Абай мен Әлихан

Газет мақаласы Айқын газеті №68

Әлихан Бөкейхан – қазақ халқының руханият саласының барлығына үлесін қосқан қайраткер. Ол – саяси қоғамдық істерге белсене араласқан, әлеумет, әдебиет, өнер, мәдениет саласында із қалдырған бірегей тұлға. Туған халқына, Отанына адал болып, өле-өлгенше халықтың мүддесі үшін күресті. Әлихан Бөкейхан төре тұқымы болғанымен, ешуақытта билікке ұмтылмаған. Ол еркіндік пен теңдікті жоғары бағалаған ортада өсті.

Абай мен Әлихан

Оның қоғамдық көзқарасының қалыптасуына халықтың бай ауыз әдебиетінің, ұлы Абайдың және басқа ақын-жыраулардың терең ойлы шығармаларының ықпалы болғаны сөзсіз. Жақсы оқуы және ерекше тәрбиесінің арқасында ол 1890 жылы Дала генерал-губер­на­торы кеңесінің ұсынысхатымен Пе­тербордағы Императорлық ор­ман институтына түседі. Студент кезінен бастап Әлихан Бөкейхан Ресей орталығындағы саяси жағдай­лардан тыс қала алмады. Сабақтан тыс кездерде марксизм іліміне ден қойып, қызу пікірталастарда оның экономикалық материализм қағида­ларын қорғайды. Қоғамдық белсен­ділік танытып, әртүрлі студенттік толқуларға араласады. Мұның бар­лығы болашақ Алаш көсемінің Ре­сейдің мемлекеттік құрылымын, оның қазақ даласындағы отаршыл­дық саясатының қыр-сырын тере­ңірек түсінуіне игі ықпал етті.

Оқуын ойдағыдай бітіріп, эко­номист мамандығын алған Әлихан Бөкейхан Омбыға келіп 14 жыл тұ­рады, қаланың қоғамдық өміріне қызу араласып, қаладағы прогрес­шіл, демократиалық ұстанымдағы зиялы қауыммен кездеседі. Олардың арасында саяси көзқарасы үшін орталықтан жер аударылғандар да бар болатын. Мұның барлығы оның ғылыми-теориялық жағынан толыса түсіп, саяси күрескер ретінде қалып­тасуына айрықша ықпал етеді.


Aleyhan_Bokeyhan.jpg


Қазақ халқының аса маңызды тарихи кезеңінде саяси сахнаға шыққан Әлихан Бөкейхан ұлтының санасын оятуға айрықша әсер етті, оның әлеуметтік-саяси өміріндегі бұрын-соңды болмаған ерекше жа­ңалықтардың, тағдырлы оқиға­лар­дың басы-қасында болды, оны ұйымдастырып қана қоймай, оған жетекшілік жасады. Ол халықты ағарту ісіндегі әдебиеттің зор күшін көре білген, Абайдың жаңашыл­ды­ғына, ұлтшылдығына алғаш назар аударып, оның есімін, шығарма­шы­лығын ұлттық қозғалыстың туы ре­тінде ұсынған қайраткер ғалым еді.

Ол Абай шығармаларын жаңа заманның тынысы, лебі деп түсінді, қалыптасып келе жатқан қазақтың жаңа ұлттық әдебиетінің бастамасы деп бағалады. Абайдың өмірі мен шығармашылығын тұңғыш рет орыс тілінде жазып бастаған да Әлихан болатын. Бірақ кеңестік кезеңнің зұлматынан оның жазған аса бағалы еңбектерінің бәрі де көрсетілген жоқ, тіпті оны атаудың өзіне тыйым салынды. Сол себепті де, ұрпақ одан хабарсыз қалды. Яғни, оның қала­мынан туған шығармалардың бәрі де ақтаңдаққа айналып кетті. Абай­тану тарихында Абайдың ақындық өнері мен ислам дініне қарым-қа­тынасы жайлы аса күрделі мәселеге де тұңғыш рет Әлихан Бөкейхан тарапынан білікті пікір айтылуы, сол кезең үшін де мән-мағынасын сақ­тап отырған танымдық мәні бар пікір деп білеміз. Әлихан Бөкей­ханның «Абай поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының мақтанышы болды. Абай сияқты халықтың ру­хани творчествосын осыншама жо­ғары көтерген қазақ ақыны әлі кез­дескен жоқ» деп білгірлікпен баға беруі – Абайдың әдеби мұрасын терең танып білген зерделі зерттеуші аузынан ғана шығатын таным.

Ә.Бөкейхан басты назарын қазақ халқының тарихы мен мәде­ниетіне арнаған. 1903 жылы Петер­борда белгілі ғалым Семенов-Тянь-Шанский мен академик В.Ламан­скийдің редакциясымен жарық көріп келе жатқан «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» атты көп томды еңбектің 18-томы «Киргизский край» деген атаумен қазақ тарихына арналып шықты. Міне, осы кітаптың «Насе­ление» деп атаған екінші бөлімін жазуға Әлихан Бөкейхан қатысқан. Онда қазақ халқының өзіндік ерек­шелігі, өткен тарихы мен танымы, мәдениеті туралы, мол ауыз әдебиеті жауһарларын, жекелеген ақындарды айта келе, Абайға айрықша тоқта­лады. Абайды жаңа әдебиеттің көшбасшысы ретінде бағалайды.

Абай шығармаларының әсері халық арасында күшті екені, тіпті рухани жан азығына айнала бас­тағанын Әлихан Бөкейханның Абай әндері мен аударма өлеңдерінің халық арасында қаншалықты сіңісіп кеткенін өзі көрген мысалдармен арнайы атап көрсетуінен де аңға­рамыз. Осы себепті Абайды туған халқына таныту, сол арқылы ұйқы­дағы езіліп тапталған туған халқы­ның ой-санасын оятуға, жаңа заман көшіне ілесуге тырысқан бұл таным­ның сарыны 1918 жылғы «Абай» журналында жарияланған ұлы ақынның әдеби мұрасы туралы «Абайдың өнері мен һәм қызметі», «Абайдан соңғы ақындар» деген мақалаларында толық көрініс берген деп айта аламыз.

Әлихан Бөкейхан қазақ халқы­ның рухани мәдениет байлығын баяндай келіп, ауыз әдебиетінің түр­лерін талдайды. Халық дастан­дарына сипаттама беріп, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырына ерек­ше көңіл аударады. Шортанбай, Но­ғайбай сияқты және басқа ақын­дарды атап айта келе, Абайға ерекше тоқталып, оны қазақтың жаңа жазба әдебиетінің көшбасшысы деп ба­ғалайды.

Әлихан Бөкейхан Абайды ең ал­ғаш таныған, оның қазақтың рухани бағдаршамы екенін білген. Абай қайтыс болысымен туыстарына хат жа­зып, өлеңдерін жинаттырған Әли­хан ұлы ақынның мерейтойында үлкен мақала жариялады. Абай өлең­деріне талдау жасап, абай­та­нудың қазығын қағып, іргетасын қалады.

Абайдың көзі тірісінде, оны орыстың оқырман қауымына тұң­ғыш таныстырған да Ә.Бөкейхан болатын. Абай қайтыс болған соң, Әлихан ақынның өмірбаянын орыс тілінде жазып, Семейде шығып тұратын «Семипалатинский листок» атты газетте 1905 жылы жариялайды. Содан екі жыл өткен соң 1907 жылы «Записки Семипалатинского По­дот­дела Западно-Сибирского отдела Императорского русского геогра­фи­ческого общества» деп аталатын кітапта Абайдың өмірбаяны фото­суретімен бірге тағы басылып шық­ты. Онда Әлихан Бөкейхан Абайдың туған жерін, шыққан ортасын, білім алу жолын баяндайды. Абайдың ата-бабасымен таныстыра отырып, оқуын, тәлім тәрбиесін, білімін, ақындығын, даналығын, орыс ре­волюционерлерімен таныстығын айтады.

Әлихан Бөкейхан 1908 жылы түрмеге тағы отырып шығады. Сөй­тіп, Абайдың өлеңдер жинағы тек 1909 жылы жарық көреді. Бұл жөнінде Міржақып Дулатұлы 1914 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Абай» атты мақаласында былай дейді: «1905 жылы «Семипала­тин­ский листок» газетінде, онан кейін Семейдегі «Географический общес­тваның» шығарған бір кітабында Әлихан Бөкейхан Абайдың тәржіма хатын жазды һәм кешікпей кітабы да басылатынын білдіріп еді. Бірақ тез шықпады.

1909 жылы Абайдың балалары мен інілерінің ризалығы һәм Әли­ханның ыждаһатымен Абай кітабы Петерборда «Бораганский» баспа­сында басылып шықты. Бұл күнгі қо­лымыздағы кітап сол бірінші баспасы».

Ұлы ақынға деген бұл сүйіспен­шіліктің соңы Әлихан Бөкейхан мен Абай балалары, жалпы Құнанбай қажы ұрпақтары арасындағы үлкен сыйластыққа, достыққа ұласқан.

Сөйтіп, Абайдың тұңғыш өлең­дер жинағы Әлихан Бөкейхан бас­шылығымен жарық көрген. Абай туралы ақынның көзі тірісінде (1903) жазғанын, 1905, 1907 жылы жарияланған мақалаларын кезінде оқып, біліп отырған, Абайдың ақын шәкірттері, балалары Ақылбай, Тұрағұл, досы Көкбай ақын Әлихан Бөкейханды ерекше қадірлеп, құрметтеген.

«Алаш туы астында, күн сөнген­ше сөнбейміз» деп ұлтының асқақ мұратын ту еткен Әлихан Бөкей­хан – абайтану бастауларындағы алғашқы құнды ғылыми ізденістерді жинақтаушы, насихаттаушы.

Сонымен қатар Әлихан Бө­кейхан – ірі ғалым, көреген саясат­кер ғана емес, қылышынан қан та­мып тұрған большевиктік өктем саясатқа қасқайып қарсы тұрған, кеңестік шындыққа бетпе-бет келген бірден-бір қайсар тұлға.

Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газеті бетінде жарияланған ғылыми негізі терең, дәлелі тиянақты публицис­ти­калық мақалаларында қазақ оқыр­манына патшалық Ресейдің отаршыл аппаратының зорлығын, жасап жатқан айласын жан-жақты сынап, әшкерелеп, сол арқылы халықтың көзін ашып, әлеуметтік шындыққа жетеледі.

Халқының бостандығы мен азаттығы, болашағы мен бақыты жолын жан сала күрескен, сол жолда құрбан болған Әлихан Бөкейханның сан салалы асыл идеялары бүгінгі тәуелсіз Қазақстан жағдайында бір­те-бірте жүзеге асуда. «Алаштың Әли­ханы» атанған ұлтымыздың ұлы пер­зентінің халқына жасаған ұшан-теңіз еңбегі, рухани асыл мұралары мәңгі жасай бермек.

Нұрсұлу САНАҚБЕКҚЫЗЫ,

Абайдың «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және

әдеби-мемориалдық қорық-музейінің жетекші ғылыми қызметкері