«Қасым ханның» қасқа жолы кинода «басқа жолға» айналмасын

Газет мақаласы "Айқын" газеті №147

«Қазақ хандығы» фильмінің жалғасы іспетті «Қасым хан» фильмі түсірілмек. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына арнайы тапсырма да берген-ді. «Қазақ хандығы» фильмінің сценарийін жазған жазушы Смағұл Елубаевтың «Қасым хан» туралы сценарийі де жазылып қойған еді. Алайда, жаңа Мәдениет министрі бұл фильмнің түсірілуіне қатысты өзгерістер жасаған секілді. «Қасым хан» туралы көпсериялы телехикая түсірілетіні, оны түріктің белгілі режиссері Метин Гюнай түсіретіні туралы да ақпараттар тараған. Соған қарағанда, Қасым ханның өмірі туралы фильм  басталмай жатып, «құбылып» жатқан секілді.

«Қасым ханның» қасқа жолы кинода «басқа жолға» айналмасын

Бұлай деуіміздің де мәні бар. Белгілі жазушы Смағұл Елубаев өзінің әлеуметтік желідегі парақ­ша­сында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға хат жолдады. Жазушы хатында:

«Мен, кинодраматург С.Елубаев 2017-18 жылдары Елбасы Н.Назарбаевтың тапсыр­ма­­сымен қазақтың ұлы ханы Қасым хан туралы материал жинап, 1 се­рия­лы прокаттық көркем фильм сценарийін жаздым. Елбасы біз жазған сценарийді қатты ұнатып, сол кездегі министр Арыстанбек Мұхамедиұлына «Ертұғрылды» түсірген түрік режиссері М.Гюнай­ды шақыруды тап­сырды. Гюнай біз жазған сце­нариймен танысып шықты. Ұнатқаны да белгілі. Бізбен және министрмен кездесуінде бір сериялы прокаттық фильм жасауға келісті. Алайда Гюнайдың Президентпен кездесуі үстінде сериал идеясы пайда болыпты. Бірақ сериалға бізді шақырмады. Сөйтсек сценарийді Гюнайдың өзі жазуға кіріскен. Қазақстан тара­пынан Б.Шекеров шақы­рыл­ды. Біз сөйтіп бұл жобадан тыс қалдық. Соңында, Елбасы ұнатқан, біз жазған «Қасым хан» далада қалды. «Ең болмаса Елубаевтың бір жылдық еңбегін төлейік!» деген бір адам болмады. Кәзір режиссер Гюнай өзі жазған 75 сериялық сценарий бойынша Оңтүстік Қазақстанда сериалды түсіруге кіріскен дейді. Біз бір нәрсеге таң- ғаламыз. Гюнай жазған сценарий неге «Қазақфильмнің» эксперттік кеңесін айналып өтті? 11 миллиард Қазақстан ақшасына тү­сіріле бастаған қазақтың ұлы ха­ны туралы сценарий неге қо­ғам­дық пікірден тасада (келей­но) шешілді? Неге еш жерде тал­қыланбады немесе кімдер тал­­қылады? Бәрі құпия. Бәрі астыр­тын. Бұл – кино тарихында бол­маған практика. Сондықтан мен Қасым хан тағдырына алаң­дап, сізге осы хатты жаздым. Сце­на­рист, режиссер, актер ше­тел­ден шақырылып, 30 миллион долларға түсі­рілген «Көшпенділер» тағ­ды­ры Қазақстанға титтей де бір сабақ болмаған тәрізді. Режис­сері, сценаристі т.б. түріктер «Қа­сым хан» тағдыры да сол «Көш­­­пенділер» тағдырын қайта­ла­­­м­асына кім кепіл? Қашанға де­­йін қазаққа қазақ тарихын эк­ран­­да шетелдіктер үйретіп жүруі тиіс?! Ер­тең экраннан қазақ емес, бас­қа Қасым ханды көріп түгел Қа­зақ­стан шулап кетпесіне кім ке­піл? «Бұған кім кінәлі?» деп сұра­ма­сына кім кепіл? Ең қиыны ер­тең осы жобаның жаманатына Ел­басы мен сіз қалмауларыңыз үшін Гюнай жазған «Қасым хан» сце­нарийін дереу киностудияның эксперттер кеңесінің талқысына салу керек деп білемін» деп жаза­ды.

Смағұл Елубаевтың бұл хаты Мә­дениет министрлігінің де құла­ғына жетті. Жә, ол туралы әңгіме ке­йінірек. Жалпы, «Қасым хан» се­риалы туралы жазушының бұл хаты көпке ой салған секілді. Бел­гілі режиссер Жайық Сыздықов та алаң көңілін білдірді. «Жазушы Смағұл Елубаевтың жазбасы біз­ді де елең еткізді. Өйткені бұл фи­льм­нің сценарийіне менің де аз­д­ы-көпті қатысым болған соң, үнсіз қала алмадым. 2018 жылдың басында Стамбұл қаласына екі айға іссапармен бардым. Мақсат – аталған сериалдың толыққанды кон­цепциясын бекіту. Менің ұқ­қаным – түрік режиссері Ме­тин Гюнай қазақ халқының тари­хын, болмысын, менталитетін то­лыққанды біле бермейді. Сон­дық­тан бұл жоба тарихи фильм емес, же­ңіл-желпі дүние болып шыға ма деп қауіптенемін. Сол үшін де сериал түсірілмей жатып, оның сценарийін сарапшылар алдында бекітіп алғанымыз абзал» дейді.

Тарихи сериалдар түсіруде түрік режиссерлерімен таласа ал­майтынымыз анық. «Сұлтан Сүлеймен», «Көсем сұлтан», «Ер­тұғрыл» фильмдері көпшіліктің кө­ңілінен шықты. Әрине, «Сұл­тан Сүлеймен» сериалына қатыс­ты түрлі пікірлер жетерлік. «Са­рай маңындағы құйтырқы әрекет­тер­ден ары аса алмады» дейді кей­­­біреулер. Біреулер тіпті бұл се­­риалды қабылдамағандар көп еке­­нін айтады. Тарихи фильмдер түсіру оңай емес. Деректер өте көп. Әрі тарихтан ауытқып кетуге тағы болмайды. Ал көркем дүниеде кей­бір көркем эпизодтардың қа­жет болары сөзсіз. Бұл жағдай­да режиссер қандай шешім шығар­ғаны дұрыс?

«Қасым хан» сериалы қашан түсіріледі? Қалай түсіріледі? Егер Мәдениет министрлігі бұл ау­қым­ды жобаны қолға ал­ған бол­са, сарапшылар неге назар­дан тыс қалған? Біз әуелі бұл са­уа­лы­мызды «Қазақфильм» кино­­студиясының президенті Арман Әсеновке қойған едік.

«Қасым хан» сериалы әлі бас­тал­ған жоқ. Алла бұйыртса, 2020 жы­лы бсталады деген жоспар бар. «Қасым хан» сериалына бай­ла­ныс­ты екі сценарий бар. Біреуін Смағұл Елубаев жазды, екіншісін Метин Гюнай дайындаған. Қай сценарийдің желісі бойынша түсі­рі­летіні нақты шешілген жоқ. Оны «Қазақфильмде» көркемдік ке­ңес бекітетін болады. Әзірге үш серияның ғана сценарийі жазыл­ды» дейді Арман Әсенов.

«Қазақфильм» киностудия­сы­ның редакторы Бекболат Шекеров те сценарийдің әлі бекітілмегенін айтады. «Қай сценарий бойынша түсірілетіні режиссер келгеннен кейін анықталатын болады. Бұл жо­б­а әлі басталған жоқ. Келесі жыл­ға қалдырылды. Қазір дайын­дық жұмыстары жүріп жатыр. Сон­дықтан жоба басталмай жатып, бірдеңе деу қиын» дейді редактор.

«Қасым хан» сериалын түсі­ру үшін таңдау неге Метин Гюнай­ға түсті? Әлде тарихи сериал түсі­­ретін қазақ режиссері жоқ па? Мүмкін Гюнайдың режис­сер­­лігімен түсірілген «Жаужүрек Ертұғрыл» тарихи сериалы қа­зақ көрерменінің көңілінен шық­қаны себеп болған шығар. Әрі режиссердің тарихи сериал түсі­ру­де тәжірибесі жетерлік. Алайда қазақ зиялысын алаңдатып отыр­ған мәселе режиссерде емес, сце­­нарийде болып тұр. XIV-XV ға­сырдағы көшпенді қазақтың тари­хынан түрік режиссерінің хаба­ры бар ма? Тарихи шығарманы биік деңгейде шығара ала ма? Уайым да, алаң да – осы.

Мәдениет және спорт ми­нистрі Ақтоты Райымқұлова Сма­ғұл Елубаевтың хатынан кейін жазушыны қабылдап, мәсе­ле­нің мән-жайымен танысты. «Та­ри­хи тақырыпқа түсірілген кино тек өнер туындысы ғана емес. Кездесу барысында ел ру­ханияты, ұлт мәдениетінің өткені мен келешегі туралы пікір алысу барысында жазушының әлеу­мет­тік желіде қозғаған «Қа­сым хан» киносценарийінің «қолды болып кетуі мүмкін» деген күдігі де айтылды. Сондай-ақ кездесу ба­рысында жазушы «тарихи та­­қырыпқа түсірілетін фильм шын­­дықтан алшақтап, ертегіге ай­налып кетпеуі тиіс» деген пайы­мын жеткізді. Министр бұл мә­се­ле­мен жіті танысып, үнемі на­зар­да ұстайтынын жеткізген екен.

Жобаның басталуына әлі бі­раз уақыт бар. Сол себепті сце­­на­рий­ді тарихи тақырыпты қау­зап жүр­ген, нақты хабары бар адамға жаз­дырт­қан дұрыс. Кино­сце­на­рий­ді нақты бекітіп алғаннан кейін ғана жобаны қолға алған жөн. Әйт­песе, бұл да қыруар қаржы бөліп түсірген «Көшпенділердің» жолын қумасына кім кепіл?!

 

P.S.

Сан емес, сапа қуатын ке­зең жетті. Бұл – бір. Екіншіден, мем­лекеттік маңызы бар жоба­лар­ға асығыстық жүрмейді. Қай мәселеде болса да ұлттық де­ген ұғымды естен шығармаған дұрыс. Сонда ғана ұлт мұратына қол жет­­кізе аламыз. Тарихи та­қы­рып­тың көтеретін жүгі жеңіл емес. Оған «екі шоқып, бір қараған» аб­зал. Үшіншіден, соңғы жылдары «Бо­ла­шақпен» білім алып келген ре­жис­сер жетерлік. Сонда тарихи се­риал түсіруге қазақ режиссер-лері қа­бі­летсіз бе? Біз неге «кадрды» сырт­тан іздейміз?
Әттең, дейсің амал­сыз.