«Қазақфильмнің» фильмдері үздік атанды

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген фильмдер «Сыншылар таңдауы» киножүлдесінің барлық номинация бойынша қатысып, бес аталымда үздік атанды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазақфильмнің» фильмдері үздік атанды

Биыл Қазақстан кинематографистер одағының қолдауымен Қазақстан киносыншылар ассоциациясы ұйымдастырып отырған «Сыншылар таңдауы» жүлдесінен үміткер, прокатқа шыққан және былтыр фестивальдерге қатысқан 29 қазақстандық фильм қарастырылды. Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі үш бірдей жүлдені иемденді. Атап айтсақ, «Анаға апарар жол» фильмінде жасаған образдары үшін «Ең үздік актриса» – Алтынай Нөгербек және «Екінші пландағы үздік актриса» Аружан Жазылбекова деп танылды.

 Ал «Фильмге жазылған үздік музыка» номинациясын аталмыш фильмнің композиторлары Әлім Заиров пен Роман Вишневский бөлісті. Сонымен қатар, киносыншылардың шешімі бойынша «Үздік оператор» номинациясында «Қазақфильм» киностудиясы түсірген Эмир Байғазин трилогиясының екінші бөлімі «Төрт тағдыр» («Раненый ангел») фильмінің операторы Ив Кап үздік деп танылды. Одан бөлек, «Қазақфильм» киностудиясының «Дебют» шығармашылық бірлестігінде жарыққа шыққан «Свидетель дела № 6» қысқаметражды фильмінің сценарийі үздік аталды (сценарий авторы Әділхан Ержанов).

Фильмнің режиссері Серік Әбішев. Тәуелсіз киностудиялар жарыққа шығарған фильмдер келесі жүлделерге ие болды: «Киносыншылар таңдауы» киножүлдесінің «Үздік фильм» номинациясында екі фильм жеңіске жетті, олар: драма жанрындағы үздік фильм «Чума в ауле Каратас» (продюсерлері Серік Әбішев және Ольга Хлащева) және «Тараз» криминалдық драмасы (продюсері Нұртас Адамбай). Сонымен қатар, «Тараз» фильмі екі жүлдені қанжығасына байлады – актер Еркебұлан Дайыров «Үздік актер» жүлдесін иеленсе, ал осы фильмде Ғалымжан Молданазардың орындауында шырқалған әні үздік деп танылды.

«Районы» фильмінде ойнаған Шәріп Серік «Екінші пландағы үздік актер» жүлдесін иемденді. Ең үздік қысқаметражды фильм Дархан Төлегеновтың «Маршрут» картинасы. Сонымен қатар, «Киносыншылар таңдауы» жүлдесі арнайы сыйлығымен «Завтра море» деректі фильмі үшін Катерина Суворова, қайта өңделген «Түрксіб» фильміне жазған музыкасы үшін композитор Қуат Шілдебаев және «Лица кино» фотожобасы үшін Николай Постников пен Жанна Қуанышева марапатталды.

Айта кетсек, Қазақстанның киносыншылар ассоциациясы тәуелсіз қоғамдық ұйымы үш жыл бұрын құрылған болатын. Оның құрамына бүгінде Гүлнәр Әбікеева (Ассоциация президенті), Ольга Малышева, Төлеген Байтүкенов, Олег Борецкий, Кәрім Қадырбаев және басқа да 11 сыншылар бар.

 Еркін ҚАЛДАН