«Композитордың» тұсаукесері өтті

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазақстан» концерт залында алғашқы қазақ-қытай бірлесіп түсірген көркем фильмі – «Композитордың» еліміздегі тұсаукесері өтті.

«Композитордың» тұсаукесері өтті

«Композитор» фильмінің тұсаукесер рәсімі картина авторлары және актерлерінің қызыл кілеммен жүріп өтуімен басталды. Салтанатты кілеммен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ бірінші вице-президенті Серік Жұбандықов, қосалқы құрамдағы режиссері Сәбит Құрманбеков, Бақытжан Байқадамовтың рөлін ойнаған актер Берік Айтжанов, Сянь Синхайдың рөлін сомдаған қытай актері Ху Чжунь жүріп өтті. Фильм тұсаукесеріне ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, депутаттар, қоғам қайраткерлері, қала қонақтары мен тұрғындары қатысты.

Көркем лента қытайлық композитор Сянь Синхайдың Совет одағында, оның ішінде Алматыға эвакуацияланған кезі мен қазақтың композиторы Бақытжан Байқадамовпен достығы туралы баяндайды. Фильмді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы және қытайлық «Shineworks Pictures» компаниясы түсірген.

Естеріңізге сала кетейік, «Композитор» фильмінің өндірісі үкімет деңгейінде ұйымдастырылған болатын. 2015 жылы 31 тамызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің қатысуымен өткен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған кезде уағдаластық етілген. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсіріліп, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ мен қытайлық Shineworks Pictures компаниясы арасында аталған фильмді бірлесе өндіру, қаржыландыру, және пайдалану жөнінде келісімге отырған.

2017 жылы 8 маусымда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиньнің Қазақстанға жасаған сапары аясында қол қойылған бірлесіп киноөндірісті  жүргізу туралы мемлекетаралық келісім негізінде аталған киножоба іске асқан болатын. Картинаның түсірілімдері 2017 жылы өтіп, фильмнің біраз бөлігі Қазақстанда түсірілген.

Сянь Синхай қысқа ғұмырында 500-ден астам тамаша әуендер жазған, сондай-ақ ол 10-ға жуық кинофильмдер музыкасының авторы. Алматыда өткізген жылдары ол «Ұлт азаттығы» симфониясын жазған. Азаттық пен отанға деген адалдықты жырлап, зорлық-зомбылық пен соғысқа қарсы бағытталған Сянь Синхайдың шығармаларынан отанға деген махаббатын аңғаруға болады.