Ұлттық киножобаларға байқау жарияланды

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы киножобалар байқауын жариялады.

Ұлттық киножобаларға байқау жарияланды
Фото: Интернеттен алынды

Бүгіннен бастап орталық ұлттық фильмдер өндірісін іске асыру мақсатында қаржылай қолдау білдіру үшін киножобаларды іріктеуді бастайды. Бұл тураолы орталықтың баспасөз қызметі хабарлады.  

Ұлттық фильмдер санатына үмітті киножобалардың ұсынымдары 1 маусымға дейін қабылданады. Ұлттық фильмдер қандай болуы тиіс?

Біріншіден, фильм жоғары көркемдік деңгейде жасалып, халықтың рухани қажеттілігін қанағаттандыруға қабілетті, мемлекеттік мүддеге, сондай-ақ Қазақстан Республикасын кино өнері арқылы танытатындай қызмет етуі керек.

Екіншіден, фильмдерді шығару, тарату және көрсету кезінде смета бойынша жалпы жұмыс көлемінің кемінде 70 пайызын Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген кинематографиялық ұйымдар жүзеге асыруы міндет.

Үшіншіден, фильм продюсерлері Қазақстан азаматы немесе осы елде тіркелген заңды тұлға болуы керек.

Төртіншіден, фильм авторларының құрамында (сценарий авторы, қоюшы-режиссер, қоюшы-оператор, қоюшы-суретші, музыкалық туындының авторы) Қазақстан Республикасының азаматтары емес тұлғалардың үлесі 50 пайыздан аспауы тиіс.

Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттың талаптарына сәйкес шетелдік кинематографиялық ұйымдармен бірлесіп түсірілген фильм ұлттық деп танылуы мүмкін.

Байқау талаптары, қажетті құжаттар тізімі мен ұсыным формасын жүктеу туралы ақпаратты www.filmqazaqstan.com сайтының «Қазақстанда түсір!» бөлімінен білуге болады.

Ұсынылған жобаларды іріктеу аяқталған соң, 5 жұмыс күні ішінде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жанындағы консультативтік-кеңесші орган – Сараптамалық кеңестің отырысы өтеді.

Байқау қорытындысы орталық сайтында жарияланады.