Қарсақбаев «жоқшылықтан» өлді ме?

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 169

Белгілі режиссер Абдолла Қарсақбаев жайлы «голливуд­тық стильде» фильм түсірген ре­жиссердің «жоқшылықтан» көз жұмғаны туралы «Караван­ға» мақала жарияланған екен. Ма­қала авторы қазаққа «Ме­нің атым Қожа», «Алпамыс мек­­­теп­ке барады», «Балалық шақ­қа сая­­­хат», «Даладағы қу­ғын» және т.б. басқа клас­си­ка­лық туын­­­ды­лар сыйлаған ре­жис­сер­­дің қуа­ны­шы мен қиын­дығы тура­лы сөз етеді.  

Қарсақбаев «жоқшылықтан» өлді ме?

«Қазақ кинематографиясының әкесі» атанған Абдолла Қарсақбаев қолданған әдіс-тәсілдерді бүгінде Голливудқа ұқсататыны анық. Оның фильмдері «А» санатындағы фес­тивальдерден жиі жүлдегер атан­ды. Өкінішке қарай, оған ту­ған елінде фильм түсіруге мүм­кін­дік берген жоқ. Ол іс жүзінде жоқ­шы­лықта өмірден өтті» деп жазады автор.

Өткен ғасырдың 60-70 жылда­ры түсірілген классикалық туындылар­дың дені – кеңестік цензураның өткір қайшысына ілікпей қоймады. Қаншама кедергілерге, тосқауылға қарамастан ұлттық кино түсіре білген режиссерлердің де ерлігін бағаламауға болмайды. Рас, бұл олардың жүйкесіне салмақ түсірді. Денсаулығы сыр берді. Жүрекке ауырлық әкелсе де, қарсыласып бақты.

Сондай дарынды режиссердің бірі Абдолла Қарсақбаев еді.   Оның есімі қазақ кинематография­сының тарихына алтын әріптермен жазылды. «Менің атым Қожаны» елу жылға жуық көрермен үздіксіз тама­шалап келеді. «Алпамыс мек­теп­ке барады» фильмі де көптің ықыласына бөленген туынды. «Дала­дағы қуғынын» іздейтіндер де табылады. Қарсақбаев шығармасы­ның биігі деп «Қилы заманды» санайтындар көп. Өкінішке қарай, бұл фильм көрерменінен лайықты бағасын ала алған жоқ. Оның бір себебі, аталмыш туынды цензура атты шырмаудан шыға алмады. Соған қарамастан, кешегі кесірлі қоғам Қарсақбаевтың рухын жасыта алған жоқ. Ол ешқандай қиындыққа мойымады, жасымады. Оны ре­жиссердің көзін көрген, «кино­дағы балалары» да мойындайды.


ТУРА БИДЕ ТУҒАН ЖОҚ

Әлі есінде. 1977 жыл болатын. Оқуды жаңа бітірген жас жігіттің жұмыс іздеп жүрген кезі. Сондай күндердің бірінде оны киностудияға кино сынаққа шақырады. Режиссер – Абдолла Қарсақбаев. Әуелде оған қандай рөлге ие болғанын да айтпаған екен. «Көреміз» деген ғана жауап бар. Сынаққа түскен жігіт көп. Ең соңында марқұм Жамбыл Құдайбергенов екеуі ғана қалады. Біреуі – қызыл әскерді, екіншісі – бандиттің рөлін ойнауы тиіс. Көркемдік кеңестегілердің дені Жамбыл Құдайбергеновке бүйрегі бұрса керек. Жамбыл оған дейін де киноға түсіп жүрген жігіт. Алайда режиссер Досханнан Хамиттің бей­несін көрсе керек, бірден Жол­жақ­сыновты таңдайды. Осылайша, Хамит-Досханның өнердегі жұлды­зы жанған екен. «Кинодағы өкіл әкем» деп, ерекше қадір тұтқан ак­тер «Қарсақбаев жоқшылықта өмір сүрді» деген пікірмен келіспейді.

– Абдолла Қарсақбаев – зиялы ғана емес, отбасы бар, бала-шаға­сын асырайтын, айналасына зиялы азаматтарды жинаған ғажап адам еді. Мағжанның өлеңдерін жатқа айтатын. Ештеңеден тайсалмайтын, ержүрек ағаларымыздың бірі еді. Осы күнге дейін сол кісілерді сағы­намыз. Ұлы суреткер болды. Жеңге­міз қандай жақсы адам. Ұлы да әке­сінің жолын қуып, кино сала­сын­да жүр. Бұл кісінің бірінші әйелі Ілияс Жансүгіровтің қызы болатын. Ол кісіден туған бір ұлы бар еді. Альпинист болатын. Қаншама адам­ды ажалдан құтқарамын деп, мерт болды. Әбекеңнің құнды қазы­насы – кино әлеміне қосқан үлесі. «Менің атым Қожасы», «Алпамыс мектепке барады» мен «Даладағы қуғыны» осы күнге дейін көрермен­нің есінде. Әлі күнге экраннан түскен жоқ. Бұл кісінің бір ғажабы жанр таңдамайтын. Ол комедия бола ма, трагедия ма, әлде драма ма, Әбекеңнің қолынан бәрі келетін. Жарықтық сондай турашыл адам еді. Досы да көп болды. Кейін кино саласында атағы дүрілдей бастағанда достары да сирей бастады. Қасында бірен-сарандар ғана қалды. Солар­дың бірі – Кененбай Қожабеков. Көзі жұмылғанша, Әбекеңді айтып өтті. Осындай мықты адам қалай «жоқшылықта» өледі? Ол кез Совет үкіметінің тұсы болатын. Онда қала­мақы да, жалақы да жоғары болды. Егер рухани мұң, еркіндікті аңсау, рухани шаршау болды десек, онда әңгіме басқа. Жоқшылық бүгін болуы мүмкін. Бүгінгі таңда да атағы дардай академиктердің біразы жоқшылықта өмір сүріп жатыр деуге болады. Көбі мардымсыз зейнетақыға қарап отыр. Бәрі қым­бат­таған соң, зейнетақының да жағ­­дайы белгілі болып қалды, – дей­ді Досхан Жолжақсынов.

 

«ҚҰЛАГЕРДІ» НЕГЕ БЕРМЕДІ?

Режиссерді «өкіл әке» санайтын жанның бірі – Болат Қалымбетов. Қарсақбаев оны №12 қазақ орта мектебінен тапты. «Балалық шаққа саяхат» фильміндегі жетім бала Бек­тастың рөліне бекіткен де өзі.

– Абдолла аға – ұлы режиссер. Ол кісінің талантына ешкім күмән кел­тіре алмайды. Бүгінгі күнге дейін елдің аузында жүрген фильм­дері бұған дәлел бола алады. Жалпы та­лантты адамдар бір қалыпқа сый­май­ды. Шукшин, Ахмадуллина, Цветаева, Высоцкий, Айманов, Қар­­сақбаев, Қожықов сияқты тұл­ға­­ларды бір қалыпқа құйып ұстай алмайды. «Бетің бар, жүзің бар» демей, тіке айтатын, турашыл, асау адамды бағындыру да мүмкін емес. Сондықтан оларға кедергі де көп болады. Кешегі «қазақ кино­сының қара баласы» атанған өзім де алпыс­қа келіппін. Күні кеше ғана болған секілді еді. 10 жасар бала құлдыраң­дап келіп, киноның есігін ашқан. Қазір сол киностудияның белді бір өкіліне айналдық. Ол кісі «жоқшы­лықта» өмір сүрді деп айта алмас едік. Рас, цензураға бағынғысы келмегенін мойындауымыз керек. Айтқысы келгенін фильмі арқылы да көрсете білді. «Қилы заманды» алайықшы. Қандай мықты фильм? Өнер болған соң, ыстығы да, суығы да болады. Сондай қайшылықтар­дың кесірінен Қарсақбаев таяқ жемеді емес. Басшылық тарапынан қысым да болған шығар. Өзі қалаған кей фильмді түсіре алмады. Мәсе­лен, «Құлагер» поэмасы желісінде кино түсіремін деп армандап еді. Өкінішке қарай, оны Абдолла ағаға емес, түркіменнің Болат Мансұров деген режиссеріне берді. «Құлагер» ойда­ғыдай шықпады. Болат Ман­сұров кәсіби режиссер болғаны­мен, қазақтың менталитетін қайдан түсін­сін? Абдолла ағаның тағы бір арманы Шоқанды түсіру еді. Оған да жете алмады. Соның өзінде еш мойымай, кеудесін тік ұстап жүрді. Ұлы адамдардың төңірегінде әңгіме көп болатыны белгілі. Сондай «ке­лең­сіздіктер» жолына бөгет бол­ған шығар, бәлкім. Сұмпайылар «сы­быр­лап» жүргенді жақсы көреді ғой. Осының бәрі жүрекке салмақ түсі­ре­ді, – дейді режиссер.

 

РЕЖИССЕР ТРАГЕДИЯСЫ НЕДЕ?

– Абдолла Қарсақбаевтың өмі­рі­­нің соңы көбіне айтыс-тартыс, қай­шылықтардан тұрған. Ал Абдол­ланың өмірде қандай адам болғанын бір Алланың өзі біледі. Әбекең секіл­ді кез келген өнердің ірі тұл­ға­ла­­ры­ның өмірі қалай аяқталғанын қатыгез ХХ ғасыр жақсы біледі. Бұрын «Менің атым Қожа», «Бала­лық шаққа саяхат» фильмінен бас­тап бұл кинорежиссермен танысу­дың сәті 1974 жылы түскен еді. Осы жылы Әбекең оқыған кино инсти­ту­тының, орыстың әйгілі кино актері «Чапаев» фильмі арқылы әлемге әйгілі болған Борис Бабоч­кин­нің шеберханасынан бітіріп келген жас актерлермен кездесу жасап, бәрімізге табыс тілеп, өзінің кезекті фильмінің алғашқы байқау түсіріліміне шақырғаны есімде. Сол жылы Қазақстанның әр түкпірінен жиналған 13 қыз-бозбала бітіріп кел­ген едік. Бұл фильмге біздің ішіміз­ден кім түскені анық есімде жоқ. Есімде қалғаны – Кененбай Қожабеков пен Қаныбек Байсейі­тов, – дейді Шаяхмет Имашұлы.

Ұлттық киноның мақтанышына айналған Қарсақбаевтың қысқа өмірі де өзі түсірген киноларындай шым-шытырық болғанын айтады көзкөргендер. Әрбір фильмі кино­фестивальдерде жүлде алып жатса да, Әбекеңнің қатысуынсыз өтетін еді. «Ол да бір қолдан жасалған сая­сат шығар. Фестивальге Абдол­ла­ның фильмі өтеді, өзі жоқ, не қатты ауырып жатыр немесе таба алмадық деген сылтаулар үнемі оның жолын кес-кестеп жүретін. Кейбір сәттерде тіпті Әбекең бұл дүниеден әлдеқа­шан өтіп кеткен деген де хабар таратқан екен. Оның өзі бірде: «Мені бұлар талай рет өлтірді де ғой» дейтін. Абдолла – өзінің қысқа деу­ге болмас, орташа ғана саналы өмірін қазақ балалар киносының сара жолын салып кетуге арнаған бірден-бір ірі режиссер. Өмірінің көбі тартыспен, айтыспен, қылы­шы­нан қан тамған Кеңес дәуірінің қыспағында өтсе де, өзінің сурет­кер­лік ойын түсірген әр фильмде дәлелдей алған ұлы тұлға. Әбекеңнің артында қалдырған кино туын­ды­лары әлі талай ұрпақтың сана-сезі­мін, ой-жүйесін тәрбиелей беретіні сөзсіз» дейді Шаяхмет аға.

Режиссер кино өнеріне Қожа-Нұрлан Сандар, Бектас-Болат Қа­лым­бетов, Хамит-Досхан Жолжақ­сынов, Алпамыс-Ермек Төлепбаев сияқты есімдерді алып келді. Қар­сақбаевты әкесіндей құрмет тұта­тын актердің бірі – Нұржұман Ық­ты­м­баев. Мектеп мұғалімін Қа­пан рөліне бекітіп, актерлік жо­лын ашты. Осылайша, Ықтым­баев­тың кино ғұмыры басталып еді.

– Абдолла менің рухани әкем еді. Жаны даладай таза, мінезі ашық, кісі сыртынан ғайбат айтпай­тын, шындыққа тура қарайтын кісі болатын. Өз-өзіне сенімді, ешқашан тар­тынбайтын, шығармашылық еркіндікті ұнататын. Актерлер де ол кісімен жұмыс істегенді жақсы көретін еді, – деп еске алады Халық артисі Нұржұман Ықтымбаев.

 

 

P.S.

 

Сонымен, атақты режиссер­дің өзін көргендер «Өкінішке қарай, оған туған елінде фильм түсіруге мүмкін­дік берген жоқ. Ол іс жүзінде жоқ­шы­лықта өмірден өтті» деген тұжы­ры­ммен еш келіспейді. Шы­ғарма­шы­лық тұрғыда талай қысым, талай құқай жасалған болуы мүм­кін. Алай­да Қарсақбаев қайыр­шылық, жоқшы­лық жағдайында өмірден өтті деп біржақты тұжырым жасауға әсте болмас. Әрбір көркем туынды азап­пен дүниеге келеді. Бұл – шы­ғар­машы­лық азабы. Шы­ғар­ма­­шы­лық азабы мен тір­шілік аза­бының арасын ажыра­тып алған дұрыс еді.