Тука «Айқынның» тілшісін «тонады»

«Айқын» газетінің журналисі, белгілі сатирик Мұхтар Шерім Фейсбуктегі парақшасында «Алдараспан» театрының жетекшісі, халық арасында «Тука» есімімен белгілі болған Нұржан Төлендиевті «ұрлады» деп айыптады.

Тука «Айқынның» тілшісін «тонады»

Мәселенің мән-жайын толық түсіну үшін Мұхтар Шерімнің жазбасын сіздерге өзгертпей ұсынуды жөн деп таптық.

 

 «Алдараспан» әзіл-сықақ театрының жетекшісі, әртісі Нұржан-Тука Төлендиев інімді жұрттың бәрі жақсы көреді. Мен де құрметтеймін. Өнерін. Талантын. Осы уақытқа дейін оның талантына махаббатым маздап тұр еді, «Алдараспанды» көріп отырып, оған деген ыстық ықыласыма біреу су сепкендей, әлдекім мені ыңқ еткізе тепкендей, таңдайымда құрғақшылық болып, қаңсып кепкендей, сілейдім де қалдым.

Неге дейсіздер ғой? «Тука» інімнің ұры екенін көріп, көздерім алақандай, көңілім жорғалап бара жатқан тарақандай болды! Ойпырмай, бұлар да таусылады екен ғой! Таусылған соң ұрлыққа барады екен ғой? Ол менің үйіме ұрлыққа түскен жоқ, ол менің шығармамды, сатирамды ұрлап кетті! Тал түсте!

Әлеуметтік желілерде жарияланып кеткен «Сирияға кеттім!» атты сатирамды ұрлап, монолог жанрында айтып шықты! Кейіпкерімнің әйелі «Сиырға кеттім!» деп күйеуіне хат жазып кеткісі келеді, бірақ сауатсыздығынан "Сирияға кеттім!" деп жазып қойған. Оқиға осылай өрбиді. Нұржан інімнің сатирамды орындағанына мәз болар едім-ау! Бірақ ұяттан жұрдай, әшейінде сахнада ұлағатты сөздер айтуға келгенде алдына жан салмайтын інім «Сирияға кеттім» сатирамды орындағанда, эфирде «авторы Нұржан Төлендиев» деп берді. Бұл не сонда? Тонау ғой? Дереу өзіне қоңырау шалдым.

«Ойбай, сіздікі ме еді? Маған вацаппен келіп еді... Кешіріңіз... Телевидениеге айтып, фамилияңызды қойдыртамын» деп ақталып жатты ұялмастан. (Бұл дауысын жазып алдым.)

Сонда қалай, вацаппен авторсыз келген әзілдерді Төлендиев мырза өзі жазғандай иеленіп кете бере ме? Авторлық құқығымды талап етіп, сотқа шағымдануым, моральдық шығын талап етуім мүмкін. Өзіме шақ теріме сыймай, әрі жақсы көретін інімді ұры деуге қимай отырмын... Осы бағдарламасында менің тағы бір сатирамды иемденіп кетіпті. Суцид туралы жазғанмын. Идеямды, оқиғаны ұрлаған. Оны да дәлелдей аламын.

Кезінде «Шаншарға» «Үбән» атты әзілімді өзім беріп, осы Нұржан тамаша орындап шыққан еді. «Алдараспанға» «Евромоламды» беріп, ерекше орындап, тағы бір қуантып еді. Енді міне, еңсем есікке қысылып, ұнжырғам ұн болып отыр! Шынында, «Алдараспан» кейінгі кезде аласарып, алақ-жұлақ ете бастады, сөйтсем, таусыла бастапты ғой! Егер маған әлеуметтік желіде кешірім сұрамаса, авторлығыма нұқсан келтірмесе, жағдайы ушығып тұр «Туканың»...»