Бас қалада халықаралық балет фестивалі басталды

Маусымның 4-16 күндері «Астана Балет» театрының сахнасында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Eurasian Dance Festival» III халықаралық балет фестивалі өтеді. Бұл күндері әлемдік классика жауһарлары, халық шығармашылығы мен қазіргі заманның белді хореографтары қойған соңғы премьералар көрермен назарына тарту етіледі.

Бас қалада халықаралық балет фестивалі басталды
Фото: Советбек Мағзұмов

Халықаралық фестивальге Берлин, Прага, Токио, Санкт-Петербор, Киев пен Нұр-Сұлтанның әйгілі театрлары мен би ұжымдары қатысады.

Фестиваль «Астана Балет» театрының өткен маусымдағы премьерасы – отандық хореограф Мукарам Авахри қойған «Саломея» балетімен ашылды. Оның хореографиясы мен көркемдік тұжырымдамасы Оскар Уайльдтың осы аттас пьесасына негізделген. Әйгілі жазушы жас патшайым Саломея мен Иоанн пайғамбар туралы көне библиялық сюжетті өзінше тәпсірлеп, адам баласының пендәуи болмысын ашады. Түрлі би техникаларын жетік меңгерген театр әртістері балетмейстердің батыл хореографиялық идеяларын жүзеге асыра алды. Түрік композиторы Фазыл Сайдың жан тебірентер музыкасы, Денис Солнцевтың жарықты қолдану тәсілі осы байырғы әпсанаға жаңа, заманауи рең бергендей. «Саломеядан» бөлек, неміс хореографы Раймондо Ребектің теарға тарту еткен «Өткенге саяхат» бір актілі балеті де көрсетілмекші.

Ал, 6-маусымда сахнада Павел Вирский атындағы Украина ұлттық би ансамблі өнер көрсетеді. 1937 жылы құрылған ұжым күллі әлем көрермендері мен сыншыларының назарын өзіне аударта білді. Украин халқының мұрасын жинақтап, оны сақтап келген ұжым ансамбль биінің дәстүріне берік. «Тағдыр іспетті би» деп аталатын бағдарламаға Павел Вирский мен оның мұрагері Мирослав Вантухтың үздік билері еніп отыр.

Жапон халықаралық балет компаниясы (JIBC) «Пері» және «Zero body» балеттерін 10-маусымда көрсетеді. Жапон дәстүрлі бишілері мен ұлттық фәлсәфа қуатын біріктіре отырып, бірегей өнер туындыларын жасау арқылы олардың шығармашылық келбеті қалыптасты.

Мариин театры премьерлерінің «Dance. Dance. Dance» жобасы фестивальдің 12-маусымдағы бағдарламасында көрермен назарына ұсынылады. Балет әлемінде «би серілері» атанған Игорь Колб, Данила Корсунцев пен Евгений Иванченко үш авторлық бір актілі балетте өздерінің актерлік әрі бишілік қабілетін паш етпек.

14-маусым – Чех ұлттық балеті «Славян темпераменті» бағдарламасын тарту етеді. Ал 15-маусымда «Астана Опера» театры өз сахнасында «Жизель» балетінің премьерасын өткізеді. Сюжет – виллистар жайлы аңызға құралған. 16-маусымда «Астана Балет» театрының сахнасында фестивальдің салтанатты жабылу рәсімі мен Әлемдік балет жұлдыздарының гала-концерті өтеді.

Фотоларды түсірген Советбек Мағзұмов.

10фото