Бойына сыр тұнған Зеренді

Газет мақаласы "Айқын" газеті №126

Өткен тарихымызды зерделеген «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары елімізде қарқынды түрде жүргізілуде. Солардың бірі де бірегейі Көкшетау облысы Зеренді ауданында да айтарлықтай орындалып жатыр. Мұнда неолит, палеолит, орта ғасыр, қола дәуірлеріне жататын 16 тарихи-мәдени мұра нысаны бар. Осы күні барлық аталған нысанда QR-код орнатылған.

Бойына сыр тұнған Зеренді

Жақында Зеренді ауданында сақ жауынгерінің сүйегі табылды. Бұл туралы өңірлік коммуникация­лар қызметінде БАҚ өкілдерімен өткен брифингте Зеренді ауда­ны­ның әкімі Берікжан Әбутәліпов: «Аудан­да қызығушылық тудыра­тын бірқатар археологиялық қазба орны бар. Бұл – Кеңөткел, Ор­ман­ды Бұлақ қорымдары. Биыл облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау мен пайдалану орталығы­ның археологтарымен Васильков­ка ауылының маңында қазбалар жаса­лып, сақ жауынгерінің сүйек­тері табылды» деген сөзімен атап өтті.

Өткен тарихымызды зерделей­тін «Рухани жаңғыру» бағдарлама­сы туралы: «Бұл – уақтылы қабыл­дан­ған бағдарлама. Өйткені қо­ғам­дық сана бір жақтан жаңару­ды, бүгінгі күнгі заманауи көзқарасты талап етсе, екінші жақтан халқы­мыз­­дың көне дәстүрлеріне жаңа­ша қарауды, өмірлік маңызды міндеттерді шешуде ата-бабала­ры­мызға жат бейқам көзқарастан бас тарту мен нақты рухани құн­ды­лықтарды жаңғыртуды қажет етті. Зеренділіктер зор құлшыныс­пен бағдарламаны іске асыруға кірі­сіп, оны тіршілігіміздің бар­лық саласымен біріктіре білді. Әлемдік қоғам тұрмысынан елеу­сіз қалмай, керісінше осы заман­ның үнемі өзгеріп отырған жағ­дай­ға бейімделуі үшін өзімізді, өзі­міз­дің мінез-құлқымызды, құн­­дылығымызды, көзқара­сы­мыз­ды өзгерту қажетін түсіне алды», – дейді аудан әкімі.

Ең танымал нысандардың бірі – Уәли хан мазары. Бүгінгі күні Ақкөл ауылдық округінің Қазақ­стан ауылының маңында орна­лас­қан бұл киелі жер тарих­шы­лар мен туристердің назарын аударуда. Себебі, соңғы қазақ ханы, оның жақындары мен се­рік­­тестері туған өлкесінде мәң­гі­­лікке дамылдаған жер болып табылады. Кәсіпкер-меценат Борис Козловтың қолда­уы­мен бұл тарих ескерткіші қал­пы­­на келтірі­ліп, жайғастырыл­ған­нан кейін мазарға деген қызығу­шы­лық арта түскен болатын. «Меценаттың рухани дүниелері­міз­ді жаңғыртуға қосқан үлесінің арқасында осында мәдени-тарихи кешен пайда болып, зиярат ету­шілер үшін жағдай жасалды, осы жерде жатқан ұлы Абылайдың немересі – Уәли хан туралы кітап шығару мен оның өмірін зерттеу үшін ғалым-тарих­шы­лар тартыл­ды» деп толықтырды сөзін Берік­жан Әбутәліпов. Бұл ауданда суы ғажап, науқас адам­дар­ды емдеу қасиеті бар, маңайын­дағы таби­ғаты таңқалдыратын белгілі Әулие бұлақ сарқырамасы да туристерді өзіне тартуда. Таны­малдығы одан кем емес Әулиетас та бар бұл жер­де. Осы жылдың алты айында ғана Зеренді ауданына 3 мыңнан астам турист қонаққа келген, олардың ішінде мектеп оқушы­ла­ры мен шетелдіктер де бар. Көкше өңірі – есімдері өшпей, халық ара­сында құрметке ие талай ұлы тұлға, атақты билердің, батыр­лар­дың, танымал ақындар­дың меке­ні. Олардың арасында Бөгенбай би, Қанай би, Қосағалы батыр, Киік батыр және басқалары да бар. Осы тұлғалардың өмір жолы, еңбектері мен туған жеріне арна­ған ерліктері тура­лы материал­дар жинау, жер­лен­ген орындарын жайлас­ты­ру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 


Әділ БЕК