«Актерлер үйі» бұзыла ма?

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 4

Түркістанда театр саласының саңлағы Райымбек Сейтметовтің бір топ шәкірттері өздерінің көп жылдан бері тұрып келе жатқан пә­терлерінен айырылып, «баспанасыз қаламыз ба?» деп уайым ше­гіп отыр. Тарқатып айтқанда, ел аузында «Актерлер үйі» аталып кет­кен үйде тұратын Райымбек Сейтметов атындағы Сазды-драма теат­рының актерлері редакцияға хабарласып, осы кезге дейін тұрып жат­қан тұрғын үйлеріне иелік ететіндей құжатқа қол жеткізе алмай ке­ле жатқанын жеткізді. Оған себеп, 2004 жылы салынған үйдің құ­жаттары көп уақытқа дейін заңды тұрғыда реттелмегені болып тұр.  

«Актерлер үйі» бұзыла ма?

Мәселенің мәнісін көзбен кө­ріп, анық-қанығын білмек мақ­сатта қаланың теміржол вок­залы аумағында орналасқан Саз­ды-драма театр орналасқан ғи­мараттың тап іргесінен орын теп­кен «Актерлер үйіне» ат басын бұр­дық. Бардық, көрдік, біраз мә­селенің барын білдік.

«Актерлер үйінің» мекенжайы бұрын Тәуке хан даңғылы №5-үй бо­лып белгіленіп келген екен. Бү­гінде қала облыс орталығына ай­нал­ғалы Тәуке хан даңғылы №9-үй деп өзгеріпті.

Жалпы, актерлер үшін са­лын­ған бұл үйдің сыртқы пішімі мен сәу­леті ерекше дизайнмен адам қы­зығарлықтай етіп безендірілген. Сұ­рап білгеніміздей, актерлер тұ­ра­тын тұрғын үймен ортада ар­ка арқылы жалғасып салынған ғи­марат көзге ерекше түсіп тұр. Ол актерлердің жұмыстан соң қол­дары босаған кездерінде бір мезгіл алдағы көрсетер қойылымдарына емін-еркін алдын ала дайындық жасау үшін салынған нысан болып шықты.

 

О баста құжат дұрыс реттелмеген

Актерлер тұрған үйдің де мәнісі кетіпті. Көзге сыртқы по­шымы оғаш­тау көрінеді. Ғи­ма­­­раттың көше жағындағы тере­зе­лері қира­ған.

Бізге бұйымтайын жеткізген Түр­кістан облысы мәдениет бас­қармасының «Райымбек Сейт­ме­тов атындағы Түркістан қа­ла­сының Сазды-драма театры» мем­лекеттік коммуналдық меке­ме­сінде қызмет істеп жүрген актер­лер мұнда 15 жылдан бері тұрып келе жатыр. Бұлардың барлығы дер­лік Райымбек Сейтметовтың Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың қа­бырғасында ашқан Өнер фа­куль­тетінде білім алған алғашқы шә­кірттері. Актерлік мамандықты біті­ріп, баспанасыз жүрген жас ма­мандар, «жас отбасылар бас­па­­насыз қиналмасын, жан-жаққа бы­тырап, тарап кетпесін» деп, «ак­терлер үйін» сол кездегі қала әкі­мімен келісіп салдыртқан екен.

Тұрғындарды әңгімеге тарт­қа­нымда Нұржан және Рауан есім­ді актерлер мен тұрғын үйдің құ­жаттарымен атсалысып жүрген Айнұр (жолдасы актер) бірқатар жайт­тың басын ашып берді.

Олардың айтуынша, «Актерлер үйі­нің» құжаты о баста дұрыс рет­телмеген. Екі қабатты, 18 пә­­­терлік етіп салынған үйде 12 ак­тер (10 пәтер екі бөлмелі, 2 пә­тер үш бөл­мелі) тұрады. Тағы бір пә­тер­де тірі кезінде театр жетек­ші­сі Райымбек Сейтметовтің өзі тұрған. Бүгінде ол пәтер Р.Сейтметов атындағы мұра­жайға айналған. Ал қалған 4 пәтерінде қалалық әкімдіктің есебінен басқа тұрғындар тұрады.

Айта кету керек, о баста бұл ғи­марат салынғанда түркістандық аза­маттың иелігіндегі жер бол­ған­­дықтан, жаңа үйді салып бі­тір­ген соң келісімге сәйкес, бір пә­терді соған берген. Ол пәтер кә­сіпшілікпен айналысатын дүкен бо­лып тұр.


Қызығы, бұл үй еліміз бойын­ша, тіптен ТМД аумағында «актер­лер үйі» деп арнайы салынған бір­ден-бір тұрғын үй екен.

Рауан есімді актердің мә­лі­­­­метінше, театрға басшылық етіп жүрген ұстаздары бұларды бас­­паналы етіп, артынан белгілі уа­қыт­тан соң өздері тұратын пәтерді заң­ды тұрғыда өздерінің жеке иелігіне жекешелендіріп бергісі кел­ген. Райымбек Сейтметов 2007 жылы өмірден озған соң шә­кірт­теріне тіптен пәтерде тұру үшін қолдарына заңдастырылған құжат алудың өзі мұңға айналған. Өйткені әуел бастан ғимарат са­лын­ған жер орнының құжаты да дұрыс реттелмеген. Тұрғындар тек коммуналдық қызметке, яғни су, электр тогы, жылу, т.б. қажетті тө­лемдерді түрлі жолдармен тө­леп келген. Ұстаздары өмірден оз­ғанға дейін тұрғын үйдің жы­лы­ту қазандығы жап-жақсы жұ­мыс істеп келген. Көзі тірісінде Райым­бек Ноғайбайұлы қыста тоңып қалмасын, ашықпасын деп театр қызметкерлеріне жағдай жа­саған. Алайда 2007 жылдан соң жылу беретін орталық қазан­дығы (котельная) жұмысын тоқ­та­тып, артынан ғимарат ат қо­­­­раға айналғандай кейіпке түскен. Содан көп жылдар бойы қол­дары­на пәтерге иелік ететіндей дұрыс құжат түспеген.


Әкімдердің ауыс-түйісі қолбайлау болған

Актерлердің айтуынша, олар жыл­дар бойы жалғасып келе жат­қан баспана жырын қозғап, әлеу­меттік желілерде және түрлі БАҚ-та мәселе етіп көтеруге түр­кіс­тандық актерлер мен ұстаздары «Райымбек Сейтметовтің атына ұят келе ме?» деп қысылып-қым­ты­ры­­лып келген. Алайда бас­па­­наның жыры бітпеген соң, амал­сыздан журналистерге хабар­лас­қан.

«Ұстазымыз Райымбек Сейт­метов үлкен азаматтық жасап, өзі­нің шәкірттері біздерге осы «Ак­терлер үйі» атауымен аталып кет­кен ғимаратты сол кездегі Түр­кістанның әкімі Ө.Әметұлына қолқа салып, салдырып берген еді. Қала әкімінің тапсырмасымен 2004 жылы кереметтей етіп осы ғи­маратты бітіріп берді. Сол жыл­дың қара күзінде сол кездегі об­лыс әкімі Б.Жылқышиевтің қо­лынан «Актерлер үйінің» кілтін «Көк түріктердің» киімін киіп, салтанатты түрде алғанбыз. Теле­ди­дар, газет, журналдардан Түркістанда «Актерлер үйі» са­лы­нып, оны театрдың әртіс­те­ріне пә­тер ретінде берді деп жария етті. Бірақ бұл үй «Актерлер үйі» атал­ғанымен, заң жүзінде оны рас­тайтын ешқандай құжат болған жоқ. Үй қолданысқа берілгелі үй­дің шешілмейтін мәселелері кө­бейді», – дейді Нұржан.

Тұрғындардың айтуынша, 15 жыл ішінде қаншама әкімдердің ауыс-түйісі де қолбайлау бол­ған.

Дегенмен қала әкімі болған Ә.Өсер­баевтың қызметтік пәтер беру туралы Түркістан қаласы әкім­дігінің №742 қаулысына сәй­кес қызметтік пәтер ретінде жә­не азаматтарға тұрғын үйге ор­на­ласуға ордер берілсін деген қаулы бойынша уақытша болса да 2015-2016 жылдары аталған үйге иелік ететін құжатқа қол жеткізіпті.

«2004 жылы баспананы ал­ған соң бізге ордер берілуі ке­рек еді. Алайда жер телімінің құ­­­­жатында шикілік болған соң, ол дер кезінде беріле қоймады. Кейін әкімдік уақытша ордер бер­мек болды. «Уақытша ордер ал­сақ, кейін атымызға жекеге аудара ал­май қаламыз ба?» деген күдігіміз бол­ды. Былтыр жекеге аудару үшін әр пәтерге 4-5 млн теңге со­ма­сында төлеттірмек болдық. Бі­рақ ол сома пәтерлердің шар­шы метріне сәйкес дұрыс есеп­тел­меді және бастапқы қолма-қол төлейтін пайыздық төлемге қар­жы табу қиын болды. Содан ке­лісе алмадық, артынан тіптен бе­рілмейтін жағдайға жетіп отыр», – дейді олар.


Жеке үй салуға мүмкіндік жоқ

Сондай-ақ тұрғындар былтыр күз­де облысқа кезекті жұмыс са­пар­ымен келген еліміздің Премьер-министрі Асқар Мамин темір­жол вокзалына жақын маңда ор­на­ласқан «Нұртас Оңдасынов» ал­леясына ат басын бұрғанда жол бойында кешенге жақын орна­лас­қан «Актерлер үйінің» тозығы жетіп тұрған келеңсіз жағдайын сынға алыпты дегенді айтты.

Тұрғындар тіптен бұл ғимарат бұ­зылып кетпес пе екен деген кү­мән­ін де айтып қалды. Егер бұл ғимарат түрлі жағдаймен бұзы­лар болса, онда далада қалып қой­май­мыз ба деген уайымы бар еке­нін де жеткізді.

«Халыққа қызмет көрсетіп, театрда жұмыс істеп жүрген өнер адам­дарының жеке үй салуға еш­қандай мүмкіндік жоқ. Ал бір күні бұл үйден бізді шығарып жі­беруі де ғажап емес. Сонда бүкіл өмірін өнерге арнаған театр қыз­мет­кер­лері жанұясымен қайда барып, кім­нен пана сұрайды? Егер үй же­ке атымызда болса, ешкімге жал­тақтамай, алақан жаймай, өз кү­німізді өзіміз көрер едік. Біз осы үйде тұрғанымызға 15 жыл бол­ды, заң жүзінде пәтерімізді жеке ба­сы­мызға аударып алатын уақыт бол­ды. Бізге жекеменшік иесін тану қаулысын шығарып берсе дей­міз», – дейді актерлер.

Мәселенің анығын білмек бо­лып қалалық әкімдіктегілерге хабарлас­тық.

Түркістан қаласы әкімдігінің Тұр­ғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Әбутәліп Асановтың мә­ліметінше, «Актерлер үйі­» тұрғындарының атына жеке­ше­лен­діру мәселесі бойынша қала бас­шысына ұсыныс беріліпті. Сон­дай-ақ әзірге бас жоспарға сәй­кес ол жерге басқа әлеуметтік ны­сан түсуі де мүмкін. Егер бұзы­ла­тын болса, онда оларға басқа қызметтік пәтер берілетін болады. Сондықтан шамалы күту керек де­генді алға тартады.

«Түркістан қаласы Тәуке хан даңғылы №5 мекенжайда ор­на­ласқан «Актерлер үйі» Түркістан қа­ласы әкімдігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бө­лімі» мемлекеттік мекемесінің тең­­герімінде. Бұл ғимаратқа 12.10.2015 жылы Түркістан қаласы әкімдігінің №1427 қаулысына сәй­кес қызметтік пәтер ретінде Саз­ды-драма театрының актерлеріне беріл­ген. Аталған ғимаратқа 23.02.2009 жылы Түркістан қаласы әкімдігінің №63 қаулысына сәйкес жер телімі бекітіліп берілген. Со­­нымен қатар Түркістан қа­ла­сы Тәуке хан даңғылы №5 мекен­жай­да орналасқан «Актерлер үйі­нің» жер телімі мемлекеттік мұқ­таждығы үшін мемлекеттік қорға қай­тарылған жағдайда «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 105-бабына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан басқа тұрғын жай беріледі.

Биыл бұл ғимаратқа күр­делі жөндеу жүргізу немесе мем­лекет мұқтаждығы үшін қайта­рылуы жөнінде қабылданған ше­шім қосымша хабарланатын бо­лады», – дейді мемлекеттік мекеме бас­шысы Әбутәліп Асанов.


Түркістан қаласы