«Қашқын» – адам мен қоғам апогейі ме?

«Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан жұмыс күндері «Қашқын» телехикаясы көрсетіле бастады. Содан болар соңғы кезде бұл туынды ел арасында қызу талқылауға түсіп жатыр. Мақсат телехикаяны мақтау мен даттау да емес. Бастысы туындының халыққа берері бар ма, жоқ па? Оны әркім өзі елеп, екшеп алады.

«Қашқын» – адам мен қоғам апогейі ме?

Жақында Нұр-Сұлтанда өткен Astana Media Week «Қазақстандағы телехикая және кино индустриясының дамуы» жайында біраз әңгіме қозғалды. Мәселен, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай өз баяндамасында әртістер құрамының біркелкілігі, телехикая жанрының ұқсастығын айтты.

«Соңғы жылдары барлық арнада бір ұзын сонар мелодрама жүріп жатқан секілді. Бас-аяғы 10-15 актер барлық телехикаяда түсе береді. Сол баяғы режиссерлер. Режиссердің стилін танып қойғаннан көрерменнің де көргісі келмеуі мүмкін» деген еді Л.Танысбай. Бірақ айтылған сөз, дөп келіп тұр. Шынымен, көбісі ұқсас. Биыл Qazaqstan арнасы жаңа қырынан танылды. Ұлттық арна «Қашқын» атты детектив жанрында түсірілген телехикаяны көрерменге ұсынды.

«Біз осыған дейін мелодрама да түсіріп көрдік, еңбек тақырыбын да қозғаған телехикая түсірдік. Тапсырыс солай болды енді, детектив жанрын да жандандырсақ деген ой болды. Әрине, бұл жанр мелодрама жанрына қарағанда күрделі екендігін мойындауымыз керек. Бірақ тартынбадық. Мұнда бәрі – іс-қимыл, қозғалыс. Түсірілім бағыты да күрделі. Көп уақытты да талап етеді.



Бірден айтайын: біз түсірілім барысында көркем кино өнеріне тән элементтерді көбірек қамтыдық. Бұл әу бастан-ақ команда мүшелерімен шешілген. Бұл жағы қазір эфирден де көрініп тұр. Картина, жарық, бояу т.б.

Бірақ, сценарийдегі кейіпкерлерге байланысты актерлық құрамды таңдау оңайға түскен жоқ. Соңында, бұрын телехикаяға түспеген тек кинофильмдерде рөлдер сомдап жүрген Кино және театр актері, Қазақстанның халық әртисі Тілектес Мейрамовты, Кино және театр актерлары Бауыржан Қаптағай, Қуандық Қыстықпай сияқты өнер майталмандарын шақырттық» дейді ол.


 
Оның айтуынша, телехикая мақсаты - биік адамгершілік қасиет пен адал еңбек жолы ғана қоғамды жақсылыққа жетелейтінін, ал мансап пен жеке басының пайдасы үшін жан-жағына қиянат жасайтындардың түбінде бір опық жерін білдіргісі келген. Өмірдің өзі көрсетіп отырғандай, жемқорлық пен ашкөздік жайлаған қоғамда сенім, бірлік, бауырмалдық жоғалады. Міне, осы жағын көрсету де  назардан тыс қалдырмаған. 

Фильм 52 күн, 33 локацияда түсірілген екен. Кино түсіруге қажетті эффектілер жауын-шашын, түтін – бәрі қолдан жасалған. Мысалы, тау ішінде түтінді ұстап тұру біршама қиындық туғызған. Түтін эффектісін көрсету үшін түтінді қайта-қайта жіберіп отырған. 

Телехикаяда ұлттық құндылықты, әлі де жоғалмаған қазақылықты Бигелді қария арқылы насихаттауға тырысқан. Көрермен сол арқылы құнды да астарлы сөздері ұғынады деген сенім бар. 

Туындыда берілетін оқиғалар қат-қабат қайшылыққа толы. Оқиғалар желісі бір-бірімен  байланысып, шиеленісіп отырады. Оған қоса, олардың қоғам алдындағы ауыр міндетін ашып көрсеткісі келгендей.

Кез келген отандық кино – саясат. Саясат арқылы ұрпақты тәрбиелейміз. Шет елдік киносында ағайындылар бір қызға таласып қырқысып жүрсе, енді бір елдің киносы әкесін ұрып үйден қуып шығады. Бұл біздің келер ұрпаққа қандай тәрбие береді? Иә, осыған дейін де отандық арналардың рейтинг көтеру үшін өзге елдің телехикаяларын көрсетіп жүріп, біраз жастардың санасын улап үлгерді. Енді бәрін жоймай тұрғанда ойлануға тура келеді. 

Бір қызығы, еліміздің кей аусорсинг компаниялары сценарийлерін көршілес Ресей, Украина елдерінің мамандарына жазғызады екен. Онда не мән қалды. Олардың түсінік-пайымы біздің менталитетке мүлдем келмейді ғой. Бірақ, шынымен де соңғы кезде біздің де киноиндустриямыз да дамып келеді. Бәсекелестік бар. Қазақы телетуынды түсіретін компаниялар да көбейіп келеді. Осы бізді қуантады.