Өнер бәсекемен өседі

Газет мақаласы "Айқын" газеті №126

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Бексұлтан Кенішқалиев Литвада өткен екі бірдей байқауда – XV Халықаралық «Паланга–2019» ән конкурсында Гран-при және The Voices Lithuania телевизиялық конкурсында да Гран-при, оған қоса  Šlagerių Karalius  («Шлягер королі») атағын жеңіп алды.

Өнер бәсекемен өседі

Бексұлтан байқау алдында Жүр­ге­нов академиясының база­сын­­­да биылғы «Славян базары» фестивалі аясындағы халықаралық «Вите­бск–2019» вокалистер бай­қа­уына бері­летін жолдаманы сарапқа салған іріктеу турына қатысып, бақ сы­на­ған-ды. Сол сында жолдама акаде­мия­ның 3-курс студенті Әділхан Макинге бұйырып, келесі жылға жолдама Ерік Төленовке ұйғарыл­ған-ды. Сонымен бірге, іріктеу кезеңінде өнері­мен көзге түскен, академия­ның эстрада өнері факультетінің 3-кур­сында эстрада­лық вокал маман­дығы бойынша оқитын Бексұлтан Кенішқалиев пен театр өнері факультетінің 2-курсында музыка­лық театр артисі маман­дығында тәлім алып жүрген Дария Болсанбек Литвада жылма-жыл өтіп тұратын әншілер байқауы­на Қазақстаннан баратын үміткер­лер ретінде атал­ған-ды.

Бексұлтан жас болғанымен, елге танылған әнші. Шығыс Қазақ­стан облысына қарасты Жарма ауданының Қалбатау ауылында, мал дәрігері мен білім беру саласы қызметкерінің отбасында дүниеге келген 24 жасар өнерпаздың музы­ка­лық білімі күшті: ауылдық музыка мектебінің фортепиано класында сегіз жыл оқыған ол тоғызыншы сыныптан кейін Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыка коллед­жін хор дири­жері мамандығы бойынша біті­ріп, одан ары акаде­миялық сту­дент алмасу бағдарла­масы бойын­ша бір жыл Ресейдің Новосібір қала­сын­­да эстрада және джаз вока­лы­нан сабақ алады. Содан кейін Ал­ма­­тыға келіп, Жүргенов ака­де­мия­­сына түседі. Академиядағы ұста­зы – Меруерт Мұхсиынова-Мүсірәлі.

Осы аралықта Бексұлтан бірне­ше байқауға, телевизиялық реали­ти-шоуға қатысқан: он жеті жасын­да «Қазақстан дауысы» жобасында сынға түсіп көрген ол Қарағандыда өткен «Жұлдыз–2017» ән байқауын­да бас жүлдені иеленсе, жыл ара­ла­тып жас эстрада әншілерінің республикалық «Шабыт» фестивалі байқауында тағы да бас жүлдені қанжығасына байлап қайтады.

Литвадағы екі конкурстың іші­нен алдымен өткені – ел аста­насы Вильнюсте 3-4 тамыз күндері жала­уын көтерген «Паланга–2019» халықа­ралық ән байқауы. Конкурс шарты бойынша қатысушылар бір ән айтып, одан оза шауып, бас жүлде және бірінші орын алғандар екінші байқауға The Voices Lithuania конкурсына жолдама алатын еді. Соған орай, Бексұлтан Естай Беркімбайұлының атақты «Құсни-Қорлан» әнін дайындап апарады. «Құсни-Қорлан», негізінен, орта децимада орындалатын концерттік ән болғанымен, оқтын-оқтын шығатын дауыспен биікке өрлейтін жоғары регистрлі қайырымдары оны әншінің вокалдық мүмкін­дік­терін көрсететін конкурстық әнге де жақындатады. Ең бастысы, жалпы фолк-шығармалар, соның ішінде қазақтың дәстүрлі әндері оркестрлік-ансамбльдің сүйемел­деуі­мен де, акустик жағдайда орын­далуымен де шетелдік тыңдау­шы­ларды тәнті етіп, бірден баурап алатынын байқап жүрміз. Бір «әттеген-айы», халықаралық ән конкурстары этник музыканы көп жолата бермейді. Мысалы, Витебск байқауы этноәндерді әдетте жабық түрде өтетін квалификациялық турға әрең жібереді. Осы тұрғыдан келгенде, Балтық жағалауы елінің дәстүрлі әнге оң қабақ танытып, осы өреде таңдауды әншінің өзіне беруі – сүйсінерлік жағдай. Егер сол жолы Бексұлтан дәстүрлі ән айтпай, басқа шығармамен шыққан болса, нәтиже қандай болары белгі­сіз еді. Қалай болғанда да «Құсни-Қорлан» Бексұлтанның бағын ашқан ән болды. Естайдың махаб­бат­шыл жүрегін жарып шыққан, әншінің өзі Батыс адамының құлағы жатырқамайтындай етіп, ебін тауып ажарлаған, яғни аранжировкасын жасаған сыршыл ән оған бас жүлдені әперсе, атақты Рианнаның (Rihanna) Love on the brain әні жасөспірімдер номинация­сы бойынша сынға түскен Дария Болсанбекті де жүлдегерлер тұғырында бірінші орынға көтерді.

Бір қызығы, жиырмадан аса елден әнші келген Вильнюстегі конкурс Паланга атын иеленсе, оның ізін ала, 5-6 тамыз аралығында өткен екінші конкурс – «Литва ән шырқайды» (The Voices Lithuania) әлгі Паланга қаласының өзінде өтті. Соған қарағанда, бұл жер литвалықтар үшін музыкалық жағынан бір кәделі жер сияқты. The Voices Lithuania дүниежүзілік телевизиялық конкурс болғандық­тан, оған әлемнің жиырма төрт елінен келген 28 үміткер, оның ішінде жоғарыдағы Вильнюсте өткен конкурстың жүлдегерлері қатысты. Реалити-шоудың бір ерекшелігі – конкурсанттар әнді жанды дауысқа қоса симфониялық оркестрдің сүйемелдеуінде орын­дайды. Құрамы жетпіс бес адамнан тұратын Vilniaus Sinfonietta оркестрі­нің дирижері – халықара­лық деңгейдегі танымал литвалық музыкант Витаутос Лукосиус (Vytautas Lukočius). Екі конкурста литвалық белгілі эстрада әншісі Бируте Петрикайтенің патронаж­ды­ғымен өтті.

Бексұлтан бұл жолы атақты ағылшын әншісі Элтон Джонның (Elton John) репертуарынан софт-рок стиліндегі мәшһүр Sorry Seems To Be The Hardest Word әнін орындады. Бексұлтанға бұл компо­зи­цияны ұсынған — Жүргенов академиясының музыка өнері факультетінің деканы, белгілі продю­сер Бағым Мұхитденова. Жалпы, хит әнді конкурста айтудың өзіндік қиындықтары болғанымен (аса танымал әннің кавері қашанда түпнұсқасы бойынша бағаланатын­дығы, жалпы Батыс әндерінің композициялық күрделілігі, тілдік кедергі, т.б.) тап осы жолы Бексұл­танға бір жағдай – әннің үлкен оркестр сүйемелімен орындалуы ойламаған жерден септігін тигізген секілді. Себебі, ол вокалист әнші ғана емес, кішкентайынан тілшелі аспаптар (фортепиано) үніне құлақ түріп өскен, соңыра академиялық оркестрдің какофониясын тез аңдап, терең барлап дыбыс аулаған, тіпті десе, сол сан түрлі аспаптық үндерді әуенге (хорға) жымдас­ты­рып үйренген инструменталист, дирижер әнші. Қазіргі қазақ эстрадасында жүрген әншілерімізде осындай музыкалық сауаттың болмауы олардың бірқатарының талантына тұсау салып жүргенін осы арада айтқан жөн.

«Сонда да Палангадағы кон­курста қатты қобалжыдым, – дейді әншінің өзі. – Байқауға Қазақ­станнан келгеннің барлығы дерлік қайтып кеткен. Ендігі бар үміт менде екенін телефон арқылы келіп жатқан жан-жақты қолдаудан түсіндім. Басты мақсатым жеңу еді. Сахна сыртында тұрмыз. Жүрегім аузыма тығылып атқақ­тап соғады. Жүлдегерлерді кезегі­мен сахнаға шақырып жатыр. Үшінші орын – Израиль... Екінші орын – Франция... Бірінші орын Арменияның қанжығасында кететіні де белгілі болды. Мен қай орындамын?! Үштен төмен сырғыға­ным ба?! Әлде... Құлағымда ректорымыз Асхат ағаның «Мы обречены на успех!» деп жігер жаныған сөзі жаңғырып естіледі... Осылайша, «Жеңіліп қалсам, елге не бетімді айтам?!» деп жан терім шығып тұрғанымда бір сәт ұйым­дас­тырушылар жанымнан Қазақ­станның көк туын желбіретіп өте берді. Тұла бойым төменгі вольтты тоқ көзіне жанасқандай шым ете қалды. Іле-шала жүргізуші «Гран-при! Қазақстан!...» деп хабарлаған шақта көз алдыма дөңгеленіп Арқа­ның сары даласы, ағайын-туғанын, ата-анамның бейнесі келіп тұра қалғаны. Зал жақта көк туымызды жамылып алып қуаныштан айқай­лап жүрген конкурстық жюри мүшесі Әлішер Кәрімовтің дауысы естіледі. Әлішер аға құрамына кірген конкурстық жюри тілегімді қабыл алғандай өнерімді жоғары бағалап, бас жүлдеге мені лайықты деп тапқандарына сол кезде ғана сенгендей болдым». Бұған қоса Бексұлтанға, әдетте, литвалықтар эстрада өнеріне айрықша еңбек сіңірген әншілер ғана еншілейтін «Шлягер королі» атағының берілуі қазақ әншісінің шеберлігі қандай дәрежеде екенін айғақтағандай.

– Бексұлтанның да, Дарияның да жеңісі – ең алдымен, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауы­­ның арқасында мүмкін болды, – деп атап айтты Жүргенов академиясының ректоры Асхат Маемиров жеңімпазды қабылдау кезінде. – Академиямыз ағымдағы жылдың өзінде бір-бірімен деңгей­лес үш әнші шығарды. Күні кеше Витебскіден жеңіспен оралған Әділхан Макин, Румынияның Браила қаласында өткен халықа­ралық байқаудың Гран-при иегері Ерік Төленов және Литваны тәнті етіп келіп отырған бүгінгі Бексұл­тан. Сондай-ақ мақтаныш­тары­мыз­дың қатарында Ернар Садыр­бай, Нұрхан Сегізбаев, Дария Болсанбек те бар. Демек, оқу орнымызда бәсеке жоғары. Өнер өбекпен ғана емес, бәсекемен де өседі. Ал ең бастысы – арна бұздырар, тау қопартар еңбек. Сосын қазақтың талапты әнші жастарының бойында қанмен берілген әмбебаптық қасиет бар, шынайылыққа, табиғи мөлдірлікке суарылған вокалдық мүмкіндік мол. Осыған музыкалық білім, тәлімгерлік жіті көз үстелсе, қазақ орындаушылары көзі аршылған тұма бұлақтай тұнық дауысын аша түсері анық. Сірә, біз осы тұманың үстінен түскен сияқты­мыз...

Ұлттық эстрада үшін бүгінде кәсіби сауат, тынбай тер төгетін еңбекқорлық қай кездегіден де көбірек қажет. Себебі, Димаш, Әділхан арқылы алғашқы асулар алынды. Асуға шыққаннан асуда қала білу – өнер. Ол үшін, әрине, жоғарыдағы екі қасиетке қоса заманауи эстрада өнерімізге мемле­кет тарапынан жасалар қамқорлық, бағыт-бағдар көрсету әлсіремеуі тиіс. Соңғы төрт-бес жылдың беде­рін­де Димаш қатысқан Қытай, Данэ­лия қатысқан Украина, Әділ­хан мен Ерік өнер көрсеткен Беларусь, Румыния, енді міне, Бексұлтан барып келген Литва конкурстарын байқап-байырқалау барысында бізде осы елдердегідей халықаралық деңгейдегі конкурс­тар, телевизиялық мегажобалар өткізу ісі қожырап кеткенін байқаймыз. Халықаралық ән кон­курс­тарын өткізу тәжірибесі «Азия дауысымен» тамам болды. «Қазақ­стан-Сингер» тәрізді тележобалар етек алып кете алмады, «Қазақстан, дауысы» секілді реалити-шоулар­дың бар-жоғы бүгінде білінбей қалды, яғни оларға жұртшылық арасын­да танымалдық жетісе бермей­ді. Осыған қарамастан, жігіттеріміз бен қыздарымыз шетел­дерден бірінен кейін бірі жүлдемен оралып жатыр. Бұл не сыр, не жұмбақ? Әлде, халықтың ішінде қайнап біткен қызудың, арынды қуаттың жүз беруінің бір көрінісі ме екен?!.

 

Гүлмира АСЫЛБЕКҚЫЗЫ