«Мұзбалақ» Германиядағы фестивальге қатысады

«Мұзбалақ» анимациялық фильмі қазанның 7-13 аралығында Германияның Хемниц қаласында өтіп жатқан 24-ші Халықаралық балалар мен жасөспірімдерге арналған Schlingel кинофестивалінің негізгі байқауына қатысуда.

 «Мұзбалақ» Германиядағы фестивальге қатысады

Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан саятшылық мәдениеті туралы сыр шертетін анимациялық фильмде бүркіт пен адамның достығы туралы баяндалады.

– Еуропада өтіп жатқан кезекті фестивальге біздің «Мұзбалақ» қатысып жатыр. Бұл еуропалықтардың отандық анимацияға деген қызығушылығының белгісі. Сондықтан да «Мұзбалақ» қанатын кеңге жая берсін, сәттілік тілеймін, – деді «Қазақфильм»  киностудиясы анимациялық бірлестігінің жетекшісі Адай Әбілда.

Schlingel фестивалін Германияның балалар мен жасөспірімдер жөніндегі Саксон қызметі ұйымдастырған. Фестиваль ұраны – «Киноны халыққа жеткізу». Байқаудың басты мақсаты – шет аймақтарда тұратын жастарды кино әлеміндегі жаңалықтармен таныстыру, сондай-ақ кино өнері арқылы жасөспірімдерге тәлім-тәрбие, білім беру.