Ержанымыз ерледі!

Газет мақаласы Айқын газеті №66

Ержан Мақсым есімімен былтырғы Junior Eurovision байқауының еліміздегі іріктеу кезеңінде танысқам. Қара домалақ, пысық балақай үздік ондықта болып, нәтижесінде, екінші орын алған еді.

Ержанымыз ерледі!

Сегіз қыздың ішінде екі ұл ғана жүргеннен бе екен, есімде ерекше қалыпты. «Диапазоны кең, әлемдік әншілерді ғана үлгі тұтамыз. Димаш ағаға ұқсағымыз келеді» деген еді қос жігіт. Сол Ержан ресейлік «Голос. Дети» ән байқауының бірнеше турынан сүрінбей өтіп, бас жүлдеден бір саты ғана төмен көрсеткішпен елге оралды. Отандасқа жанкүйер жүрек – біздің ғана емес, Ресейдің танымал тұлғалары да сайыстың әділ өтпегенін айтып, налып жатыр. Ержан мен анасынан сұхбат алудың сәті түсіп, өз ауыздарынан пікірлерін білдік.

Айтулы байқаудың алтыншы маусымында біздің бала топ жарды. Бұл – хақ. Ең алғашқы кезеңінде Андреа Бочеллидің Ama credi e vai әнін орындағанда қазылардың үшеуі де бері қарап, Ержанды таң­да­ған. Әдетте, тәлімгердің біреуі бол­сын таңдағаны қуанышты жаңа­лық болса, мына жағдайда Валерий Меладзе, Лобода және Пелагея да «ме­нің тобыма кел, менімен бірге бол» деп тартысып қалды. Ақыры Ер­жан­ның таңдауы Меладзеге түсіп, белгілі әншінің жол көрсетуі­мен суперфиналға дейін барды. Даусы­ның зор екені сонша, трио бо­лып «Синяя вечность» әнін орын­­дағанда стаканның сынғанына куәміз.
Жас талант – 12 жаста. Орал өңі­рінде дүниеге келген. Үйдің кен­жесі, ерке бала. «Бір апатайым тұр­мыс­та, екіншісі режиссер маман­ды­ғы бойынша білім алып жатыр» дейді әнші жігіт отбасы туралы әңгімелеу барысында. Сахнада өзін салмақты ұстайды. Өйткені репер­туа­­рындағы әндері сондай – әлем­дік жұлдыздардың ғаламдық хит­тері. Екінің бірі орын­дай алмайтын, қиын туын­дыларды таңдап алады. Осы жағынан келгенде Димаш Құ­дай­­бергенге ұқсап баққысы келе­тіні байқалады. Осы пікіріміздің қан­ша­лық рас екенін білгіміз келіп, Ержан­ға сауал тастадық. «Димаш аға – жұлдыз. Оған ұқсағым келеті­нін жасыр­маймын. Бірақ еш уақыт­та басып озып кетсем деп ойлап көр­­м­еппін. Оны үлгі тұтамыз. Дау­сы қандай керемет! Бүкіл әлем мойын­дап жатыр. Байқаудан кейін өзі бейне­қоңырау арқылы хабар­ла­сып, құттықтады. Сасқанымнан «спа­­сибо» дей бергенім сол еді, «қа­­зақша сөйле» деді. «Ұялып қал­дым» деп ағынан жарылды. Димаш Ер­жанға «қызға жол бергеніңнің өзі – жігіттік» депті.  
Анасы Гүлмира Әлібек әрдайым баласының жанынан табылады. Бай­қау бойы шыр-пыр болып, уайым­­дап жүргенін бейнежаз­ба­лар­дан ара-тұра көріп те жүрдік. «Ме­нің балам ғана мықты, басқа­лары әлсіз деуден аулақпын. Әрі қаты­су­шы­­лардың вокалына қатысты кәсі­би пікір білдіруге құқым жоқ, әнші емеспін. Ержан қарапайым отба­сын­да өсіп келе жатыр. Әкесі екеу­міз отырыстарда екі дауыста ән айта­тынымыз бар. Ержанымыздың талабы мен талантын көріп, сол шоқ­ты өшіріп алмайық деп шештік. Тіпті отағасы бүгінде жұмысын тас­тап, баланың жеке шопыры болып алды. Өйткені әрлі-берлі жүріс көп. Ержан гимназияда оқиды, сабағы да күрделі. Одан шығып музыка мек­тебіне вокалдан дайындыққа барады. Фортепиано класында дә­ріс алады. Әрі бокспен шұғылда­на­ды. Қыста шорт-трекпен айналыса­ды. Жаз кезінде ролик тепкенді ұнатады. Өзінің айтуынша, «артист болғандықтан, формада болу керек. Қазір томпақтаумын. Арықтап, қа­лып­қа келуім қажет» дейді. Әйтсе де, жүктеме көп. Кейде қолы ти­мей­­тіні бар», – дейді Гүлмира ханым. 
Көпшілік Ержан Максим деп тани­­ды. Түріне қарасаңыз, қазақ еке­ні сұрамай белгілі. Бірақ тегі – Мак­сим. Орыстың қаны бар ма дейін десеңіз, баланың орысшаға тілі келмейді де. Сөйт­сек, бар мәселе басқада екен. Ана­сы­ның айтуынша, атасының аты – Мақ­сым. Кезінде құжат толтыр­ған­да қате кетіп, содан Максим болыпты. Енді алдағы уақытта тегін жөн­дету керек екен деген ұсыны­мыз­­ды да қоса айттық. 
Байқауға қайта оралайық. Финал­ға әр тәлімгер ең үздік үш шә­кіртін шығарады. Пелагеяның тобында Мариам Әбділқадер, Вале­рий Кузаков және Рената Таирова болып, суперфиналға Кузаков жол­да­ма алды. Меладзе болса, Анас­та­сия Сисаури, Михаил Григорян және Ержан Мақсымнан құралған тобын дайындап, нәтижесінде, Ержан­ның аты озды. Лободаның то­бында Микелла Абрамова, Нино Чес­нер және Роберт Багратян бол­ды. Суперфиналға белгілі әнші Алсу мен танымал бизнесмен Рафаэ­­ль Абрамовтың қызы Микел­ла шықты. Қызықтың көкесі – осы кезеңде. Үздік шыққан үшеу өзара сайы­сып, смс дауыс беру нәти­же­сінде, жүлдегер белгілі болады. Бас жүл­деге Микелла Абрамова қол жет­кізді. «Микелламен жақсы дос болып үлгердік. Арнайы вокалға барып, сабақ алмайды екен. Оны конкурс кезінде өзі айтқан. Бірақ әділ болмады, дарыны жоқ деп айта алмаймын. Шыны керек, бірінші орын алсам, бәлкім мұншалық на­зар­ға ілікпес пе едім. Көбі мақ­тап, қолдап жатыр. Тіпті Инстаграмда оқыр­мандарымның саны да күрт көбейді. Байқауға қатыспай тұрып, 10 мыңдай адам оқыса, қазіргі көр­сет­­кіш – 60 мың. Екінші орын ал­ғаным­нан кейін көбі дүрлігіп, мені лайық еді деп жатыр. Барша­ңыз­ға рақмет айтқым келеді», – дейді Ер­жан. Анасы болса, баласының бұған бола қайғырмағанын айтады. Тек ақ­тық сындағы әнін орындаған кез­де тамағы ауырып, ойдағыдай ай­тып шықпағанына көңілі түскен екен. 
Сайыстан кейін көрермен қа­уым да, шоу-бизнес өкілдері де бай­қауға қатысты сын-пікірлерін жолдап жатты. Мысалы, тележүргізу­ші Максим Галкин «Конкурс әділет­сіз болды. Мұндайға қарсымын. Бола­шақта балаларымды еш сайысқа қатыстырғым келмейді» деген бола­тын. Сонымен бірге, продюсер Ио­сиф Пригожин, әнші Вера Брежне­ва да осы пікірмен үндесті. Дауыс беру қол­дан жасалмаса да, Алсу­дың фа­нат­тары мен достарының үні басым түскен сыңайлы. 
Қош, не десекте, бала риза. Біз де басылдық. Мәз болатындай себеп те жоқ емес. Байқау біткен соң Ре­сей­­дің ең белгілі әншісі Ержанды мейрамханаға шақырыпты. «Бізге хабарласып, тосын сый бар екенін айтты. Кешкі асқа баратын болдық. Бі­рақ кіммен кездесетінімізді айт­па­ды. Кешке көліктен түсе бергенде дип­ломдарды көзім шалды. Сөйтсем, «От Аллы Пугачевой» деген жазу бар екен. Сол кезде-ақ біліп қойдым. Де­генмен біл­мегендей түр таныт­тым. Кейін Алла Пугачеваның жеке өзі­мен кез­дескеніме қуандым. Назары түскен жандарға ғана сый­лай­тын «Алтын жұлдызға» ие бол­дым. Бұл – үлкен мәртебе», – деді Ержан. 
Анасы алдағы уақытта шақыр­ту­­лар болса, ұсыныстарды қарасты­ру­ға дайын екенін жеткізді. Соны­мен бірге, 7 маусым күні өтетін «Муз-ТВ» жүлдесіне Арман Дауле­тияров­тың өзі шақырыпты. Қызыл кілем­мен Димаш Құдайбергенмен қатар өтетінін естіп, Ержан тіпті қуан­ды. Баланың көңілін көтеру үшін көп нәрсе керек емес. Бұған дә­лел ретінде мына қызықты айта­йық. Ержан мен анасын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қабылдаған болатын. Кездесу барысында министр жас әншіге iPad mini сыйға тартты. Бұл сыйлыққа қуанғаны сонша, Ержан «Дәл қазір ашып көрейінші. Мына­ның баптауларын қалай жасайды? Менде осымен екі планшет бар» де­ді. Бәріміз қыран-топан күлдік. Қарапайым әрі шынайы кейпінен таймаса екен деген тілекпен тарқа­дық. Жетер жетістігің көп болсын, Ержан!  


Жадыра Аққайыр