Түйіні тарқалмаған қазақ телехикаясы

Газет мақаласы "Айқын" газеті №154

Осыған дейін отандық ар­на­­лардың рейтингін кө­те­ріп, көпшіліктің көзайы­мы­­на айналып келген те­ле­­­хи­каялардың дені өзге елден келді. Олардың эк­ран­ға еркін жол тартатыны сон­шалық, жас-кәрі де­мей, түріктің актер­ле­рін жатқа танып, үндінің құн­ды­лығын құнттап, кәрістің мәдениетін меңгеріп кет­ті. Әдет­тегідей, «Өзі­міз­­дікі қа­шан?» деген сауалдың жауа­бын соңғы 3-4 жыл­дық­­та ғана таптық. Оған да шүкір. Енді отандық ар­­­­­налардан ең көп көр­се­­­тетін сериал­дар­­дың са­пасы қандай? Маз­мұ­­ны көңіл­ден шыға ма? Осы са­­уал­дарды алдымызға көл­­денең тартып көрген едік.

Түйіні тарқалмаған қазақ телехикаясы

Қалай десек те, телехикая бү­гін­де патша көңілді көрер­мен­нің басты сұранысына айналды. Мем­лекет те оған мән бере баста­ды деуге болады. Осыдан үш жыл бұрын мемлекеттік тапсырыспен 16 сериал түсірілсе, биыл 43 те­ле­­­хикая эфирге шығады.

Astana Media Week-тің сериал­дық өнімдерді әзірлеу және шығару тақырыбына ар­нал­ған жалпы отырысында Ақ­па­рат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев осы тақы­рыпты тарқатып еді. «Теле­сериалдар бюджет есебінен қар­жы­ландырылады. Соңғы үш жыл­да бұл көрсеткіш үш есе өсті. Алайда біз мемлекеттік те­ле­арналарға ғана емес, жеке­мен­­шік арналарға да көп көңіл бөле­міз» деді ол.

Министрдің дерегінше, ком­мерциялық телеарналар 2017 жылдан бастап қазіргі уа­қыт­қа дейін мемлекеттік ақ­па­рат­тық тап­сырыс аясында 47 сер­иал түсірген.

Алайда аяғын тәй-тәй ба­сып, көрерменнің көзқуаны­шына айнала бастаған телехи­кая­­ларымызға қатысты сын­-ес­кертпелер де аз емес. Кө­­рер­мен, сарапшылар бүгінгі қа­зақ сериалдарының бірнеше кем­шілігін көрсетіп беріп жүр.

Ондайда, ең алдымен, теле­хи­кая­лардағы сценарийдің әлсіздігі айтылады. Кейіп­кер­лер­дің ауызекі сөйлеу стилінде қи­сынсыз, ұйқаспайтын тұс­тар көрініс тауып жатады. Көрер­мен­ді өзіне бірден баурап ала алмайды. «Шыны керек, қазақ сериалдарының бір-екі бөлімін көргеннен кейін соңы немен аяқталатынын біліп отырасың. Фильм­нің сәтті шығуы – ең бі­рін­­шіден, режиссер, мықты сце­на­рий мен ондағы ойнайтын ак­терлерге байланысты. Кейбір сер­иалдардан әнші немесе өнерге мүлдем қатысы жоқ жан­дар­дың жасанды, жаттанды сөздері, күлкісі, әрекеті бірден көзге ұрып тұрады. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» демекші, нағыз шебер артистер фильмде неғұрлым көбірек бой көрсетсе, сериалдың соғұрлым сәт­ті шыққаны. Өкінішке қарай, кейде отандық өнімдердің кей­бі­рі шетел сериалдарының кө­шір­месі іспетті болып қалады» дейді киносыншы Самал Ермекова.

Отандық сериалдардың тағы бір ақсап тұрған тұсы – салт-дәстүріміздің телехикаяларда көрініс таба бермейтіні дер едік. Тарихқа, тарихи тұлғаларға бай қазақ халқының батырлары жайлы сериал саусақпен санар­лық. Оларға қарап оты­рып қазақ тек махаббат пен отба­сы­лық, әлеуметтік мәселелерден шыға алмайтындай күй ке­ше­­­тіні де жасырын емес. Бұ­ған еңбек тақырыбының да жоқ­­­тығын қосуға бола­ды. Қа­зақ­­тың жүрегі – ауыл­шар­уа­шы­лық саласы. Неге мақтаның маңызы, өсімдіктің өнімі, же­ңіл өнер­кә­сіптің, шаруа қо­жа­­лы­ғының артық­шылығы айтыл­май­ды?

Кино да идеология құралы екенін ескерсек, бұл сала осы тақырыптарға бет бұрмайынша, екі қолға бір жұмыс таппай жүре­тін­дердің қатары кемімейді.

Актер-продюсер Сәбит Әбдіxа­лықов: «Бізде бұл та­қы­рыпта түсірілген кинолар бар. Жақында 10 бөлімді «Топы­рақ­қа тамған тер» сериалы шық­ты. Біртіндеп, бұған да келеміз», – деді. Иә, бұл туынды бізді де қуа­нт­ты. Тек ондағы сюжет сәл ескірек. Дамыған теxнологияны, ғарыштан болжап, дән егуші­лікті, бүгінгі мүмкіндікті көрсе­ту­де телеxикаяның ақсаған жер­ле­рі бар. Идея авторының бұл саланы толық білмейтіні, соңғы жаңа­лықтардан xабарсыздығы көрініп тұр. Бірақ бастама үшін жаман емес. Жүрекке жететін жері көп.

Режисерлердің қаржы жет­­­пей­тін, уақыт аздық ете­тін, асы­ғып түсіре салатын сал­­ғырт­тығын сценаристің ма­ғы­на­лы мәтіні құтқарып қалған.

Бұл – аз. Қайткен күнде де отан­­­­дық телехикаяларымызға осын­­­д­ай тың тақырыптар керек-ақ.

Сериал нарығындағы ком­­паниялардың көбейіп, олар­­дың көбіне өз команда­ла­ры­­мен жұмыс істеуі де көптің на­за­­рын­да­ғы мәселеге айналып отыр.

«Қазақстан» АҚ Басқарма төра­ғасы Ләззат Танысбай «Сериал өндірушілермен мәсе­ле­лерін талқылаған кезде ең алды­мен бәрі баға жайын айтады. Бәрі де салықтық жеңілдікті сұ­рай­­ды. Өз кезегімізде телеарна тарапынан сериал түсірушілерге деген талаптарымыз, айтар сы­ны­­­мыз бар. Мен оларға «соңғы жыл­дары барлық арнада бір ұзын ­­сонар мелодрама жүріп жат­қан секілді» деймін. Сол баяғы актер­лар – шамамен 10-15 адам барлық сериалда түсе береді. Сол баяғы режиссерлер. Режиссердің стилін танып қойғаннан кейін көрерменнің көргісі де келмеуі мүмкін» деген еді.

Бірақ бұл пікірмен режиссер Мұрат Бидосов келіспейді. Оның айтуынша, кино мен теле­­хикаяның арасы екі бөлек дүние. «Олар бір-бірімен туыс­қан болса да, арасы жер мен көк­тей. Киноның қаражаты көп бо­луы мүмкін, ал телехикаяның бюд­жеті аз. Әрі телесериалды ай­лап жүріп түсіретіндіктен, оны түсіретін топтың бір-бірімен тіл табысқаны дұрыс. Түсіру тобы­ның бір-біріне үйренген адам­дар болғаны жөн. Ал нақты ак­терлер қайталанып жатыр де­ген­ге келіспеймін» дейді.

Бірнеше сериалдың про­­дюсері Нартай Өтегеновтің де пікірі осыған саяды. «Әр те­­ле­­­хикаяға нақты қанша қар­жы бөлінетінін айтпай-ақ қо­я­­йын. Ол – өте аз. Біз қазір түр­­­­лі қиындықтарға қарамастан ең­бек етіп отырмыз. Мәдениет министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ке­лісе отырып, салық жағын азай­­ту­ды қолға алуы керек. Бір сөз­бен айтқанда, бұл теле­се­риал­­дарға бөлінген қаржы қал­та­ны көтермейді» дейді ол.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйі­ні, дәл бүгінгі отандық теле­хи­каяларда кейіпкер жақсы адам болса, өте жақсы, егер жа­ман болса, ол кейіпкер сериал біт­кен­ге дейін ең жаман адам болып жүреді. Шашыраңқы оқиға же­лі­сі мен тосын оқиғалардың азды­ғы мәселесі тағы бар. Сайып кел­генде, бұл мәселелердің бар­лы­ғы жобаға бөлінген қаржының жет­кіліксіздігіне келіп тіреліп отыр.

Дегенмен күн санап саны өсіп келе жатқан қазақ сериал­дары­ның аяқ алысы жаман деу­ге келмес. Сапа жағына көбі­рек көңіл бөлсек, экраннан әлі де түспей тұрған шетелдік сериалдарды басып озады деген ойдамыз.

 

Ақбота ӘЛІМ