Өткен күннен бір белгі

Газет мақаласы Айқын газеті №67

Ұлттық ғылыми кардио­хирургия орталы­ғында ерекше кеш өтті. Жеңіс күні қарсаңында орталық емде­лу­шілері мен ән­сүйер қауым класси­ка­лық концерт тама­шала­ды. «75 жыл­дан кейін­гі кездесу» музыкалық кешіне «Астана Опера» театрының музы­кант­­тары қатысты. Биыл Ленинград қоршауы­ның бұзылғанына 75 жыл толып отыр. Концерттің несімен ерекше еке­нін толығырақ тарқа­тайық.

Өткен күннен  бір белгі
1941-1943 жылдар аралығын­да Ленинградта өткен шайқас көпші­ліктің есінде. Қазақстан­дық әскери құрамалардың үштен бірі осы жерде соғысты. 316-ат­қыш­­тар дивизиясы мен 314-ди­ви­зия Ленинград облысының 22 елдімекенін азат етуге, «өмір жолын» салуға қатысты. Балтық флотындағы «Киров» Қызыл Тұлы крейсерінде 156 қазақ­стандық шайқасып, ерліктері үшін ордендер мен медальдармен марапатталған болатын. 
Халық ақыны Жамбыл ленинградтықтарға «Ленинград­тық өренім» деген жырын арнап, онда көпұлтты еліміздің бүкіл еңбекшілерінің ой-пікірін, сезімін білдірді. Ақын жыры достықтың шынайы әнұранына айналды. Қоршау жылдарында 850 мыңға жуық бейбіт тұрғын қаза тапты. 1943 жылы қаңтарда 900 күнге созылған Ленинград қоршауы бұзылды, ал 1944 жылы Ленинград басқыншылардан толық азат етілді. 
Бұл шайқастың тарихи маңы­зы зор. Өйткені гитлершіл Герма­ния­ның ойсырай жеңілген, халық­тар достығы мен ерлігінің көрінісін көрсеткен кезі осы еді. Жоғарыда атап өткен қайы­рым­ды­­лық концерттің ерекшелігі сол – шығармалар Ленинград шай­қа­сы кезінен қалған виолончель мен рояльда орындалды. Бұрын-соңды мұндай кеш болмаған сияқ­ты. Әдетте, концертті орын­дау­шылар айрықша ететін болса, бұл жолы аспаптардың астары терең болды. Кешті «Астана Опера» мен Санкт-Петербор қала­сының Театр және музыка мемлекеттік музейімен бірлесіп ұйымдастырды. 
«Қазақстанға келіп, құдды жақын жандардың ортасына келгендей күй кешіп отырмыз. Ле­нин­град соғысында Қазақ­стан­нан қос бірдей атқыштар дивизиясының ерлікпен шайқас­қа­нын білеміз. Бұл – баршамыз үшін маңызды, ортақ тарихи сәт. Қала қоршауын қорғап, жанын берген қанша азамат бар. Сол кездердің көзіндей болған мына екі музыкалық аспаптың дін аман сақталғаны жақсы болды. Виолончельді музейден арнайы әкеліп отырмыз. Сіздерде рояль қалыпты. Қиын-қыстау сәттерде отқа жағып жібермей, сақтап қалған Сырлыбаевтар әулетіне алғысым шексіз», – дейді Санкт-Петербор қаласының Театр және музы­ка мемлекеттік музейі дирек­торы Наталья Метелица. 


Айша ЕРСҰЛТАН