Ақан Сатаев: «Томиристі» көрсе ирандықтар пікірін өзгертеді

«Томирис» фильмінің режиссері Ақан Сатаев туындыны түсірерде тарихшылардан кеңес алған. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Ақан Сатаев: «Томиристі»  көрсе ирандықтар пікірін өзгертеді
© фото Айтжан Мурзанов

Тарих жағынан біздің кеңесшіміз – Алмас Баймұханұлы Ордабаев. Әр түсірілім күнінде ол тарихшы біздің қасымызда болды. Ол кісілерсіз біз бір қадам да жасамаймыз», – деді Ақан Сатаев.

Режиссердің айтуынша, «Томирис» фильмінің сценарийіне Әлия Назарбаеваның да қатысы бар.

«Тимур Жақсылықов екеуі сценарийдің идеясын басынан бастап айтты. Сонымен қатар, айта кетейін: фильмде тағы бір жарқын тұлға бар – ол Кир патша. Мен оны сол заманның ұлы тұлғаларының бірі деп есептеймін. Біз бұл персонажға өте зор құрметпен қарадық. Сондықтан, ирандық көрермендер біздің картинаны көрсе – аса бір уәж бола қоймайды. Себебі, бұр жерде сұрақты Геродотқа қою керек. Бұл – сол тұлғаның айтқаны. Әлемдегі халықтардың 90 пайызы бұл тарихты солай қабылдайды»,– деді Ақан Сатаев.

Еске сала кетсек, «Томирис» фильмінің трейлерін жариялаған кезде режиссер ирандық көрермендердің сынына ұшыраған болатын.

«Достар, «Томирис» фильмінің трейлері шыққан соң, маған Иран азаматтары пікір жаза бастады. Олардың ойынша, біз тарихты бұрмалап жатыр екенбіз, Геродот Томирис патшайымның парсы патшасы Кирге қарсы күресін ойдан шығарған... «Томирис» фильміне сценарий жазарда авторлар бүкіл әлем мойындаған Геродот еңбектеріне сүйенді. Бұл фильммен ешкімнің қытығына тигіміз келмейді, себебі біз шығармашылық киноны қалаймыз. Оның үстіне, өз заманының ұлы билеушісі болған Кир патшаны ерекше құрметтейміз»,– деп жазды А. Сатаев ол сынға қатысты өзінің Instagram парақшасына.

Тақырып бойынша материалдар