Тарихи туындының тұсауы кесілді

Газет мақаласы "Айқын" газеті №153

Есімін Жетісу жұртшылығы ғана емес, қалың қазақ қадір тұтатын тарихи тұлғаларымыздың бірі – Балпық би. Бабамыздың туғанына биыл 325 жыл толады. Шешендікті жанына серік етіп, көсемдігімен елін тәнті еткен тұлғаға арналған шаралар жұрт көңілінің төрінен орын алды. Халықты бірлік пен берекеге ұйыстырып, бүтін болуға шақырды. Сондай игі шараның бірі – «Байтақ елдің Балпығы» атты туындының тұсаукесері.

Тарихи туындының тұсауы кесілді

Балпық бидің 325 жылдық мерейтойына арналған кітапта заманында қатар жүріп, ел мен жердің амандығы үшін ерлік пен өрліктің үлгісін көрсеткен Ескелді, Балпық би, Қабан жырау (Қаблиса) сынды тарихи тұлғалар жайлы тағылымды дерек жазылған. Ел ішінде «Үш бәйтерек» деп құрметтелетін олардың өнегеге толы өмірі, ерен ерлігі, әділ билігі мен аталы сөзі бүгінгі күні маңызын жоймаған. Мұралары ұрпақ тәрбиесі мен ел тұтастығына қызмет етеді.

Тіл сарайында өткен тұсау­кесерге ақын-жазушылар, та­рихшылар, қоғам қайраткерлері және зиялы қауым өкілдері қа­тысты. Жиынды ашқан облыс­тық мәдениет, архивтер және құ­жаттама басқармасының бас­шысы Мәрлен Көлбаев тағы­лы­мы мол туынды «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында, облыс әкімдігінің қолдауымен жарық көргенін айтты. Даңқты бабаларымыздың өмірі мен өне­гесін жас ұрпаққа жеткізу арқы­лы олардың жүрегіне ізгілік нұ­рын, отаншылдық сезімін ұял­а­татынымызды айрықша атап өт­ті. Алматы облыстық мәсли­хат­тың хатшысы Сұлтан Дүй­сембінов қалың қазаққа ортақ тұлғаның ғибратты ғұмыры, өмірлік өнегесі, елі үшін істеген ерлігі туралы баяндалатын кітап­тың ел бірлігіне қосар үлесі зор екенін атап өтті. Ардагер-ақса­қалдар Наурыз Қылышбаев пен Аманғазы Шегіров, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бо­йынша департаментінің басшы­сы Серікбай Нұрғисаев «Байтақ елдің Балпығы» кітабының лентасын қиды.

Алматы облысының Құрметті азаматы Тынышбай Досымбеков тебіренісін жеткізді. Жазушы, ақын Нұрила Бектемірова бабаға арнаған жырын оқыды. Балпық би ұрпағы Болат Қисметов бұ­рын-соңды жарияланбаған тың деректер арқылы баба болмысын барынша ашты. Тарихи кітапты құрастырушы Сайлаубай Бәзі­ловтің иығына шапан жауып, астына ат мінгізді. Алматы об­лыс­тық «Жетісу» телеарнасы ди­ректорының орынбасары, жа­зу­шы Серік Әбікенұлы Бал­пық баба туралы тебіреніспен әңгімелей келе, Орақты батыр дастаны жайлы ойын да ортаға салды. Келер жылы есімі аңызға айналған баһадүрдің туғанына 600 жыл толатынын еске салды.

 

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы