Эмир Байғазин Бейжіңде Джеки Чанмен бірге конференцияға қатысты

Режиссер Эмир Байғазин Бейжіңде өтіп жатқан Азия өркениеті диалогына арналған конференцияға қатысып жатыр. Бұл іс-шараға Эмир Байғазинді мәдениет саласында жетістіктерге жеткені үшін қытайлық режиссер Цзя Чжанке және Қытайдың Сыртқы істер министрлігі арнайы шақырған.

Эмир Байғазин Бейжіңде Джеки Чанмен бірге конференцияға қатысты

Аталған іс-шара Қытайда алғаш рет өткізіліп отыр. Қонақтар алдында сөз сөйлеген ҚХР Коммунистік партиясының бас хатшысы Си Цзиньпин, форум Азия өркениеті өкілдерін тең құқықты диалогқа, өзара білім мен тәжірибе алмасуға шақыратын жаңа алаң болады деп атап өтті.

Режиссер Эмир Байғазин осы форумның басты мерекелерінің бірі –«Шеберлер диалогы» атты кино апталығына  қатысты. Бейжің орталығындағы Аспан ғибадатханасы жанында өткен бұл мәдени іс-шараға әлемнің ең танымал киногерлері қатысып, азиялық фильмдердің рөлі және маңыздылығы туралы сөз қозғады. Форумға Джеки Чан, Чен Кайге және актриса Чжан Чзыи, үнді актері Әмір Хан, жапон кинорежиссері Ёдзи Ямада, иран кинорежиссері Маджид Маджиди,  ресейлік режиссерлер Сергей Бодров және Федор Бондарчук қатысты.

Форумда сөз сөйлеген Эмир Байгазин заманауи өнерде авторлар гуманизмге ерекше көңіл бөлулері керектігін айтты. Мамырдың 16-ы мен 23-і аралығында өтіп жатқан бұл ірі форум шеңберінде Қытай қалаларында Азиялық кино апталығы ұйымдастырылған. Бұл апталықта Азияның 30 елінен 60-тан астам фильмдер көрсетіледі.

Айта кетсек, «Өзен» фильмінің жетістігі мен режиссердің шығармашылық белсенділігін ескере отырып Эмир Байғазинді Еуропалық киноакадемияның мүшесі болуға шақырды. Енді режиссер European Film Awards жүлдесін анықтау барысында дауыс бере алады. 

Сонымен қатар, биыл маусым айында Эмир Байғазин Ресейде өтетін «Зеркало» кинофестиваліне қазылар алқасының мүшесі ретінде қатысып, «Өзен» фильмін таныстыратын болады. Аталған фильм мамыр айында Чонджу кинофестивалі шеңберінде көрсетілген болатын.

Естеріңізге сала кетсек, «Өзен» фильмінің әлемдік тұсаукесері Венеция кинофестивалі шеңберінде өткен болатын. Бұл фестивальдің «Көкжиектер» бағдарламасында Эмир Байғазин үздік режиссер (Best Director) атанды. Ал фильмнің Солтүстік Америкадағы тұсаукесері биыл қыркүйек айында Халықаралық Торонто кинофестивалі аясында өтті. Кинотуынды фестивальдің «Тұғырнама» («Платформа») конкурстық бағдарламасында  көрсетіліп, қазылар алқасының құрметті аталымына және Screen Daily тәуелсіз киносыншылардың рейтингісі тізімінде алдынғы қатардан көрінді. Одан бөлек, «Өзен» фильмі жыл сайын өтетін 12-ші Asia Pacific Screen Awards салтанатында «Режиссурадағы табысы үшін» сыйлығымен марапатталды, сондай-ақ Лиссабонда өткен LEFFEST 18’ кинофестивалінде Бас жүлдеге және Лос-Анджелесте өткен Asian World Film Festival кинофестивалінде қазылар алқасы тағайындаған жүлдеге қол жеткізді.