Кітапхана – мемлекет мәртебесі

Келесі жылдан бастап Үкімет мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтпекші.

Кітапхана – мемлекет мәртебесі

Бүгін Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі қызметкерлері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын талқылады.



«Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл – ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе.

Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде. Келесі жылдан бастап Үкімет мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуі тиіс. Сондай-ақ, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі керек» деп Жолдауда мәдениет қызметкерлерін қолдау жөнінде сөз қозғалған.


Осы мәселеге кітапхана директоры Роза Кабиева өз пікірін білдіріп, мәдениет қызметкерлеріне үлкен серпіліс әкелетініне сенім білдірді.

– Қай саланың болмасын дамуына жас мамандардың үлесі зор. Сондықтан Мемлекет басшысы мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын көтеру туралы айтқаны бізге үміт ұялатты. Еліміздің мәдениетінің, әдебиетінің дамуына үлес қосып жүрген кітапхана қызметкерлеріне  жолдау тың серпіліс беруге тиіс!, – деді ол.