Естен кетпес үш күн

Газет мақаласы Айқын газеті №68

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров бастаған академия делегациясы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында үш күндік жұмыс сапарымен Мәскеу қаласында болып қайтты. Сапар барысында Ресей Федерациясындағы белгілі өнер, оқу ордаларымен арада білім беру және мәдениет саласындағы бірқатар келісім жасады.

Естен кетпес үш күн

Қонақүйге орналасқаннан кейін, сапарымыздың бірінші күні­нің жоспары бойынша алғашқы кез­десуімізге бет алдық. Мәскеуде қыстың сызы кете қоймаған – қар аралас жаңбыр төпеп тұр. Машина нөпірімен аралас-құралас діттеген жерімізге – Поварская көшесіне де жеттік. Осындағы 30-36 үйде Гнесин­дер атындағы Ресей Музыка акаде­миясы орналасқан. Бұл үй соғыстан кейін жоғары оқу орын­дары үшін арнайы салынған бірінші ғимарат болып салынады. Осыдан 124 жыл бұрын апалы-сіңілі Гнесиндер ұйымдастырған музыка мектебінен өсіп шыққан, өнерсүйер қауым өзара Гнесинка деп атайтын бұл оқу орны мемлекеттік музыкалық-педагогтік жоғары білім беретін бірден-бір меке­ме. Ресейдегі музыка өнері сала­сында білім беру бойынша оқу-әдіс­те­мелік бағыттағы екі базалық жо­ға­ры оқу орнының біреуі (екіншісі – Мәскеу консерваториясы). Ал елде оқылатын әртүрлі музыкалық бағыт­тар­дың бүкіл мамандықтары шоғыр­ланған бірден-бір институт. Инсти­тут деп аты айтып тұрғандай, Гнесин­каның негізгі бағыты – педа­гогтік білім беру. Әдетте, консер­ва­ториялар орын­даушылар тәрбиелеп шығара­ды. Ал Гнесиндер институты болса музыкалық колледждерді жоғары білімді кадрлармен жабдықтап, осы олқылықтың орнын толтырып отыр. Институтта үздіксіз білім беру жолға қойылған. Яғни, колледж және академия жоғары және орта кәсіби білім беру бағдарламаларын қосып оқытады. Ерекше атап өтетін жағдай, ол білім беру саласында сарапшылық өкілеттілігі бар бірінші көркем жоғары оқу орны.

Академияның ректоры – Галина Маяровская Ресей еліне еңбегі сіңген қайраткер, профессор. Галина Васильевна академияның Ресей ғана емес, жалпы Еуразия кеңістігінде классикалық, дәстүрлі, эстрадалық музыка мамандарын және бакалавр, магистр, аспиранттар даярлайтын бірден-бір жоғары оқу орны екен­дігін баса айтты. Кейінгі жылдары академияға оның құрылымдық бө­лім­шесі ретінде мемлекеттік эстрада және джаз өнері музыкалық учили­щесі қосылған.

Кездесу барысында Гнесиндер академиясы мен біздің академия арасында осыған дейін жасалған келісімшарт мерзімін ұзарту жөнінде әңгіме болды. Бұған қоса Гнесиндер академиясына біздің Жүргенов академиясынан екі магистрант, Мәскеуден бізге екі магистрант жібер­іліп, айналы-мобильді оқыту әдісімен білім алмасатын болып келістік. Сонымен бірге, биыл күзде Гнесиндер академиясында өтетін ғылыми-танымдық конференцияға біздің академиядан оқытушылар барып, баяндама жасайтын болды. Сондай-ақ келіссөз барысында жуырда біздің академияда ашылған Ұлттық өнер факультетіне қажет оқу­лықтар, нұсқаулықтар, тағы да басқа оқу құралдарымен жабдықтау жөнін­де шешім қабылданды. Біздің акаде­мия бойынша эстрада және ұлттық өнер факультеттерінде сабақ беретін жас маман оқытушылардың білімін арттыру, білігін жетілдіру проблемасы болғандықтан, біз тағылымдамадан өту бойынша да екіжақты келісім­шарт­тарға қол қою­ға ден қойдық. Енді жоғарыда атал­ған факультет­тер­дің декандары баста­ған оқытушы­ларымыз Гнесин­дер академиясындағы әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орнататын болады. Гнесиндер академиясында музыка, театр өнері бойынша білім беру әдістемесі әбден жүйеленген. Осы тұрғыдан келгенде, бұл жолғы сапардың бізге берер көмегі көп болмақ.

Екі бірдей үлкен оқу орнына бас сұқтық. Оның біріншісі – жоғарыда атап өткен Гнесиндер атындағы Ресей Музыка академиясы болса, екіншісі – сағат 3-ке белгіленген жоспардағы «Щука» – Борис Щукин атындағы театр институты. Бұл өнер ордасы актерлік өнер және театр режиссурасы бойынша мамандар, театр өнері бағыты бойынша магис­тр­ант­тар және өнертану бойынша аспиранттар әзірлейді. Бұл өнер ордасының құрылғанына – 105 жыл. Деректерге көз салсақ, 1953 жылдан бастап осында құрылған ұлттық сту­дия­ларда одақтық және автономиялы республикалардан келген студент топ­тары оқығандығын көреміз. Соның ішінде қазақстандық бірталай болашақ өнер майталманы осында білім алған.

Бізді институттың ректоры Евгений Князев қабылдады. Оқу орнын ұзақ жылдар бойы белгілі драма және кино актері Владимир Этуш басқарып келген еді. Кейінгі жылдары ол тізгінді Евгений Влади­мировичке беріп, өзі институт жа­нын­дағы өнер мектебінің көркемдік жетекшісі болып қалған. Жақында дүние салды.

Орыс халқының ескі зиялы­ларының көзіндей, өзіндей Евгений Владимировичпен бірге институттың жалпы тыныс-тіршілігімен, білім беру үрдісімен танысып шықтық. Жаңа ғана жөндеуден өтіп тұрған оқу театрында болып, онда қойылатын спектакльдердің сапасына, көркем­дік деңгейіне назар аудардық. Бұ­рын­ғы корпусқа жалғастыра жаңа ғимарат салынып, іші жасақталған екен, оны да көрдік.     

Жалпы Евгений Вахтангов атын­дағы Мемлекеттік академиялық театр жанынан құрылған Борис Щукин атындағы институт (1945 жылы бұрынғы училище ЖОО-на айналғанда оған осы мектепте ұзақ жыл сабақ берген Б.Щукиннің аты берілген) – ерекше институт. Оны әлемге әйгілі режиссер Е. Вахтангов алғаш құрған кезде «Бұл актерлерді әрі оқытатын, әрі тәрбиелейтін сту­дия болады» деген екен. Яғни, мұнда студенттер театр өнерінің әліпбиін спектакль қою барысында игереді. Содан бергі «щукиндік әдістеме» мынадай үш негізге аяғын берік тіреп тұр: актерлік шеберлік Вахтангов негізін салған қатаң қисындық дәйек­тілікпен игеріледі – принципі «қарапайымнан күрделіге қарай өту»; екінші курс түгелдей сахналық образға енуге арналады, принципі – «Өзге бол, бірақ өзің боп қал»; мек­­теп шашыраңқы шығармашылық ше­берханалар жүйесінен бас тарт-
қан – болашақ актер даярлау кафедралар бойынша жүргізіледі. Яғни, 4-се­местр­ден бастап, әр курс­пен бүкіл кафедра болып жұмыс істей­ді. Прин­ц­ипі – «Баршасы барлығымен жұ­мыс істейді».

Осыған сай, айталық, актерлік шеберлік кафедрасының немесе режиссерлік кафедрасының оқыту­шылары кез келген топтың сабағына кіріп, дәріс бере береді. Себебі, мұнда жұмыстың бір ғана принципі, стилі, эстетикасы бар. Ол – Евгений Вахтангов пен Михаил Чехов талдап жасаған театр әдісі. Ол бойынша кез келген оқытушы курс өтіп жатқан тақырыпты кез келген жерінен одан ары жалғастырып кете береді екен. Өздері мұны «доступность» дейді. Бізше «қолжетімділік».

Щукин институты мен біздің ака­демия арасында сахна тіліне, сахна қозғалысына байланысты ма­ман­дардың, әсіресе мюзикл артисін даярлайтын мамандармен арада тәжірибе жинақтау, студент алмасу мәселелері бойынша уағдаластыққа қол жеткізіліп, ынтымақтастық жө­нін­дегі меморандумға қол қойыл­ды. Соңында Евгений Владимировичпен арадағы қазіргі театр жөніндегі пікір алмасуымыз өзінің эмоцияға толы қызулығымен есімде қалды.

Сапардың екінші күні – екі бір­дей үлкен оқу орнына барып үлгер­дік. Оның біріншісі М.Щепкин атындағы театр училищесі. Онда бізді ректор, әйгілі Борис Любимов күтіп отыр.

«Щепкинканың» толық атауы – Ресейдің Мемлекеттік акаде­мия­­лық кіші театр жанындағы Михаил Щепкин атындағы жоғары театр училищесі (институты). Іргесі 1809 жылы қаланған, елдегі ең көне жоғары театр оқу орны. Ресейде ұлттық актерлік мектеп принцип­терін жасаған, осы училищеде талай жыл сабақ берген Щепкиннің құрметіне қойылған.

Екіншіден, жоғарыдағы Щукин институты сияқты Щепкин инсти­туты да қазаққа 1972 және 1978 жыл­дары театр өнері бойынша екі буын етіп ұлттық кадр дайындап берген. Институт ректоры Борис Николае­вич осылардың барлығын бізге мұра­ғат­тық-тарихи деректер арқылы, дауысына мақтаныш араластырып отырып айтып берді. Мақтанса мақтанғандай, кезінде Щепкинді бітірген түлектер бүгінде еліміздің өнер майталмандарына айналып отыр. Олардың ішінде Қазақ ССР Халық артисі Досжан Жанботаев, марқұм режиссер Жанат Хаджиев, Рашида Хаджиева, бүгінде Қостанай театрында еңбек етіп жүрген Ғайып­берген-Шахмардан Есенқұлов, Қарағанды­дағы Асылзат Ахмет­қалива, Серік Бұлғақбаев, Сағызбай Қарабалинды айтуға болады. Борис Николаевичпен арада өткен әңгімеде театр өнеріне арнап ұлттық кадр даярлаудың тағаны тартылып қойған осы жүйесін одан ары жалғастыру жайы да сөз болды. Әлбетте, мұның өзі мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселе, дегенмен, екі елдің арасын­дағы мәдени қарым-қатынас жоғары деңгейге шығып тұрған қазіргі кезеңде Щепкин институты жаны­нан ұлттық студия ашу жөніндегі ойымыз профессор Любимов тара­пынан қолдау тапты. Сол сияқты біздің тарапымыздан орыс тобы ашылатын болса, Ресейден келген кадрлар бізде қалып, орыс драма театрларының, өзге де этникалық театрлардың қызметін жандандыруға үлес қосар еді. Ал Мәскеудегі ұлттық топ өз кезегінде ол жақтағы театрлық актерлік әдістемені үйреніп, кіші театрдың дәстүрін, актерлік мектеп элементтерін игеріп, бізге әкелер еді. Кездесу барысында М.Щепкин атындағы жоғары театр училище (институт) басшысы Борис Люби­мовпен шығармашылық жөнінде келісім жасалды.

Түстен кейін Щепкин инсти­туты­на арнайы салынған ғимарат тұрған Неглинная көшесінен шығып, Тверская көшесіне бет алдық. Міне, осы бір тарихи көшенің бойындағы алтыншы үйдің жетінші құрылысы. Атақты Антон Чехов атындағы Мәскеу көркем театры (МХАТ) жанындағы Немирович-Данченко атындағы мектеп-студия (ЖОО). Соғыс түтеп тұрғанда, 1943 жылы құрылған. Бізді қабылдаған ректор Игорь Золотовицкийдің айтуынша, мектеп-студия негізінен актерлік, қойылымдық және продю­серлік бағыт бойынша маман даяр­лайды, оларға қоса театр сурет­ші­лерін, сахналық костюм бойынша суретші-технологтар, жарық қоятын суретшілер бөлімшелері бар. Бұл оқу орнының ерекшелігі, ондағы оқу-әдістемелік жүйесіне студиялық рух тән. Яғни, студенттерінің саны аз, соған сәйкес оқу сапалы. Драма актерін оқыту жақсы жолға қойыл­ған, әсіресе Станиславский мен Данченконың театр әдісімен оқыта­тын бірден-бір оқу орны болып табылады.

Жалпы, осы күндері бір байқа­ғаным – театрлар жанындағы оқу орындары студенттер санын көбейтпейді. Мысалы, Щепкин институтында бар болғаны 250-ге жуық студент оқиды, ал соларға 40-қа жуық профессор, 100 оқытушы сабақ береді. Яғни, профессорлық-оқытушылық құрам студенттік құрам­ның жартысына жетеғабыл. Мына мектеп-студияда да сондай жағдай – барлығы 280-дей студент, профессорлық-оқытушылық ұжым 100-ге тарта адам және бір ерекшелігі, актерлік мамандықта оқитындар қойылым қоюшылар мен продюсер­лік мамандықта оқитындардан тізгін үзіп кетпейді: тиісінше 90×70×95. Мұнда Данченконың «Мектеп-студия көркемдік тұрғыдан МХАТ-тан автономды болуы тиіс» дейтін қағидатын ұстанады, соған сәйкес өзара мұраттас, идеялас жастарды жинап, студиялық рухта тәрбиелейді. Маған ерекше ұнағаны да осы болды.   

Сапарымыздың соңғы үшінші жұмыс күні ресейлік брендке – Ресей театр өнері институтына (ГИТИС) баруымызбен айшықталды. Еуропа­дағы ең ірі театрлық жоғары оқу орны және әлем бойынша осы сала­дағы ең ірі оқу ордаларының бірі. Өзім 2010 жылы түлеп ұшқан оқу орны – осында оқып, театр өнері бойынша магистрлік ғылыми дәреже алып шыққанмын. Міне, өзім талай жүрген Кіші Кисловск шолақ көше­сіндегі ғимарат – модерндік сәулет стилінде салынған үш қабатты оқу корпустарынан, факультет үйлерінен және бас оқу ғимаратынан тұратын ансамбль. Нысан Ресей   халықтары­ның мәдени мұрасы тізіміне кірген, соған сәйкес мемлекет тарапынан қорғалады. Жалпы біз болған оқу орындарының қай-қайсысы да орна­ласқан ғимараттар осылайша мәдени мұра ретінде айрықша қорғау­ға алынған. Щепкин институты да, Гне­синдер атындағы академия ғима­раты да сондай.

ГИТИС-те сегіз факультет бар. Оларда драма, музыка театрларының, эстрада және цирк режиссерлері, осы бағыттардағы актерлер, театр­та­ну­­шылар, балетмейстерлер, сцено­граф­тар, қуыршақ театры режиссер­лері мен суретшілері және продю­сер­лер даярланады. Бұл жер жалпы әлем бойынша театртанушылар әзірлейтін бірегей оқу ордасы.

1878 жылы атақты Ресей музы­кан­ты П.Шостакович музыкалық-драмалық мектеп ретінде іргесін қалаған оқу орнына биыл 140 жыл толғалы отыр. Әлемнің өнерсүйер қауымына ортақ осы айтулы датаны Қазақстанда да атап өту жөніндегі министріміз – Арыстанбек Мұха­ме­ди­­ұлының тілегін жеткізгенім­де, институт ректоры, белгілі театртану­шы және театр сыншысы Григорий Заславский кәдімгідей қуанып қалды. Григорий Анатольевичті біз­дің тараптан жоспарланған шара­лардың нобайымен таныстыр­дым. Ол бойынша Ресей тарапынан музыкалық, драмалық және эстрада­лық спектакльдер қоятын үш топ бізге келіп, театрларымызда спек­такль қояды. Сонымен бірге, театр­танушылардың арасында, актерлер мен режиссерлер арасында және эстра­да, хореография саласы бойын­ша жоғары оқу орындарында бөлек-бөлек ғылыми-практикалық конфе­ренциялар өткізіледі. Олар шеберлік сыныптарына, тренингтерге ұласа­ды. Ресей жағы сахна тілі, сахна қозғалысы, актерлік шеберлік, во­кал, сценография саласы бойынша өткізілетін манағыдай қолданбалы дәрістерден бөлек, көрме ұйым­дастырып, жалпы театр педагогикасы бойынша шыққан жаңа кітаптардың тұсауы кесіліп жатса ғанибет. Осыған дейін біздің академия мен ГИТИС арасында келісімшарт бар еді. Жуырда академияның бір топ жас­тары Ресейдің осы театр өнері инс­титутында өткен студенттер ара­сындағы XII Халықаралық дербес студенттік режиссерлік үзінділер конкурсына және конференцияға қатысып, «Режиссерлік қуаты үшін» аталымы бойынша жеңімпаз болып келді. Енді осы келісімшарт тағы бес жылға ұзартылды. Біздің ойымызша, бұл бесжылдық жоғары нәтижеде болуы тиіс. Пайымдауымша, биылғы қазан айының 7-12 аралы­ғында Алматыда ГИТИС-тің 140 жыл­дығына арналған күндер өтеді. Бұл кәсіби мамандарды даярлаудағы артында ізі қаларлықтай көрнекі іс-әрекетіміздің белгісі болады деген ойдамын. ГИТИС-тен Асқар Тоқпанов, Әзербайжан Мәмбетов, Ерсайын Тәпенов, Әубәкір Рахимов, Асхат Маемиров, күні кешегі Самал Еслямова, театртану факультетінен Халила Сағатова, Жәмиля Мұхамет­жанова, Сәния Қабдиева, продюсер­лік факультеттен қазіргі Динара Кулебаева, ұлттық кадрлардан Аста­на циркінің директоры Ерік Жол­жақ­сынов, Қазақ ұлттық өнер инс­ти­­тутының проректоры Қымбат Тілеуова сияқты өнер қайраткерлері түлеп ұшқан.

Жалпы алғанда, үш күндік жұмыс сапары барысында жоспар­ланған нәтижелерге қол жеткіздік. Үш күнді ошақ қасында жатып өткізуге де болады, сол сияқты осы уақыт ішінде елдік, азаматтық талай істі тындыруға да болады екен. Барлығы да өзімізге байланысты.

Біз Мәскеуден осындай түйінді оймен аттандық. Аз да болса, саз сапар болды

.

 

Жазып алған

Гүлмира АСЫЛБЕКҚЫЗЫ