» деп мақалдай мәнді қолтаңбамен сыйлаған екен. Иә, Сабыржан Шүкірұлы кейінгі толқын інілерге ғана емес, біздің құбылмалы, алмағайып қоғамда да әрі ес, әр сес болып жүретін биік тұлғалар санатына жатушы еді.

 

Қорғанбек АМАНЖОЛ